Мәңгі тірі есімі

Мәңгі тірі есімі

Менің атам Саменов Шалдыбай Аманұлы тірі болғанда биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын бірге тойлаушы едік. 9 мамырда атамның шаңырағында балалары, немерелері мен шөберелері жиналатын. Ол күні біз атамызға қолдан жасап апарған сыйлығымызды табыстауға асығатын-
быз. «Кімнің сыйлығы ең әдемі?» деп сұрайтын едік. Сонда атам: «барлығы да керемет болды» дейтін.

Біз атамызды ортаға алып, соғыс кезіндегі ерліктерін айтуды өтінетінбіз. Ол кісі балалық шағынан бастап, майданға аттанғанын, ерліктері мен қиыншылықтарын баяндағанда көз алдыма елестетіп, атамды аяп, қатты құшақтап отыратынмын. Костюміне тағылған орден, медальдарды қандай ерлігі үшін алғанын тізіп айтып беретін. Ол кезде бізге ертегі тыңдағандай қызық көрінгенімен, есейе келе сол айтқан әңгімелері ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын деген өнеге екенін түсіндім.
Ол ата-анасынан ерте айрылып, жетімдіктің кермек дәмін ете татқан. Інісі Шалабай ата екеуі Қояндыағаш жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Аштық, соғыс сияқты қиындықтарды көрсе де үміт үзбей, өмір үшін күрескен. Соғысқа 18 жасында аттанды. Майдан даласында қаулаған от пен бораған оқтың ортасынан аман оралды. Атам жау танкісін көкке ұшырған ерлігін баяндағанда, көз алдымызда елестететінбіз. Сол уақытта атам сәл кешіккенде өзі күл-талқан боларын айтқанда, көзімізге жас келетін. Күні-түні жертаса қазып, жауға тұтқиыл шабуыл жасауды жоспарлайды және сол жоспары іске асады екен. Атамның осындай жауапкершілігі, тапқырлығы ұрпақтарына да дарығанын байқаймын. Соғыста атам нысана дәлдеуші болған. Соңынан шәкірт тәрбиелеген. Ол көптеген ерліктері үшін Сталиннен алғыс хаттар алды. «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» орден, медальдарымен
марапатталған.
Осыдан 5 жыл бұрын Ресей Федерациясының мұрағатына атамның аты-жөнін жазып, сұраныс жіберген болатынмын. Олар атамның ерліктері жазылған хаттамалар, өзі ала алмай кеткен грамоталар, алғыс хаттарды жолдады. Атамның аты-жөні кейбір хаттамада «ефрейтор Саменов Шолдыбай Семенович» деп жазылған. Бірақ мекенжайдан қателеспеген.
Соғыстан аман-есен оралған соң Күлназ әжемді жар етіп таңдап, екеуі Қайыңды (бұрын Қояндыағаш деп атаған) құт мекенінде 7 ұл 1 қызды дүниеге әкеледі. Әжеміз өмірден ерте озды. Атам сол ауылда зейнетке шыққанша шопыр болып жұмыс істеді. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ұлдары мен қызы өте бауырмал және тәртіпті болып өсті. Әжем төсек тартып қалған уақытта үй шаруасын теңдей бөліп алып, күнделікті әркім өз шаруасын тиянақты атқарған екен.
Сұрапыл соғыс салдарынан атам маңдайынан жарақат алып оралған. Сол кішкентай жарақат қартайған шақта үлкен жараға айналды. Қанды қырғында жау ала алмаған атамды басындағы жанды жарасы қатты қинады. Ауырып төсек тартып қалғанда үшінші баласы Нақан ағам Арқалықтағы үйіне алып барды. Өзі қызметте, Шолпан жеңгем сабақта жүрсе де медбике жалдап, атамның барлық жағдайын жасаған болатын. Сол кезде балалары кезек-кезек қасына барып күзетіп, жанына серік болып жүрді.
Атам тірі болғанда биыл 97 жасқа толар еді. 1923 жылы 9 мамырда өмірге келіп, 2006 жылы 31 желтоқсан күні 83 жасында дүниеден озды. Артында қалған балалары мен немере-шөберелеріне «бірліктеріне бекем болыңдар!» деген соңғы сөзін айтып кеткен.
Ақмарал ИБАДІЛДӘҚЫЗЫ,немересі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!