«Коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеу схемасы бар»
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.
Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.
– Президент коррупцияға қарсы қатаң және аяусыз күресті күшейтуді тапсырды. Жуырда болған оқиғалар осы індетті жою үшін нақты және жүйелі шаралар қажет екенін көрсетті. Осыған орай Мемлекет басшысы 2 ақпанда жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа концепциясын бекітті, – деді төраға.
Концепция коррупцияның себептерін жоюға, жемқорлыққа деген парагдигманы өзгертуге, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасы арқылы 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 Кодекске түзетулер көзделіп отыр.
Марат Ахметжанов заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
Біріншісі, негізсіз баюға жауаптылықты қарастыру. Ұсынылып отырған норма жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінің маңызды бөлігі. Жасыратыны жоқ, коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сол себепті азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет, – деді Антикор басшысы Мәжілісте.
Осыған байланысты агенттік қолданыстағы заңнамада көзделген 10%-дық жеке табыс салығынан басқа, (Салық кодексі 72-бап) мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1 000 айлық көрсеткіштен асып түссе, фискалдық санкция қаралады, атап айтқанда, 3 млн теңгеден асса. Яғни айырмашылық сомасының 90%-ы әкімшілік айыппұл ретінде қайтарылады. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса, мансаптық жаза қаралады, – деп түсіндірді Ахметжанов.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады. Бұл ретте, әрбір жағдайда заңдылығын түсіндіру мүмкіндігі беріледі.
Жемқорлық деректерін хабарлағандар қалай қорғалады?
– Сонымен қатар, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесі әзірленеді,- деді Марат Ахметжанов.
Осы мақсатта:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адамды келісу комиссиясының ұсынымынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартуға немесе лауазымынан босатуға немесе басқа лауазымға ауыстыруға болмайды деп бекітілсін;
– Адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жәрдем көрсетуі туралы ақпаратты, оны жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізе отырып, құпия ақпаратқа жатқызсын;
– Құқықтық олқылықтарды жою және қылмыстық процеске қатысатын адамдарды қорғаудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіру мақсатында қолданыстағы нормалардың кемшіліктерін болғызбайтын түзетулер кешенін енгізуге міндетті.
Мәжіліс отырысында Марат Ахметжанов шетелге заңсыз кеткен қаражатты қайтаруға қатысты да түсінік берді.
«Президент заңсыз кеткен капиталды шетелден Қазақстанға қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Осы орайда халқымыз нақты әрі қарқынды нәтижені күтіп отыр. Біріншіден, аталған заңда қандай нақты тетіктер бар? Екіншіден, шетелдегі қандай құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін?», – деп сұрады мәжіліс депутаты Е. Саиров. Өз кезегінде Марат Ахметжанов бұл мәселеде қылмыстық іс қозғалуы керек екенін жеткізді. «Оған (шетелдік құзырлы органдарға) құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жіберуіміз керек. Екі жақпен, яғни сол елмен құқықтық келісім болуы керек. Біз санкциялап, тиісті сұраныс жібереміз. Бұл тұрғыда шетелдегі құқық қорғау органдары мүлікті (заңсыз шығарылған) зерделейді. Осы орайда біздің сұраныс бойынша санкциялап, шектеу қойылуы тиіс. Бұдан кейін сотталған кезде, бүкіл дәлелдерін берген кезде, заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда, олар бізге қылмыстық процеспен толық қайтаруға мүмкіндігі болады», – деп түсіндірді агенттік басшысы. Оның айтуынша, заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі бойынша Бас прокуратураның бастамасымен тиісті топтар құрылды. Оның өкілетті органы – Қаржылық монитринг агенттігі, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Сол жұмыс аясында заңға сәйкес тәсілдер ескерілген.
Добавить комментарий