Алғыр агроном, беделді азамат

Алғыр агроном, беделді азамат

Қостанай ауданының 100 жылдық мерейтойына арналып дайындалған «Ғасыр белестері» кітабына ауданымыздың ардақты азаматтарының естеліктері еңгізілген болатын. Өткеннен сыр шертетін әңгімелермен оқырмандарымызбен бөліскеді жөн көрдік.

Ол 1951 жылы Қостанай ауданына қарасты Рыспай ауылында кіндік қаны тамған. Сатыбалды Қабиұлы біз сөзбен туған жерінің нағыз патриоты десе болады. Білім алып, мамандық иесі атанып, зейнетке шыққанша бір ауданнан табан аудармай еңбек еткен бірден-бір азамат.

«Мектеп бітіріп, Заречныйдағы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының филиалына оқуға түстім Агроном мамандығын игеріп, «Заречный» өндірістік тәжірибе шаруашылығының №1 бөлімшесіне жұмысқа тұрдым. Одан сондағы комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқардым», – деп өткенге шегініс жасады ол.

Еңбекқорлығымен, белсенділігімен көзге түскен оны 1979 жылы аудандық компартияның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп тағайындады. Жақсы маман жерде қала ма, ол осылайша қыз-
мет баспалдағымен өсе берді.

«1982 жылы партия комитеті хатшысының тапсырмасымен Гагарин атындағы оқу шаруашылығына (қазіргі Садчиковка ауылы) партия ұйымының хатшысы болып бардым. Онда ауыл шаруашылығы институтының студенттері іс-тәжірибеден өтетін. Кеңшардың директоры әрі Жоғарғы кеңес депутаты Арнольд Бергерь деген кісі болатын. Дүркіреп тұрған кеңшар еді. Егін сеуіп, көкөніс өсіретін. Мал шаруашылығы өнімдері де өндірілді. Қаз фермасы болды. Өндірістен үнемі алдыңғы қатарда жүретінбіз. Кезінде совхоз басшылары ауылына жанын да, барын да салып жүретін. Директорлар бүкіл ақшасын жұмсап, өздері тұратын өлкені озық етуге тырысты. Әр кеңшар, шаруашылықтар аудандық спартакиада өткізіп тұратын. Соған бәрі мықтап дайындалатын. Ауданда ең бірінші стадион Заречныйда, екіншісі Гагарин атындағы оқу шаруашылығында салынды. Соның арқасында ауылдардан жақсы спортшылар шықты», – дейді С.Байғабылов.

В.В.Сидорованың көзіне түскені сол кез еді. Жас жігіттің талабын танып, басқа жауапкершілігі ауыр жұмыстарға салып көрді. Үмітін ақтады, сүрінген жоқ.

«Республиканың бірінші басшылары ауданға жиі келіп-кетіп жататын. Сондайда істелген жұмысқа риза болса, «мұнда не жоқ, неге қажеттілік бар?» деп сұрайтын. Димаш Ахметұлы Қонаев жұмыс сапарымен осында табан тіреген еді. Тиімді сәтті Вера Васильевна жақсы пайдаланып, керек дүниелерді сұрады. Мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандар сол кісінің кезінде бой көтерді. Ал қазір Тобыл қаласының аумағы кеңейген, көптеген нысан салынды. «Жаңару» саябағы, спорт кешендері, бәрі-бәрі аудан орталығына көрік беріп тұр», – деп аудан орталығының өткені мен бүгінгі келбетін салыстыра әңгімелейді.

Сатыбалды Қабиұлын 1988 жылы Заречный ауылдық советінің төрағасы қызметіне ауыстырды. Бір жылдан кейін осындағы ауыл шаруашылығы жұмысшыларының біліктілігін арттыру республикалық мектебінің директоры болып тағайындалып, 1992 жылға дейін істеді. Осы кезеңде бірнеше тұлғамен тығыз байланыста жұмыс істеді. Үлкендерден үйренді, жастарға жол көрсетті.

«Өңірді дамытуға үлес қосқан азаматтардың арасынан Төленов Садық Байғазыұлын ерекше айтқым келеді. Аудандық парткомның идеология бөлімін басқарды. Адольф Сергеевич Степаненко, Андрей Петрович Яуфман, Виктор Иванович Двуреченский сияқты мықты азаматтармен қанаттаса жұмыс істегенімді мақтан тұтамын», – дейді өзі.

«Отан» партиясы (қазіргі «Аманат») құрылғанда аудандық филиалының төрағалығына сайланып, бірнеше жыл бойы тұңғыш президент жүргізген саясаттың насихатшысы болды. Партияның алғашқы съезіне делегат ретінде қатысу мәртебесі бұйырғанын да айта кету керек. Ерекше еңбегі бағаланып, партия төрағасының атынан медаль берілді.

1992-2015 жылдар аралығында Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің (бұрынғы техникум) директоры болып еңбек етті. Саналы ғұмырындағы жарқын сәттер туралы естелігі: «Қостанай ауыл шаруашылығы колледжі – аудандағы ең көне оқу орындарының бірі. Оның негізі 1942 жылы қаланған. Соғыс жылдары Сухум (Абхазия астанасы) субтропикалық институтын Қостанайға көшірді. Қазіргі облыс әкімдігінің ғимараты орналасқан жерде оқу орнының ескі ғимараты болды. Колледж ашу ісі сол жерден, сол кезден басталған. 1970 жылдары Заречныйда техникумның заманауи үлгідегі ғимараты тұрғызылды. Агрономия, ветеринария мамандарын даярлайтын қуатты оқу кешені болды деп айтар едім. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезінде Затоболдағы училищемен біріктірілді…

«Ширек ғасырға жуық уақытта көптеген бастаманың басы-қасында жүрдім. Қостанай ауыл шаруашылығы колледжі алғашқылардың бірі болып дуальді оқыту жүйесіне көшірілді. Қостанайдан ауыл шаруашылығы, елордадан политехникалық, Шымкенттен бухгалтерлік есеп жөнінен және Маңғыстаудан құрылыс колледждері таңдалған еді. Осы бағытта мамандарды даярлау үшін Германияға 20 оқытушыны тәжірибе алмасуға екі аптаға жібердік. Ал қазір басшының міндетін атқарып жүрген Ә.А. Бошанов екі ай оқып келді. Германиямен тығыз байланыс орнатқан Қостанайдағы жалғыз колледж едік. Бар білген-түйгенімізді кітап етіп шығардық.

Қазақстан делегациясы құрамында Сауд Арабиясына барып, кадр даярлау саласындағы тәжірибемді бөлісіп келдім. Бұл да мен үшін бір бақыт. Колледждегі жұмысым осындай керемет сәттерімен есте қалды».
2015-2017 жылдары «Затоболец» стадионында директоры, 2017-2019 жылдары Қостанай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, содан кейінгі тағы бір жарты жылдай аудандық мәслихат хатшысы қызметтерін атқарды. Мәслихатта 3 шақырылым депутат болғанын да айта кеткен жөн.
С.Байғабылов Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Білім саласының құрметті қызметкері, Тәуелсіздік мерейтойларына арналған медальдардың иегері.

Зайыбы Байғабылова Ғайнижамал Нұрғожақызы медицина саласында 30 жылдан артық жемісті еңбек етті. Заречныйда балалар дәрігері болып, кейін амбулатория меңгерушісі қызметін атқарды. «Денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері» деген атағы бар.

Ел сыйлаған азамат жарымен бірге бүгінде үш перзентінен алты немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі қызмет істейді.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!