Жауапкершілік мектебі: мәслихат депутаттарына арналған жаңа форматтағы тренинг
Қоғам мен билік арасындағы алтын көпір – жергілікті өкілді органдар. Ал сол көпірдің беріктігі мен тиімділігі, ең алдымен, мәслихат депутаттарының кәсібилігіне байланысты.
Осы тұрғыда елімізде депутаттардың біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа форматтағы оқыту алаңдары қалыптасып келеді. Соның бірі – мәслихат депутаттарына арналған практикалық тренинг. Бұл тренинг – жай ғана дәріс тыңдайтын жиын емес, тәжірибеге негізделген, нақты дағдыларды қалыптастыруға бағытталған жұмыс алаңы. Мұнда депутаттар теорияны ғана емес, күнделікті қызметте қажет болатын нақты құралдарды меңгереді. Қостанай қаласында өткен іс-шара Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен өтті. Тренингке ҚР ПІБ Парламентаризм институты және Парламентаризмді дамыту қорының сарапшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Теориядан тәжірибеге көшу
Екі күнге жоспарланған тренингтің басты ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтуі. Қатысушыларға алдын ала дайындалған әдістемелік материалдар ұсынылып, негізгі уақыт практикалық тапсырмалар мен топтық жұмыстарға арналды.
Алғашқы күні коммуникация, этика және заңнамалық сауаттылық мәселелері қарастырылды. Бұл – депутат қызметінің негізін құрайтын бағыттар.
Депутат үшін сайлаушымен дұрыс сөйлесе білу – тек мәдениет емес, кәсіби міндет. Тренинг барысында қатысушылар азаматтарды қабылдау, кері байланыс орнату, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану сияқты дағдыларды меңгерді. Әсіресе, цифрлық құралдарды пайдалану, жасанды интелектті пайдалы көмекші ете білу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Бүгінгі таңда қоғам ашықтықты талап етеді. Депутаттың жеке сайты, телеграм-арнасы немесе әлеуметтік желідегі белсенділігі – оның жұмысының бір бөлігіне айналғаны сөзсіз. Бірақ, әлеуметтік желідегі әрекет – тек коммуникация емес, ол этикалық мәдениеттің көрінісі.
Осыған байланысты тренингтің маңызды бөлігінің бірі – этика мәселесіне арналды.Қоғам алдында жүрген адам үшін әр сөз бен әрекеттің салмағы бар. Сондықтан қатысушылар мүдделер қақтығысы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, қоғамдық сенімді сақтау сияқты тақырыптарды талқылады. Бұл бағыттағы сабақтар тек теориямен шектелмей, нақты жағдайларды модельдеу арқылы бекітіліп отырды.
Мысалы, дағдарыстық жағдайдағы әрекет, БАҚ-пен жұмыс істеу сияқты жағдайлар тәжірибе жүзінде пысықталды.
Тренингте қаралған екінші маңызды бағыт – нормативтік-құқықтық база. Мәслихат депутаты қабылдайтын әрбір шешім заңға негізделуі тиіс. Осы мақсатта тренингте жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға, сондай-ақ өтініштер мен петицияларға қатысты құқықтық нормаларға шолу жасалды.
Практикалық бөлімде қатысушылар нақты кейстерді талдап, тұрғындардың шағымдарына жауап беру жолдарын қарастырды. Бұл – теорияны өмірмен байланыстырудың тиімді тәсілі.
Бюджет: бақылау мен жауапкершілік
Тренингтің екінші күні қаржылық бақылау мәселелеріне арналды. Жергілікті бюджет – бұл жай ғана сандар жиынтығы емес, ол – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін құрал.
Қатысушылар бюджет қалыптастыру, оны бекіту және орындалуын бақылау механизмдерімен танысты. Сонымен қатар, ашық деректермен жұмыс істеу дағдылары да қарастырылды.
Мастер-класс барысында депутаттар нақты бюджеттік есептерді талдап, ұсыныстар әзірледі. Тіпті қоғамдық тыңдаулардың үлгісі де жасалды. Бұл – депутаттың тек бақылаушы емес, белсенді шешім қабылдаушы ретіндегі рөлін күшейтеді.
Тренингтің ерекше бөлігінің бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналды. Себебі дәл осы сала тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Практикалық сабақтар барысында қатысушылар ауыз су тапшылығы,инженерлік желілердің тозуы, жылу мен электр энергиясындағы ақаулар, тұрғын үй мәселелері және оларды басқару, тарифтердің өсуі, экологиялық проблемалар сияқты өзекті тақырыптарды талқылады.
Бұл мәселелер жай талқыланып қана қоймай, мәслихат құзыреті шеңберінде шешу жолдары ұсынылды.
Қазіргі заман депутаты тек шешім қабылдаушы емес, ол – қоғаммен диалог орнатушы тұлға. Сондықтан тренингте азаматтық қоғам институттарымен жұмыс істеу мәселесіне де назар аударылды.
Үкіметтік емес ұйымдар, жастар бастамалары – бұлардың барлығы жергілікті басқарудың маңызды серіктестері. Депутаттың осы құрылымдармен тиімді жұмыс істеу жолдары қаралды.
Тәжірибеден тағылым: жоғары деңгейден өңірге дейін
Бұл жолғы тренингтің мазмұнын байыта түскен маңызды жайт – тәжірибесі мол, елге танымал сарапшылардың қатысуы болды. Олардың қатарында Зәуреш Батталова – Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті және Ляззат Сүлеймен – ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары бар.
Екі спикер де өз еңбек жолын дәл осы жергілікті деңгейден – аудандық мәслихат депутаттығынан бастаған. Уақыт өте келе олар жоғары саяси деңгейге көтеріліп, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты ретінде қызмет атқарған тәжірибелі саясаткерлерге айналды.
Сол себепті олардың айтқан әрбір ойы мен келтірген мысалдары қатысушылар үшін ерекше құнды болды. Бұл – тек теория емес, нақты өмірден алынған тәжірибе, нақты жолдан өткен адамдардың пікірі.
Тренинг барысында спикерлер депутаттық қызметтің алғашқы қадамдарынан бастап, жоғары деңгейдегі заң шығару жұмысына дейінгі жолды қамтып, кәсіби дамудың маңызын ерекше атап өтті. Олар өңірлік деңгейдегі депутаттардың рөліне тоқталып, жергілікті мәселелерді шешудегі табандылық пен жауапкершіліктің маңызын жеткізді.
Ең бастысы – олар өз тәжірибелері арқылы бір маңызды ойды жеткізді: үлкен саясатқа апарар жол дәл осындай жергілікті деңгейдегі белсенді қызметтен басталады.
Сондықтан бұл кездесу аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараты қызметкелері үшін тек оқу емес, мотивация мен жаңа серпін берген маңызды алаңға айналды.
Жұмагүл ИРГАСЫМОВА


















Добавить комментарий