Нағыз жауынгер
Қазақ елінің тарихында Ұлы Отан соғысының алар орны ерекше. Біздің отбасымыз үшін де бұл өткен күннің айрықша құрметпен ақтарар парағы. Биыл Жеңіске 75 жыл. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні және менің Ербахыт атты тұңғыш ұлымның туған күні. Отбасымызда жылда үлкен мереке болып тойланады.
Бүгінгі таңда майданда қаза тапқандарды еске алуды және соғыс алаңынан қайтып келгендерге алғыс айтуды үлкен міндет деп санаймын. Біз Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері болған атамызбен 10 жыл бұрын қоштастық. 2010 жылдың 12 ақпанында 84 жасында ардақты атамыз бақилық сапарға аттанды. Ол Жеңістің 65 жылдығына небәрі екі ай ғана жете алмады. Мен ардагер атаның, Кішкентаевтар қара шаңырағының келіні боламын.
Атамыз Жолмақ Кішкентаев 1926 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Калинин кеңшарының Үкіатқан ауылында дүниеге келген. Көршілес Жаңатілек ауылында 7 сыныпты бітірді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 15 жаста болды. 1943 жылы жап-жас жігіт майданға кетеді. Қаңтардың аязды күні Челябі қаласына барып, Шұбаркөл елді мекенінде оқу-жаттығудан өтеді. Таңнан күн батқанға дейін жауынгерлерді әскер ғылымына оқыту, физикалық және тактикалық дайындықты тексеру сынақтары жүргізіледі. 1943 жылдың 1 наурызында темір жолмен жас сарбаздар Польшаның Краков қаласына жіберіледі. Онда оларға Балтық теңізінің жағалауындағы жауға бақылау жүргізу туралы ерекше маңызды бұйрық беріледі. Күн сайын, жағадан жау күшін бақылай отырып, мыңдаған сарбаздарымыз болашақ үшін аянбай күресті. Жылдар өте соғыс Отанымыздың ең үздік ұлдарын мәңгілікке алып кетті.
1945 жылы атамыз бұйрық бойынша Маршал К.К. Рокоссовскийдің жеке күзетін жүзеге асыру үшін әскери штабқа жіберілген. Өзінің әскери борышын мінсіз орындап, қазақ жігіті ұзақ алты жыл Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарды. 1951 жылы әскерден босатылғаннан кейін Ұзынкөл ауданының Үкіатқан ауылына, туған жеріне қайта оралады.
1908 жылы туған үлкен ағасы Қасым 1942 жылы майданға шақырылған. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз жоғалып, із-түссіз кеткендердің тізіміне енгізілген. 1923 жылы туған ағасы Балдан қанды қырғында нағыз жауынгер, қаһарман десантшы болып, ауылына офицерлік шенмен, кеудесі төсбелгілерге толып оралады.
1945 жылы соғыс аяқталып, бүкіл халық ауылды көтеруге күш салды. Әскерден келген соң, көп ұзамай жас жауынгер атамыз үйленіп, мықты әрі тату-тәтті отбасы құрды. Сөйтіп, өмірін еңбек майданында жалғастырды. Оқып, жаңа мамандық меңгерді. Туған ауылында зоотехник, есепші болып жұмыс істеді. Калинин кеңшарында үлкен құрметке кенеліп, нағыз елағасы атағына сай азамат атанады. Барлық ауыл тұрғындарына, жерлестеріне, үлкен-кішіге бірдей үлгі көрсете білді. Бірнеше төсбелгілермен, ҰОС орденімен, Құрмет грамоталарымен және көпжылдық ерен еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталды. Атам жұбайымен 58 жыл бірге тұрып, 8 бала, 17 немере және 20 шөбере тәрбиеледі. Туған жерінің нағыз патриоты мен азаматы болды. Отанға, халыққа қызмет етуді бірінші орынға қойған адам ретінде есте қалды. Соңғы сапарға бүкіл ел ерекше құрметпен, жақсы лебіздермен шығарып салды…
Біз соғыс ардагерінің ұрпағымыз. Осы көктемнің тамаша күні бәріміз отбасылық дәстүр бойынша бір шаңырақ астына жиналамыз. Атам туралы көп айтып, оның әңгімелерін еске аламыз. Ол бізге өмір, бақыт және жеңіс сыйлады. Біз де отбасымыздағы жетістіктерді, жұмыстағы және өмірдегі жеңістерімізді қымбатты да сүйікті де атамызға арнаймыз.
Айтжан КІШКЕНТАЕВА,облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, көп балалы ана
Добавить комментарий