Қостанай ауданының прокуратурасына санитариялық нормалардың талаптарын бұзу фактісі бойынша заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған кәсіпкер жүгінді
Аудандық прокуратура жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ бұл фактіні анықтап, құқық бұзушылыққа дереу жауап берді.
Осы жылдың қысында Қостанай ауданы санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері сағат 22: 00 – ден кейін жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асырғаны үшін кәсіпкерді жауапқа тартты.
Бәрі бір қарағанда дұрыс.Уақытша шектеуді бұздыңыз ба – айыппұл төлеңіз. Алайда бұл жерде кәсіпкердің пайымы дұрыс болып шықты.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық құрамы үшін такси қызметін сағат 22-00-ден кейін жүзеге асыру қажет (Қостанай облысы бойынша бас санитариялық дәрігердің 2020 жылғы 5 қарашадағы № 54 «Карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» қаулысының 2-тармағының 17) тармақшасы).
Іс жүзінде кәсіпкер жұмысты жүзеге асырмаған, ол автокөлік доңғалағының ақауына байланысты Тәуелсіздік және Калабаев көшелерінің қиылысында тұрып қалып, өздігінен ақауды жөндемек болған, содан кейін үйіне қарай бет алған.
Алайда Қостанай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдау үшін материалды уәкілетті органға жолдаған.
Аудан прокуратурасының шаралар қолдануы арқылы жоғарыда аталған заңсыз қаулының күші жойылып, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.
Кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда олар прокуратураның жанындағы мобильді топқа Тобыл қаласы, Тәуелсіздік көшесі, №66 мекенжайына немесе 8 -777-619-39-78,сондай-ақ 2-17-30 телефондары бойынша жүгіне алатыны туралы естеріңізге саламыз.
Жанүзақ ТАҢАТҚАН,
Қостанай ауданы прокуратурасының аға прокуроры
Добавить комментарий