Үздік әрі үлгілі

Үздік әрі үлгілі

Өмірдегі көптеген мамандықтардың ішінде жан-жақты білімді, асқан шеберлікті, шексіз мейірімді керек ететін ұстаздық мамандық екені сөзсіз. Олай дейтін себебім, мұғалім үнемі оқушыларымен бірге болып, олардың білсем, үйренсем деген бала арманы мен сырлы тағдырына бағыт сілтеуді мойына алған маман.

Бүгінгі түсініктегі ұстаз шәкірттеріне тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны өмірде пайдасына жаратуға, бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу қажет. Әрине, бұл нағыз ұстаздың қолынан ғана келеді.
«Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті», – депті К.Д.Ушинский. Иә, ол айналасына шуақ шашып жүретін тұлға болуы тиіс.
Әр ұстаздың ең басты ұстанымы – әр баланың жан дүниесін түсіне отырып, оның өзіне деген сенімін жоғарылатуға, еш қиындықтан қорықпауға баулып, әрқашан жақсы нәрселерге ұмтылдыру. Оқушылардың білімін жан-жақты жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу мақсатында мектебімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Солардың бірі – «Үздік педагог» сайысы. Байқаудың бірінші кезеңінде бірқатар ұстаздар бақ сынасқан болатын, дегенмен финалда бақ сынау 4 әріптесімізге бұйырды. Олар: тарих пәні мұғалімі Еркебұлан Нұрфайлов, математика пәні мұғалімі Жансұлу Кенжеғарина, ағылшын тілі пәні мұғалімі Әйгерім Көкенова, бастауыш сынып мұғалімі Балауса Бақасынова.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл байқаудың мақсаты – педагог тұлғасын қалыптастыруда қойылатын негізгі талаптар мен оқытушы мамандығының ерекшеліктері және іскерліктерін қалыптастыру, кәсіптік орта білімнің үлгісін дамыту, педагогикалық жаңа идеяларды анықтау, мектеп ұстаздарының педагогикалық-шығармашылық дамуын және іс-тәжірибесін насихаттау. Үміткерлер ереже бойынша төрт кезеңнен тұратын шарттар негізінде сайысқа түсті. Барлығы өздерінің ерекше қабілеттерімен танылды. Мысалы, Жансұлу Кенжеғарина мен Әйгерім Көкенова ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын әдістерін өте ұтымды жеткізе білді. Ал бастауыш сынып мұғалімі Балауса Байқасынова бос уақытында өзінің керемет ою ойып, көрпелер тігетінін көрсетті. Еркебұлан Нұрфаилов те портфолиосының мазмұнын өте жоғары деңгейде талдап, тәжірибесімен бөлісті.
«Жүзден жүйрік озар жарысқанда» дегендей, байқау соңында қатысқан үздіктерді бағалаған комиссия мүшелерінің шешімімін қатысушы ұстаздар мақтау қағаздарымен марапатталды. Сайыстың әрбір кезеңі бойынша жинаған ұпайларына сәйкес «Үздік педагог-2019» сайысының жеңімпазы болып тарих пәні мұғалімі Еркебұлан Нұрфаилов танылды.
«Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз», – деген екен Л.Н.Толстой. Осы атаққа лайық болуға ұмтылған әріптестерімді көргенде оқушылар ғана емес, өзім де үлгі алуға тырысамын.
Қаламқас ДУЛЫБАЕВА,
мемлекеттік тілде
оқытатын Заречный ОМ мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!