ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕРТКЕ АЙНАЛДЫ
Бүгінгі күні қоғамда ысырапшылдық дерті асқынып тұр. Зая кеткен әрбір сәт, бостан босқа жанып тұрған жарықтар, бет алды төгілген тамақтар, тасталған нандар ысырап пен тұтынудың шегі мен дәрежесінің көрінісі. Тіптен қайтыс болған кісінің үйінде жаназасы оқылмай жатып, дастархан жайылу әдетке айналып барады. Қайтқан кісінің жақындары әуелі мейрамхана немесе құрбандыққа шалатын мал іздеп,көңіл айта келген жамағатқа тарататын жыртыстар сатып алумен әлек болады.Тіптен миллиондаған несие алып, қарызға белшесінен батып жатқандар қаншама.Қостанай облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінде діни рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын-алу мәселесі бойынша өткен конференцияда осы мәселелер көтерілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай қажы Құрбанұлы Қостанай облысына арнайы сапармен келіп, дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылықпен өткізілген конференцияға қатысты. Ауқымды жиында діни рәсімдер өткізу, атап айтқанда, жерлеу, қонақ асы, жаназа, марқұмның қырық күндік, жылдық асын беру кезіндегі ысырапшылдық жайында мәселелер талқыланып, дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ел ақсақалдары пікірлерін білдіріп,ұсыныстарын ортаға салды.
«Ысырап» сөзі араб тілінен енген, «текке шашу», «ысырап ету», «мөлшерсіз жұмсау», «шегінен шығу» деген секілді мағыналарды білдіреді.
Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Пайғамбар (салаллаһу ьәлейһи уә сәллам) да бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған.Бірде Алла Елшісі (салаллаһу ьәлейһи уә сәллам) сахабасы Абдулла ибн Амрдың(р.а.) дәрет алып жатып суды мөлшерден тыс көп пайдаланып жатқанын көреді де: «Бұл не деген ысырап?» – дейді. Абдулла ибн Амр(р.а.): «Дәрет суында да ысырап бола ма?» -деп сұрағанда, Пайғамбар (салаллаһу ьәлейһи уә сәллам): «Иә, тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да»,-деп жауап береді. Демек, суы мол дариядан дәрет алып жатсаң да суды ысырап етпеу керек екен. Бұл тек дәрет суында ғана. Ал, мал-мүлікті ысырап етудің қателігі одан зор.
Тағы бір аятта бекер мал шашушылар албасты шайтандардың достарына жатқызылған. Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын бер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында,ысырапқорлар-шайтандардың ағайындары. Ал,шайтан Раббысына анық қарсы келуші» (16 Исра сүресі,26-27-аяттар).
Демек, ысырапшылдық пендені ең төменгі дәрежелерге түсіріп, малғұн шайтандардың қатарынан бір-ақ шығаратын, ақыры жамандыққа апарып соқтыратын іс екен. Сондықтан әрбір мұсылманның ысыраптан сақтануы керек. Бірақ, біздің қазақ қоғамы бұл жайға ат-үсті қарайтыны өкінішті. Қарап отырсақ, қазақ тойда да, жаназа ысырабынан да алдына жан салмайды.
Жаназа кезінде ас берудегі астамшылық қана емес, жарыса мазар салып жатқандарға не дейміз?
Соңғы кездері тойға ғана емес, жерлеу кезінде ас беру үшін де банкіден несие алу оқиғалары айтыла бастады. Қалталы азаматтарға бұл тиынды желге шашу сияқты көрінгенімен, қарапайым адамдарға оңайға соқпайтынын несіне жасырамыз.
Ойлап қараңызшы, неге біздің қазақ осы елдегі басқа ұлыстардан кедейлеу тұрады. Үй-күйі жоқтардың дені өз қазағымыз десек еш қателеспейміз. Бірақ, той жасауға, жаназаны әлгіндей ысыраппен өткізуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Мұндай дарақылық керек пе, бізге?!
Кейде жаназаларда «Тірісінде жақсылық көре алмады, енді ол дүниеге дұрыстап шығарып салайық!» деген сөздерді құлақ шалып жатады. Өлген адамның жерлеу рәсімін осылай аста-төк той қылып өткізгеннен оған пайдасы бар ма?! Одан да өлген адамға сауап жазылатын істерді көбірек жасағанымыз абзал емес пе?!
Жаназа кезінде не дәреті жоқ, не басқа сылтауды желеу еткендер намазға тұрмағанын жиі байқайсың. Есесіне, асқа баруға құлшынып тұрады. Бір табақ етті жұғын да қалдырмай, қалса, мүшелеп бөліп алу нағыз надандық емес немене. Ойланатын дүние.
Ысырапшылдықтың, жарыса озудың тағы бір көрінісі қайтқан адамның басына қойылып жатқан мазарлардан көресің, қымбат құрылыс материалдарын пайдаланып, күмбездеп жатады. Бұл үрдістің кең қанат жайып келе жатқандығы қоғамды алаңдатады.
Бір облысқа имамдық қызметке бара жатқан жігіттен пойыздағы жолаушылар әңгіме үстінде қайда бара жатқанын сұраған екен. Имамның жауабын естіген бір қария «Балам сен тірілерінен қарағанда өлгендері бай тұратын елге имам болып бара жатыр екенсің»-депті. Қабіріне қарап кім екенін танитын жағдайғада жеткен қоғам парасаттылықпен ысырапшылықтан арылғаны болашағымыз үшін маңызды. Келелі жиында осы мақсатта жасалған баяндамалардың бірнешеуінен үзінді келтірейік.
Сабыржан қажы Шоқанов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти:
-Қайғылы үйде үш күнге дейін ас тартылмағаны жөн. Бұл мерзімде ағайын-туыстары сол шаңыраққа көмектесуі керек. Жан-жақтан келген ілік-жақындарына үй ішінде қонағасы берсе болады. Ал қалған жерде бүкіл халықты жинап, дастархан жаю дәстүрге де, шариғатқа да келмейді. Жаназаның өзінің төрт парызы бар: жуындыру, кебінге орау, жаназаға қатысу, жерлеу. Пайғамбарымыз жаназаға қатысқандарға Ухуд тауындай, жерлесе одан екі есе сауап берілетінін айтқан. Әрине, ас беру де сауапты іс. Бірақ оны шектен шығарып жібермеу, той дастарханымен шатастырмау керек. Бұл мәселе қазір Қостанайда ғана емес, жер-жерде көтеріліп жатыр. Елдің, жердің иесі ретінде өзіміздегі басқа ұлт пен ұлыстарға өнеге болуымыз қажет.
Ерлан Қалмақов, облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы:
– Ардақты адамдарымызды ақтық сапарға шығарып салу кезінде де шектен шыққан жағдайларды көріп жатамыз. Байқасаңыздар, қазір жаназа сапында тұрғанда, зиратқа барғанда болсын, телефонын алып шығып, сол жағдайды суретке, видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салуға асығып жатады жұрт. Одан бөлек, қонақасы мен асқа ата-әжесімен, әке-шешесімен жағаласып барып жататын жастарды көп көреміз. Осылардың қаншалықты жөні бар екенін ойланғанымыз дұрыс. Қайғыдан қан жұтып отырған адамды қолдауға барғанымызды ұмытып, ас үстінде қылжақ әңгімеге, бос сөз арзан күлкіге орын беретіндер де көп. Осыны қоғам болып жөнге салған абзал. Діни рәсімдердегі келеңсіздіктерді шешуге деген талпыныс халық тарапынан қолдау тапса деген тілегіміз бар. Қалалар мен аудандардан келген ел ағалары, зиялы қауым өкілдері осы әңгімені көпшілікке таратып, түсіндіріп, үгіттеп жүрсе, нұр үстіне нұр. Бұл аз айтылып жүрген дүниелер емес. Бірақ, әлдебір жиында бір ағамыз айтқандай, мәселе өз басымызға келгенде тартқыншақтап қалатынымыз жасырын емес, шешілмей жатқан себебі сол. Шынында да «жұрт не дейді?», «ел не айтады?» дейтін жалған намысқа беріліп кететініміз бар. Жағдайы бар азаматтарға бұл салмақ түсірмеуі мүмкін, бірақ қарапайым жұрттың шығынға батып, орынсыз шашылуының реті жоқ. Дәулетіңіз жетіп тұрса, оны ел игілігіне, жастардың білім алуына жұмсаңыздар дегіміз келеді. Сөзімізді Ахмет Байтұрсынұлының: «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетер?» – деген сөзімен түйіндейік.
Жиын соңында Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиев қорытынды сөз сөйлеп, қабылданып отырған шешімді жария етті:
1.Қостанай облысы көлемінде қонақ асын беруді тоқтату (жаназадан бір күн бұрын берілетін ас);
2.Бекітілген ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ немесе нан, қант, кәмпит-печенье, су (газды, газсыз), шай, ыстық тамақ (ет немесе күріштен ас);
3.Діни рәсімдердегі ас-жиындарда сөз сөйлеуді үш адаммен шектеу;
4.ҚМДБ-ның «Қамқор – шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру (қайтыс болған кісінің құлпытасына фото-сурет салуға, Құран аятын, өлең шумақтарын жазуға тыйым салынсын. Зират биіктігі – 60 см, құлпытас биіктігі – 1 метр);
5.Марқұмға арналған жылдық астарда көрсетілетін бейнероликтердің мазмұнына назар аудару (қойылатын әуенге (музыка) мұқият болу, алкогольді ішімдігі бар, әуреті ашық киіммен түскен бейне және фотокөріністердің болмауын қадағалау).
Осы шешімге ҚМДБ төрағасының орынбасары Сансызбай Шоқанов, Қостанай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, ҚМДБ Қостанай облысындағы бас имамы Бектұрсын Уәлиев қол қойды. Бұл маңызды үндеу өңірдегі барлық аудан-қала, ауыл-аймаққа, мешіттер мен кафе-тойханаларға таратылып, оның орындалуы бақылауда ұсталмақ.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий