Цифрландыру: жұмыс жеміссіз емес

Цифрландыру: жұмыс жеміссіз емес

Қазір ел экономикасын цифрландыруға баса назар аударылып отыр. Бұл қарқынды жұмыс Қазақстанның бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жетудің негізгі құралы — «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

Цифрландыру ұлттық экономиканың қозғаушы күші әрі тұрақты жұмыс орындарын құрушы салаға айналып келеді. 2018 және 2019 жылдары аталған бағдарламадан түскен жалпы экономикалық пайда 600 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, көлік және тау-кен металлургиясы салаларында цифрлы технологияларды енгізуде айтарлықтай елеулі жетістіктер бар. Ақпараттық технологиялардың одан әрі интеграциялануы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 30 елдің қатарына енуі үшін және отандастардың әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды.
Электронды еңбек биржасы сәтті жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде жұмысқа орналастыру процесі айқындала түсті. 2019 жылы электронды еңбек биржасы арқылы 488 мыңнан астам жұмыс іздеуші еңбекке тартылған, олардың ішінде 350 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жалпылай алғанда, былтыр «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 мың жұмыс орны құрылған.
2019 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік еңбек саласында 9,8 млн астам қызмет көрсетілген, ал мемлекеттік қызметтердің 80% электронды форматта ұсынылған. ҚР Үкіметінің есептеуінше, цифрлы жобаларды іске асырудың арқасында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер шамамен 862,2 млн теңге үнемдеді. Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдалану кезіндегі шығындарды үнемдеу 292,4 млн теңгеге жеткен (дереккөз: primeminister.kz).
Отын-энергетика және тау-кен металлургиясы кешендерінің кәсіпорындарында да цифрлы технологиялар енгізілуде. Соның нәтижесінде электр энергиясын тұтыну шығындарын 15%-ға дейін оңтайландыруға, өндіру деңгейін 2%-ға дейін тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, кен орындарын орталықтан басқаруды және қашықтан бақылауды, ұңғымалар мен кәсіптік жабдықтар жұмысын оңтайландыруды қамтамасыз етуге мүмкінді берді.
Темір жолдағы ақаулар мен рельстердің кемшіліктерін уақытылы анықтау есебінен пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін «Магистраль» автоматты басқару жүйесін енгізу» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта магистральды желілердің инфрақұрылымы 3 мобильді диагностикалық кешен (МДК) арқылы тексеріліп келеді. Үкімет тағы 3 МДК құрастыруды жоспарлап отырғанын жария етті. Өткен жылы аталған кешендер көмегімен шамамен 19 мың шақырым жолға диагностика жасалып, 190 шақырымнан астамы «қанағаттанарлықсыз» екенін анықталған. Сонымен бірге, істен шығуға шақ қалған 85 рельстер ретке келтірілген.
Қазақстанның ақпараттық технология нарығына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі соңғы 2 жылда шамамен 32,4 млрд теңгеге жеткен.
«Біздің бағдарламалар Қазақстанның стартап-жобаларының қаншалықты жақсы екенін және олар дамыған халықаралық стартап-экожүйенің деңгейіне жақын екенін көрсетіп берді. Жобаларымыздың сапасын зерттей келе, инвестицияларымыздың өтелгенін айтуға болады», – дейді Astana Hub АT-стартаптардың халықаралық технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер (дереккөз: primeminister.kz).
Қазір мемлекеттік қызметтердің көбі электронды түрде көрсетіліп келеді. Солайша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетіле түсті. Жұртшылықтың бұрынғыдай ұзын-сонар кезегін де сирек көретін болдық. Жалпы, бүгінде Мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 қызмет түрі бар, оның 580-і немесе 80,2% электронды түрде көрсетіледі. Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл туралы: «Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтер саны 17-ге (740-тан 723-ке дейін) қысқарды», – деп айтып өтті. Тағы бір тиімділігі – қағаз түріндегі құжат айналымы 70,8 млн құжатқа қысқартылған.
Енді денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөнінде айтайық. Бүгінде 17,9 млн (95,7%) қазақстандықтың медицина мекемелерінде электронды паспорттары бар. Қабылданған шаралар халыққа денсаулық сақтау қызметтерін көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ, дәрігерлердің еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. Электронды сервистер көмегімен алдын ала жазылу арқылы емханалардағы кезектер 30% дейін қысқарған. Талдау нәтижелерін алу уақыты 1,8 есеге (7 сағаттан 4 сағатқа дейін) кеміді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерді ауылдарда енгізу және электронды паспорттармен қамтамасыз ету деңгейін 100% дейін жеткізу жұмыстарын жалғастырамыз деп отыр.
Білім беруді цифрландыру аясында да тындырылған іс аз емес. Оқушылар электронды күнделіктер мен журналдарды пайдаланып отыр (7014 мектептен 6703-і). Мектептердің 90%-ы (6336 мектеп) жылдамдығы 4 Мбит/сек және одан жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 78,5% қабылдау кезегі электронды жүргізіледі. Сондай-ақ, мектептердің 70,3% оқушыларды онлайн
қабылдайды.
Білім беру жүйесін цифрландыру ауыл мен қала мектептеріндегі айырмашылықты 30% астам қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл туралы сала министрлігі хабарлады.
Өңірлерде ІТ бағыты бойынша білім беретін білім ошақтары ашылып жатыр. Қостанай да қалыс қалған жоқ. 2018 жылы 1-қыркүйекте облыс орталығында «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты оқушылары алғашқы қоңырауын соқты.
«Озат» IT-лицей-интернаты 200 орынға шақталған. Мұнда облыстың түкпір-түкпірінен келген балалар білім алады. Оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайды. Мектептің оқу жоспарында «Роботты техника», «Веб-дизайн және бағдарламалау», «3D модельдеу», «Компьютерлік графика», «Мультимедиа, графика және анимация технологиясы» курстары қамтылған.
«Мектепте сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық база жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған. Оқу үдерісіне STEM (Science, Technology, Engineering, Math) кіріктірілген оқыту бағытымен халықаралық стандарттарға негізделген. Балалар квадракоптерлерді құрастырып, мехатроника бойынша жиынтықтарды, 3D сканер және 3D принтерде бөлшектерді сканерлейді және басып шығарады. Ақылды үйге керек бөлшектерді дайындайды және лазерлік нақыш білдегінде түрлі өрнектер жасай алады», – дейді лицей директорының орынбасары Жазира Айдархан.
Білім ошағының жеке киностудиясы бар. Онда балалар фото және бейне түсіруді, монтаж жасауды үйренеді, кинематография саласына бейімделеді.
Мектепте гидропоника кабинеті де бар. Оқушылар өсімдіктерді топырақсыз өсіреді. Сонымен бірге, киберспорт кабинетін де айта кетсек болады. Мұнда балаларды зейін қоюға, логикалық және стратегиялық ойлауға, командалық өзара іс-қимылға үйретеді. Ойыншылар командалары құрылған.
Жетістіктер тізбектелген мақаланы түйіндер тұста тағы бір тұздық қоса кетейік. Қостанайлықтарға есімі жақсы таныс Максим Рюмин деген жас жігіт бар. Ол өзін бірнеше байқауға қатысу арқылы оң қырынан көрсете білген. 18 жасында республикалық ІТ технологиялар жарысында бас жүлдені жеңіп алып, аймақтың «Алтын жастар» кітабына енген талантты студент. Жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімеген жас өнертапқыш былтыр халықаралық байқауда бағын сынап қайтты. Мәскеуде өткен «ІТ-ғаламшар» жарысында «Робот техникасы» аталымы бойынша 3-орын, «Шектелмеген мүмкіндіктер» номинациясы бойынша 2-орын иегері атанып оралды. Жүлделі 2-ші орынды ол кембағал кісілерге арналған бағдарламасы арқылы жеңіп алған.
Соңғы уақытта студенттердің ақпараттық технологияларға деген қызығушылығы артқан. Себебі, олар өз жобаларын іске асырып, қоғамға қажетті екеніне көз жеткізіп жүр. Сондықтан да, біз студенттерге қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз дейді колледж мұғалімдері.
Мәскеуден мол марапат алып қайтқан Максим алда әлі талай жобаларды жүзеге асыратынын айтады. Байқау барысында ол бірнеше бірегей жұмыстарға куә болған. Көбі қоғамға қажетті дүниелер. Өзге мемлекетте қолданысқа еніп жатқан жарқын жобаларды ол елімізде іске асырғысы келеді.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!