Жаңарған мектептер, жаңа белестер

Жаңарған мектептер, жаңа белестер

Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2018-2019 оқу жылында 2 млрд 586 теңгеге 70-тен астам мектепке күрделі әрі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді тағы 70 білім ошағы кезек күтіп тұр.

Табалдырығынан төбесіне дейін…
Қостанай ауданында 47 мектеп бар. Тарқатып айтсақ, 26 орта білім ордасы, 14 негізгі, 7 бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 30-ы немесе 63,8% шағын жинақты мектеп санатында. Жалпы аудан мектептерінде 9 мыңға жуық бала білім алады. Ал, жақында ғана аяқталған оқу жылындағы есеп бойынша қосымша біліммен 58% оқушы қамтылған.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қостанай ауданында үш орта білім ордасы бой көтеріпті. 2005 жылы Нұржан Наушабаев атындағы Затобол орта мектебі (қазіргі статусы – мектеп-гимназия) салынды. Одан бертінде Семенов, Заречный ауылдарында жаңа ғимараттар пайдалануға берілгені есімізде. Қалған оқу ошақтары Кеңес Одағы тұсында тұрғызылған. Оларға кезең-кезеңімен күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізіліп отырады. Кейінгі жылдары 17 мектеп жаңа кейіпке енген. Бұл жұмысқа 4 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты.
2018 жылы №2 Затобол орта мектебі табалдырығынан төбесіне дейін жаңартылды. Игерілген қаржы – 660 млн теңге шамасында. Сонымен қатар, 204 млн теңгеге Половников орта мектебі күрделі жөндеуден өтті.
Жақында Надеждин орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аудандық білім бөлімі берген мәліметке жүгінсек, екі жылға есептелген жоба құны – 331 млн теңге. Қазіргі таңда сол қаржының 200 млн теңгесі бөлінген. Жұмысты жүргізіп жатқан – қостанайлық мердігер компания «Арвис» ЖШС.
Алдағы жылы тағы екі білім мекемесі – Совхоз орта мектебі мен Майкөл орта мектебінің іші-сырты түгелдей жаңартылады деп жоспарланып отыр.

Облыс орталығында биыл екі жаңа мектеп ашылады
Қостанай облысында жалпы білім беретін 521 мектеп бар. Алайда, облыс орталығында орын тапшылығы байқалады. Былтырдан бері үш оқу ошағы (№5а мектеп-гимназия, №24 мектеп және №2 мектеп-лицей) үш ауысыммен жұмыс істеуге көшкен еді.
«Қазір бірқатар арнаулы оқу орындары біріктіріліп жатыр. Үш ауысым мәселесін шешудің бір жолы – Қостанай кәсіби-техникалық колледжін мектеп ретінде қайта жасақтау. Сондықтан, қала басшылығы бұған қаржы қарастырса, жабдықтар сатып алып, оқушыларды сонда көшіруге болады», – деген еді облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк әкімдікте өткен жиында.
Таяуда ғана жария етілгендей, бұрынғы колледж ғимараты жаңа оқу жылында мемлекеттік тілде оқытатын 960 орындық орта мектеп ретінде қайта құрылатын болды.
Мамандар үш ауысым мәселесі жаңа мектептер салу арқылы да шешіледі деген сенімде. Биыл Аэропорт шағын ауданында 900 орындық орта білім ордасының құрылысы аяқталады. Оған осы жылы республикалық бюджеттен қосымша 529,5 млн теңге қаралған. Бұған дейін 1,055 млрд теңге игерілді. Одан бөлек, Юбилейный мөлтек мекенінде 1200 орындық мектеп салынады. Жалпы құны 3,188 млрд теңгеге бағаланған ғимарат 2020 жылы пайдалануға берілмек.
2017 жылы өткізілген сараптама нәтижесінде облыстағы үш мектеп (Амангелді ОМ, Аманқарағай ОМ және Қарасу ОМ) апатты деп танылып, оларды алмастыратын жаңа нысандар бой көтеретін болды. Үшеуі де мемлекеттік тілде оқытады.
Басқарма басшысының хабарлауынша, 2018-2019 оқу жылында 2 млрд 586 млн. теңгеге 70-тен астам білім ошағында күрделі әрі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы жылы тағы 70 мектеп жөнделеді.
Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!