БЕСТІКТІҢ БАС ҚАЙҒЫСЫ: су үшін күрес

БЕСТІКТІҢ БАС ҚАЙҒЫСЫ: су үшін күрес

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, Орта Азиядағы су тапшылығы 2050 жылға қарай өңірдегі жалпы ішкі өнімді 11 пайызға төмендетуі мүмкін. Орталық Азиядағы су көлемі 2040 жылы 25% кемиді дейді кейбір мамандар. Аймақтың экономикалық өсімі мен су қорының азаюы бір жылда адам басына шаққандағы су көлемінің 1,5 мың текше метрге дейін шектеуіне әкеп соқпақ. Бұл көрсеткіш қазір – жылына 2,1 мың текшеметр десек, санай білетін азаматтың санасына бұл көрсеткіш қорқыныш ұялатады. Орта Азиядағы бестіктің бас ауруына айналған су мәселесі қалай шешіледі?

Аймақтағы екі ірі өзен Сырдария мен Әмудария бес мемлекеттің экономикасы үшін де өте маңызды. Су мәселесіне келгенде өңірдегі республикалардың екі санаты бар: су басындағы және су аяғындағы. Су басындағы елдер – Тәжікстан мен Қырғызстан, мұндағы мұздақтардың арқасында аймақтағы басты су желілері қалыптасады. Бұлар суға, энергия ресурстарына аса бай.
Су аяғындағы елдер – Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан. Бұл мемлекеттерде көмірсутек қоры бай болғанымен, су тапшы. Қазақстан сырттан келетін суға 42%, Өзбекстан – 77%, Түркіменстан – 94% тәуелді. Көбінесе ол су Тәжікстан мен Қырғызстаннан келетіндіктен, сол елдердегі кез келген өзгеріс, мысалы, су желілері бойында СЭС құрылысы көршілерді қатты алаңдатады. Соңғы 10 жылда Бішкек пен Душанбе бұл іске құлшына кіріскен. Атақты «Қамбар ата ГЭС-2» мен «Рогун» су электр станцияларының қайта жандануы өзеннің етегінде орналасқан елдерді тіршілік көзінен айырып, су тапшылығы проблемасы кәдімгі үлкен саяси кикілжіңге айнала ма деген қауіп күн өткен сайын қоюлана түсуде.
Аймақтағы ең атақты дау «Рогун» су электр станциясының құрылысына байланысты туындаған. Оған энергия тапшылығын көріп отырған және жаңа су электр станциясынан өндірілетін энергияны экспортқа шығаруды армандайтын Тәжікстанға осы станцияның бөгетін су жарған жағдайда болатын техногендік апаттан қорқып, ауыл шаруашылығы жерлері үшін алаңдап отырған Өзбекстан қарсы шықты. «Рогун» су электр станциясы Вахш өзенінде салынды. Вахш өзені – Әмударияның бастауы, Өзбекстанды сумен қамтып отыр. Даудың басы осы.
Тәжіктердің «Рогуны» болса, ал қырғыздарда «Қамбар ата-1» бар. Бұл да батыл жоба және Өзбекстанның қолайына жақпады. Көптеген жыл бойы ресми Ташкент осы станцияның салынуына қарсы шығып келді. Қырғызстан Орталық Азиядағы су ресурстарына жеке дара иелік ете алмайды және мұндай мәселеде аймақтағы көршілердің де пікірін ескерген жөн дегенді алға тартты.

БҰҰ дерегі бойынша, 2025 жылға қарай әлемде су тапшылығын сезінушілер саны 2,8 млрд дейін жетуі мүмкін. Оның басты себебі – жер бетіндегі адамдардың көбеюі мен климаттағы өзгерістер. Сондай-ақ, пайдаланып жүрген су көздерінің ластануы, қалаларды кеңейтудегі ретсіздік секілді факторлар да әсер етпей қоймайды.

Алайда, 2017 жылғы қазанда бір жыл бұрын ғана болуы мүмкін емес көрінетін оқиға болды. Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері «Қамбар ата» су электр станциясын бірігіп салу жөнінде келісімге келді. Содан кейін «Өзбекгидроэнерго» мен қырғыздың «Ұлттық энергетикалық холдинг» компаниясы «Қамбар ата-1» су электр станциясы құрылысы жобасын жүзеге асыру саласындағы серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Одан бөлек, тараптар 2017-2018 жылдары Қырғызстаннан Өзбекстанға электр энергиясын жеткізу туралы да келісімге келді.
Қырғызстан тарабы Қазақстанды «Қамбар ата-2» салынғаннан кейін оны басқаруға араласуға, яғни, акциялар пакетін сатып алу арқылы келешектегі шешімге әсер етуге болады деп сендіреді. Қазақстан бұл бастамаға қырын қараған жоқ. Осыған ұқсас ұсынысты Тәжікстан «Рогун» су электр станциясына байланысты Өзбекстанға да ұсынған, бірақ, олар бас тартты. БҰҰ деректерiне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдерi арасында ең соңғы орында. Республикамыздың үштен бiр бөлiгi ауызсуға зәру. Бұл қиындық суармалы жерлерге де тән. Қазiрдiң өзiнде елiмiздiң оңтүстiк аймақтарында су тапшылығының кесiрiнен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiру көлемi қысқартылып жатыр.
Орталық Азиядағы суды ұқыпты пайдалануға сонда не кедергі? Біріншісі, аймақтағы мемлекеттердің ауыз бірлігінің жоқтығы. Орталық Азиядағы аймақтық энергетикалық орталықтың атқарушы директоры Ескендір Абдоллаевтың айтуынша, аймақтағы су саласындағы серіктестіктің жоқтығынан 4,5 млрд доллар желге ұшқан. Бұл ауыл шаруашылығының тиімсіздігі, электр энергиясы құнының қымбат болуы мен суды пайдалану жүйесінің сенімсіздігі секілді теріс факторлардан құралған есеп.
«Аймақтағы елдер қолданатын жер суару жүйесі – тым тиімсіз», – дейді мамандар. «Спутник Тәжікстан» ақпарат агенттігі осы ретте өз сарапшысы Акбар Саидзоданың пікірін келтіреді. «Израильде 1 адамға шаққандағы суармалы жердің көлемі 0,03 гектардан келеді, бұл Орталық Азиямен салыстырғанда 3 есеге аз. Дегенмен, Тәжікстан секілді халықты бағып отырған Израиль (халық саны 8,5 млн адам) жер суаруға жылына бар болғаны 1,2 текше километр су шығындайды екен. Ал, Тәжікстан бұдан 10 есе көп жұмсайды. Мұның себебі, Израильдің су үнемдейтін технологияларды белсенді қолдануында жатыр», – дейді Акбар Саидзода.
Суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы өнімдерінен біржола бас тарту – тығырықтан шығудың жолы емес. Себебі, мақта ел экспортының негізгі бөлігін құрап отыр. Сондықтан, тамшылатып суару әдісін елге жаппай енгізу суды үнемдеуге сеп болмақ.
Су мәселесіне саяси текетірестер де әсерін тигізбей қомайды. Шавхат Мирзиеев таққа келгелі осы дау біраз тыншыған. Бірақ, Сардоба бөгетінің бұзылып, Қазақстанның оңтүстік аймақтарын су басып қалуы бұл мәселенің әлі де қалтарыс-бұлтарысы барын көрсетіп берді. Өзбек ағайындар кешірім сұрап, бәрі реттелгендей болды.

Отандық ғалымдардың есептеуінше, Қазақстанда орташа есеппен өзендердегі су ресурсы 100,5 текше км. Оның шамамен жартысына жуығы, яғни, 46 текше км жыл сайын ауыл шаруашылығына және өнеркәсіпке пайдаланылады. Кей жылдары бұл салалардағы су тапшылығы 6 текше км дейін жеткен.

Өңірдегі су мәселесінің дұрыс шешілгені Ресей үшін де маңызды. Егер Орталық Азияда экологиялық дағдарыс болса, Ресей эмиграция үшін басты бағыт болады, ал заңсыз миграция, есірткі саудасының етек жаюына, елдегі қылмыстық ахуалдың өршуіне әкеп соғады. Сондықтан, Мәскеу бестікке су мәселесін шешуге барынша қолдау көрсетуге ниетті.
Шетелдік сарапшылардың болжамына сүйенсек, бірнеше жылдан кейін Орталық Азияда су дауынан соғыс басталып кетуі мүмкін. Тек ол қақтығысқа республикалардың өздері де, мұндай активтерін салған үшінші елдер де мүдделі емес. Сондықтан, Орталық Азия келісімге келгісі келеді, келіп те жатыр.
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!