Жаңа оқу жылының жаңалығы

Жаңа оқу жылының жаңалығы

Жыл соңына қарай мұғалім мәртебесі туралы заңды қабылдау жоспарланып отыр. Бұл көптен айтылып жүрген мәселе еді. Білім күнінен соң ұстаздарды тағы бір жаңалық қуантты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық назарына ұсынған алғашқы жолдауында мұғалімдердің еңбекақысы көбейтілетіні айтылды.

«…Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз». Мемлекет басшысы осылай деді.
Бұдан бөлек, Үкіметке «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын жасау тапсырылды.
«Президенттің айтуынша, елім- ізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай, соның салдарынан жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайтыны нақты көрсетіліп отыр. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ, мүмкіндіктер аз, кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр, осындай келеңсіз жағдайды жедел түзету керектігін атап өтті президент. Біздің облысымыз педагогикалық, гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы саласымен қатар, соңғы жылдары тау-кен, техника және технология, машина құрастыру, логистика мамандықтарына зор мән беруде. Мемлекет басшысының «оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет» деуі – заман талабымен үндескен заңдылық», – дейді Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректорының кеңесшісі, педагогика ғылымдарының докторы Римма Бектұрғанова.
Президент білім саласындағы бірқатар келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, оларды болдырмаудың, мәселелерді шешудің жолдарын айтты. Мәселен, қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігін реттеу үшін білім бөлімдерін басқару мен бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру ұсынылды.
Жаңа міндеттерді жүзеге асыруға ауыл мектептері дайын. Бұған жаңа оқу жылының бастауындағы мереке – Алғашқы қоңырау салтанатты жиынында көз жеткізгендейміз. Сонымен, ауылдардағы білім ошақтары жаңа оқу жылына қандай жаңалықпен қадам басты, соған тоқталайық.

55 жылдан бергі күрделі жөндеу
Биыл Надеждин орта мектебі жаңа кейіпке енді. 1964 жылы бой көтерген ғимаратқа 55 жыл ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Екі жылға есептелген жобаның екі жарым айда 90% жұмысы тындырылып, ауыл балалары едені мен төбесіне дейін жаңарған мектептің табалдырығын аттады. Бүгінгі таңда игерілген қаржысы – 240 млн теңге. Келер жылы 40 млн теңгеге жиһаз сатып алынып, ғимарат алды абаттандырылмақ. Шамалы сыртқы жұмыстары бар.
Мектеп 600 балаға арналып салынған, алайда, қазір 152 оқушы ғана оқып жүр. Бірінші сыныпқа 11 балдырған қабылданды. Өткен жылы 9 ботақан «Сауат ашуды» алғаш қолына алған. Ал, мектеп ішінен ашылған шағын орталыққа 22 кішкентай барады.
«Біздің өтінішіміз бойынша жөндеу жұмыстарын Білім күніне дейін бітіріп берген құрылысшыларға рахмет! ІТ кабинетті 500 мың теңгеге жабдықтап, демеушілік көрсеткен «Грасс» ЖШС директоры Қайрат Оспановқа да алғысымыз шексіз», – дейді Надеждин ауылдық округінің әкімі Орал Меңдекинов.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектебіне екі жас маман келіп жатыр. Мектеп әкімшілігі оларды ерекше назарда ұстап, барлық жеңілдіктерге қол жеткізуіне жағдай жасамақ.
Бір жылда – 72 жүлде
Мичурин орта мектебі де жаңа оқу жылын табысты бастады. Аудан мектептерінің оқу-тәрбие саласындағы жетістіктер рейтингінде үшінші орынға кенелген ұжымға 500 мың теңге берілді.
Оқушыларының өткен жылдағы табыстары толағай. Әсіресе, спортта. Оқушылар спартакиадасында бірінші орынды қанжығалаған. Велоспорттан Қазақстанның екі бірдей чемпионы осы мектепте оқиды. Жалпылай алғанда, Мичурин орта мектебінің оқушылары былтыр 72 жүлделі орынды иемденіп, ұстаздарының мерейін асырған.
Алғашқы қоңырау күнгі салтанатты жиында мектеп басшысы Айнаш Даданова жұртшылықты мерекемен құттықтап, ұжымды алдағы оқу жылында бұдан да жоғары биіктерден көрінуге шақырды.
Мерекелік іс-шараға қатысқан құрметті қонақтар да ыстық лебіздерін білдірді. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарға биыл оқу жылын тамамдайтын түлектер сыйлықтарын ұсынды.
Бірінші рет ұйымдастырылған «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясының мән-маңызы ерекше. Акцияның мақсаты – жиналған мектеп құралдарын кейбір оқушылардың қажеттіліктеріне жарату. Мұғалімдер қауымы бұл науқанды дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.
Биыл бұл мектепке 399 бала барды. Ал, бірінші сыныпқа 36 жеткіншек қабылданған. Яғни, екі сынып орысша оқыса, біреуі қазақ тілінде білім алады.
Айта кетейік, осы жылы Мичурин орта мектебінде де мерейтой. Білім ошағы осыдан 55 жыл бұрын тұрғызылыпты.

18 мұғалім марапатталды
Қостомар орта мектебінің салынғанына – 10 жыл. Ғимарат «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген.
Мерекелі жиын ардагер ұстаздарға құрмет көрсетуден басталды. Осы уақыт ішінде бұл білім ошағында бірқатар тәжірибелі мамандар қызмет етті. Жаңа мектептің алғашқы директоры Бақыт Сатов, сондай-ақ, Мұратбек Сүндетбаев, Бақыт Ержанова, Мариям Мұртазина, Гүлжан Тайжанова, Ғафура Ғабдуллина, Жаңбырбай Толықбаев, Оразкүл Қыйруова, Камшат Керімбаева, Сағира Мұртазина, Қарлығаш Дауылбаева сынды мұғалімдердің еңбектері көпшілікке таныстырылды. Олардың арасында өмірден озғандары да бар. Солар жайында жылы естеліктер де айтылды.
Салтанатты кеште аудандық білім бөлімінің басшысы Маржан Салмағамбетова 18 мұғалімге мақтау қағаздарын табыстады.
Мерекелі жиында Қостанай аудандық мәслихатының депутаты, «Жас-Ай» ЖШС директоры, мектептің тұрақты демеушісі Бейсембай Борашев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар мен оқушыларға тілегін білдірді.
Сонымен қатар, ауыл әкімі Бауыржан Нұрғазин, қырық жыл ұстаздық еткен Ғафура Ғабдуллина, мектептің қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінің атынан Дина Жүсіпова өз лебіздерін жеткізді.
«Биыл оқу ордасында 132 оқушы білім алады. Оларға тәлім-тәрбие беріп, 28 мұғалім еңбек етеді. Өткен жылы 140 бала оқыған еді. Бірінші сыныпқа 12 балдырған келді», – деді Қостомар орта мектебінің директоры Мейрамхан Сағымбаев.
Салтанатты жиын ұстаздар мен оқушылар ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!