Жаңа Конституция: адам құқықтары мен демократиялық құндылықтардың үстемдігі
Үшінші ақпанда елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында комиссия мүшелері жарияланған жаңа Конституция жобасын талқылап, елдің саяси өміріндегі алдағы өзгерістерді сөз етті.
Тарих пен тіл – Ата заңымыздың тірек тұғырлары
Жаңа Конституция жобасында халқымыздың мыңжылдық тарихы алғаш рет мемлекеттік құндылық ретінде айқындалды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның VII отырысында айтты.
Оның сөзінше, қолданыстағы Конституцияда тарих туралы нақты норма болмаған. Ал жаңа Конституция жобасының преамбуласында «Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырымның енгізілуі еліміздің тарихи жолының үздіксіздігін, Қазақ елінің көшпелілер өркениетінің ошағы болғанын дәлелдейді.
«Осылайша, тарихымыз Конституцияда тұңғыш рет декларация ретінде емес, мемлекеттік маңызы бар құндылық ретінде бекітіліп отыр», – деді Е.Қарин.
Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, преамбулада көрініс тапқан «Ұлы дала» мен «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект ретіндегі орнын айқындап, мемлекеттік бірегейлікті нығайта түседі.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті.
«9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық жазылған. Яғни мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз өз тұғырына қойылған. Мемлекетіміз барда ол тұғырдан ешқашан төмен түспейді. Ол үшін ел бірлігін сақтауымыз керек», – деді Е.Қарин.
Сонымен қатар Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата заңның арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы – жарты жылдан астам уақыт бойы азаматтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен және түрлі ұйымдардан түскен ұсыныстар мен бастамалардың, кең көлемді қоғамдық талқылаулардың нәтижесі.
Қоғам реформаны қолдайды
Тәуелсіз әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 78 пайызы Конституциялық реформаны қолдап отыр. Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауқымды реформа 2025 жылдың қазан айында басталып, сол кезден бері азаматтармен тікелей кері байланыс орнату арқылы жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында Конституциялық комиссияның атына азаматтардан, заңгер-ғалымдардан, сарапшылардан, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Ал eOtinish платформасы арқылы жолданған өтініштердің саны төрт мыңнан асты, және олар әлі де қабылдануда.
Жандос Шаймардановтың атап өтуінше, азаматтардың басым бөлігі үшін Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қалай бекітетіні, сондай-ақ оларды қорғаудың түсінікті әрі бірізді тетіктерін қалыптастыруы айрықша маңызды. Бұл тұрғыда Конституция жеке адамның бостандығы мен ұлттық мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін негізгі құрал ретінде қабылданып отыр, деді ол.
Халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманың арақатынасы қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан тақырыптардың бірі. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа Конституция жобасында ұсынылған өзгерістерге тоқталды. Біз әріптестерімізбен бірге жоба нормаларын мұқият зерделедік. Маңыздысы – жаңа Конституцияда еліміздің ратификациялаған халықаралық шарттары мен халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларының заңдық күшін жоққа шығаратын ешқандай ереже қарастырылмаған, деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста өзара сыйластық қағидаттарына, сондай-ақ БҰҰ аясындағы адам құқықтары жөніндегі негізгі халықаралық шарттарға адалдығын сақтай береді. Жоба мәтінінде адамның ажырамас құқықтары мен бостандықтарына қатысты қабылданған халықаралық міндеттемелерден бас тартуды білдіретін нормалар жоқ.
Адам құқықтарының үстемдігі мен Конституциялық жаңғыру
Жаңа Конституция жобасы халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын, жалпыадамзаттық құндылықтарды және халықаралық құжаттарда бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарын толық енгізуді көздейді. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, халықаралық құқық пен ұлттық құқық арасындағы қатынас үстемдік пен бағыныштылыққа емес, өзара әрекеттесу мен үйлестіру қағидаттарына негізделген.
-5-баптың 1-тармағын қысқаша айтсақ, еліміз халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды, керісінше оны қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құқықтық база ретінде мойындайды, – деді депутат.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жаңа Конституция адамның қолданыстағы құқықтары мен бостандықтарын сақтап қана қоймай, олардың аясын кеңейтіп, іске асуы мен қорғалуының күшейгенін атап өтті.
-Конституция негізінде қабылданатын заңдар әр азаматтың, әр баланың өмірі, болашағы мен әл-ауқатына тікелей байланысты. Жоба мазмұндық тұрғыдан үш тірекке сүйенеді: бостандықтар, құқықтар және міндеттер. Олардың бірлігі – Конституцияның мәні мен тұтастығын көрсетеді, – деді ол.
Сонымен қатар Динара Закиева бірқатар өзгерістерге назар аударды. Мысалы, «Адам және азамат» деген бөлімнің атауы «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп ұсынылған. Бұл өзгеріс адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ міндеттерінің маңыздылығын айқын көрсетеді. Жобада адамның барлық жеке құқықтарының қолсұғылмаушылығы нақты бекітілген.
-Құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтарын бұзбау мен бостандықтарын шектемеуге, конституциялық құрылымға, қоғамдық тәртіпке, азаматтар мен қоғамның моральдық болмысына зиян келтірмеуге тиіс, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жаңа Конституцияның тұжырымдамалық сипаты алғашқы баптарынан көрініп тұрғанын айтты. Жоба әділдікке, тәртіп пен тұрақтылыққа негізделген қоғам сұранысына мемлекеттің нақты жауабы болып табылады.
-2-баптың 1-тармағында Қазақстанның президенттік республика болып қала беретіні және билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуі көрсетілген. 43-баптың 1-тармағында Президент бір рет жеті жыл мерзімге сайланатыны бекітілген. Бұл – биліктің монополиялануына жол бермейтін нақты норма. Ал 5-тармақта бұл ереже өзгермейтіні жазылған, – деп атап өтті депутат.
Саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституциядағы Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктердің бөлінуін түсіндірді. Ол жобаның көпшілікке ашық жарияланғанын және ақпаратты әдейі бұрмалау әрекеттеріне жол берілмейтінін айтты. Спикердің айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай мынадай тұлғаларды тағайындауға немесе келісімін беруге құқылы: Премьер-министр, Вице-президент, Конституциялық соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі, Жоғарғы аудиторлық палатаның 8 мүшесі мен Жоғарғы соттың барлық судьялары.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жобаның барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, ашық әрі сапалы дайындалғанын атап өтті.
-Қазір қоғам жауапты кезеңде. Ең бастысы – қызбалыққа берілмеу, жалған ақпарат таратпау және дәлелді диалог жүргізу, – деді А.Ластаев.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президент пен Құрылтай өкілеттіктерінің теңгерімін атап өтті.
-Президент республикадағы ең жоғары лауазымды тұлға ретінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Сондықтан Президент пен Құрылтай арасындағы қатынасты саяси монополия деп бағалау – реформа мәнін бұрмалау, – деді ол.
Отырыс соңында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституцияның стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
-Ата заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктер, мемлекеттік саясатқа және қоғам дамуына қатысты негізгі қағидаттар бекітілген. Конституция нормалары әдетте заңдар деңгейінде егжей-тегжейлі жүзеге асырылады. Ең бастысы – егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және республиканың басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылған,- деді Конституциялық сот төрағасы.
Аружан Қанатбек













Добавить комментарий