Жанам деген жүректерге от берген

Жанам деген жүректерге от берген

Екі жыл бұрын жастардың әлеуметтік жобаларын қолдау мақсатында «Zhas Project» жобасын қолға алынған еді. Бастамашылар: Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі. Қазір бұл ауқымды жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Өткен жылы ол еліміздің алты облысында қолға алынған, биыл басқа өңірлер де қосылды. Жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Басты талап – жарты жыл ақысыз қызмет
Мемлекет басшысы Нұр-сұлтан Назарбаев 2019 жылды «жастар жылы» деп жариялады. «Zhas Project» жобасы қатысушыларына былтырғыдан да кең жол ашыла түспек. Қазақстанда еріктілердің басын біріктіріп, «Ұлттық Волонтерлік желі» бірлестігін құрған Вера Ким жастардың жолын ашуға, елге пайдалы игілікті істердің көбеюіне үлес қосып жүрген жандардың бірі. Аталған бірлестік төрайымы қазіргі таңда «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасын үйлестіру агенттігіне басшылық етеді.
– Үйлестіру агенттігі бұл жобаны алдыңғы жылы Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында қолға алған болатын. Сөйтіп, осы 4 аймақта 18-29 жас аралығындағы екі мыңға жуық жасты қамтыдық. Олар әлеуметтік идеялардың негізінде 589 жоба ұсынды. Гранттық байқауға қатысу үшін жастар 3-5 адамнан тұратын топтарға бірігіп, біздің сайтта орналасқан талаптарға сәйкес электронды түрде өтініш бере алады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталар болсам, жастар жоба жүзеге асырылатын аймақта тұруы қажет. Олардың жас мөлшеріне, қолға алған бастамаларына қажетті құжаттарының түгел болуына қатысты да талаптар бар. Әрине, ең бастысы, ынта-ықыласына келіп тіреледі. Былтыр Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда сынды 6 облыс қосылды. Биыл қалған төрт облысты және Астана мен Алматыны тартамыз. Осылайша, үш жылдың ішінде бүкіл Қазақстан жастары мүмкіндігінше, «Zhas Project» жобасының қайтарымсыз гранттарына ие бола алады, – дейді Вера ханым.
Биыл грантқа үміткер адамдардың жас шектеуіне аздаған өзгеріс енгізіліп, 14-29 жас аралығы қамтылды. Айта кетерлігі, грантты алу үшін керемет инновациялық жаңалық табу қажет емес. Қарапайым мысал үшін айтсақ, ауылда шағын наубайхана ашуы ұсынған жастарға да қолдау жасалады. Ең бастысы, елге де, іскер азаматтың өзіне де пайдасын тигізсе болғаны. Жоба жүзеге асырылатын алты ай ішінде жастар шәкіртақымен қамтамасыз етіліп, тиісінше ауыл тұрғындарына нанды ақысыз таратуы керек. Жобаның әлеуметтік деп аталуы да осыдан.
Мал және құс шаруашылығы, ағылшын тілін оқыту, тігін цехтары, басқа да көптеген әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Берілген грантқа сатып алынған жабдықтар немесе төрт түліктердің бәрі өздерінде қалады. Яғни, олар өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады.
– Бір қызық жоба болды. Алматы облысында еті тірі, пысық жастар бірігіп, біраз сиыр сатып алып, сүтін ауыл тұрғындарына таратыпты. Бір қарағанда жай ғана мал шаруашылығы сияқты. Кейін зерттеп көрсек, бұл ауылда мөлшерде кальций мен басқа да дәрумендердің жетіспеушілігіне байланысты сүйек жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар басқа өңірлермен салыстырғанда көп екен. Демек, оны қолдау керек, – дейді Вера Александрқызы.
Иппотерапия, яғни, салт атпен жүру арқылы емдеу әдісін қолға алғандар да бар. Жалпы, медицинаға қатысты кез келген жобаға үйлестіруші топ ерекше сақтықпен қарайды. Тексере келгенде, иппотерапияны қолға алушы азаматтың барлық тиісті құжаттары түгел екені анықталыпты. Жас жігіт Мәскеуде медициналық университет бітірген білікті маман болып шыққан. Ауылдардан осындай арнайы білімі бар мамандардың табылғаны қуантады.
– Пайдалы істер өз нәтижесін беріп жатқанын көргенде біз бекер жұмыс істемейтінімізді түсінеміз. Біз әрбір қатысушының өмірінің оң бағытқа өзгеруіне және олардың армандарына жету үшін алғашқы қадамдарын бастауына, қоғамның мәселелерін шешуге ат салысуына ықпал еткіміз келеді, – дейді Вера Ким.

Біздің өңірде…
2018 жылы Тобыл-Торғай өңірінде мыңнан астам жас талапты қамтыған 145 жоба жүзеге асқан. Ал, Қостанай ауданына 10 грант бөлінді. Әртүрлі жобалар бар. Біз Аманкелді Қоянбаевтың екі серіктесімен бірге қолға алған кәсібін мысал еткіміз келіп отыр. Олар сүт өнімдерін өндіретін жобаны бастағалы жарты жыл болды. 1 млн теңге қайтарымсыз қаржыға жастар 2 сиыр, жем-шөп және өзге де құрал-саймандарын сатып алған.
Жобаның басты талабына сай, олар іске кіріскелі бері көп балалы бес отбасыға өнімдерін тегін жеткізіп беріп жүр. Міне, алтыншы айға да жетті.
– Біз тек сүттің өзін ғана емес, оны құртқа қаймаққа, майға айналдырып, айран ұйытып апарып береміз. Мирас Елеукин мен Таңшолпан Қалиева сынды жастардан құрылған ұжымымыз тиесілі жұмыстарына мұқият қарап, жағдайды ерекше назарда ұстайды, – дейді Аманкелді.
Нұрғалиевтер отбасында кәмелеттік жасқа толмаған бес бала бар. Отанасы Айнаштың жастарға айтары алғыс қана.
– Бұл дегеніңіз әжептәуір көмек. Істері алға баса берсін деп тілейміз! – дейді Айнаш.
Жастар осы кәсіптерін әлі де дамытуды ойластырып жүр. Жобаның міндетін толық аяқтаған соң, «Бастау-Бизнеске» қатысып, несие алмақ ниетте.
– Біз, әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын, белгілі бір мамандығы жоқ жастарға мүмкіндік беріп отырмыз. Олар осы жобаға қатысу арқылы кәсіпкерлік әліппесімен танысады. Іскерлікті үйренеді, – дейді «Zhas Project» жобасының Қостанай облысы бойынша жетекшісі Ерлан Төлетаев.
Қостанайда жүзеге асқан 145 жобаға 136 млн теңге бөлінген. Тағы осындай қаржы жобаға қатысушыларға шәкіртақы төлеуге жұмсалады.
Байқауымыша, әрбір жоба тек жастардың өзіне ғана емес, олар өмір сүретін қоғам үшін маңызды. Жобада жұмыс істеген алты ай ішінде жастар өздеріне пайдалы көп нәрсені үйренеді. Ал қабілеті бар азамат ары қарай басқа да қызметте өзінің жұмысын көрсете алатыны сөзсіз. Демек, оларды қолдау үшін атқарылған жұмыс, төгілген тер текке кетпегені.

Дерек пен дәйек
«Zhas Project» жобасының жүзеге асырылу кезеңі – 2017-2020 жылдар. Оған оқушылардан басқа, ел аумағындағы 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Негізгі басымдықтар: оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастар.
Әлеуметтік маңызы зор жоба 2017 жылы басталып, Қазақстанның төрт облысынан шамамен 2 мыңдай қатысушыны қамтыған. 2018 жылы шамамен 3,5 мың адам грант иелері атанды.
Жобаның қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, алты ай бойы әлеуметтік жобаларын іске асырады, сондай-ақ, ай сайынғы шәкіртақылар: ЖОО-ның түлектері – 60 000 теңге, қалған барлық қатысушылар ға– 40 000 теңге. Сонымен қоса, барлық қатысушылар жобаларын іске асыру кезінде менторлардың қолдауын алады.
Жобаны іске асыру шеңберінде қабылдаушы ұйымдардың конкурсы, менторларды іріктеу бойынша конкурс және жастар үшін гранттық конкурс өткізіледі.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!