Туризм – өсім мен мүмкіндіктің көзі
Қазақстан Үкіметі туризмді ұлттық экономиканың басым бағыты ретінде қарастырып, шетелдік және отандық саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауға айрықша көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы нақты шаралар жуырда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен талқыланды.
Отырыста баяндама жасаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, елімізде туристік индустрия жылдан жылға өркендеп келеді. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға келген ішкі туристер саны 10,5 миллион, ал шетелдік қонақтар саны 15,3 миллион адамға жеткен. Бұл – отандық туризмнің қарқынды дамып келе жатқанының нақты көрсеткіші.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан 87 елмен визасыз режім орнатқан, ал 107 елдің азаматтарына визаны электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жаңашылдықтар елдің туристік әлеуетін арттырып, Қазақстанды шетелдік демалушылар үшін барынша қолжетімді етіп отыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов туристер үшін елге кіру және болу рәсімдерінің айтарлықтай жеңілдетілгенін хабарлады. Бұрынғыдай көші-қон полициясына барып тіркелудің қажеті жоқ – енді бұл рәсімдерді қабылдаушы тарап онлайн жүзеге асырады.
Туристерге қажетті барлық ақпаратты қамтитын қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істейтін арнайы мобильді сайт іске қосылды. Бұл – шетелдік қонақтар үшін жол нұсқайтын сенімді цифрлық көмекші болмақ.
Туристік нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шет тілін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Ел өңірлеріндегі демалыс аймақтарында бейнебақылау жүйелері орнатылған, сондай-ақ жеке тасымалдаушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар транзиттік көлік жүргізушілеріне ақпараттық және техникалық көмек көрсетілуде.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының туризмді экономикалық өсімнің маңызды драйвері ретінде бірнеше мәрте атағанын тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты.
– Қазақстан өз шекарасын шетелдік туристерге ашық ұстауы тиіс. Біз оларды достық көңілмен қарсы алып, қауіпсіз әрі ыңғайлы демалыс ортасын қалыптастыруымыз керек. Қазіргі уақытта халықаралық әуе, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңеюде. Бұл – елге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден туристерді қабылдауға бағытталған жобалардың оң нәтиже бергенін атап өтті. Бұл тәжірибені еліміздің басқа аймақтарына да кеңінен тарату қажеттігін жеткізді.
– Туристік өнімдер нақты мақсатты аудиторияларға, әсіресе шекара маңындағы елдерден келетін туристерге бейімделуі керек. Бұл тек шағын және орта бизнеске ғана емес, цифрлық қызмет көрсету саласына да серпін береді. Туристік локацияларда сапалы интернет пен ұялы байланыс болуы маңызды. Қонақүйлер мен демалыс орындарында баға саясаты да қолайлы болғаны жөн, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы бірқатар жауапты министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді. Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Ұлттық туристік порталдың, eQonaq көші-қон сервисінің, Такси қызметтері мен басқа да пайдалы цифрлық ресурстардың функционалын кеңейтуді қолға алатын болды.
Сонымен қатар Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Денсаулық сақтау министрліктеріне туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шетел азаматтарына арналған көптілді жедел байланыс желісін енгізу тапсырылды.
Тағы бір маңызды тапсырма – Туризм министрлігіне барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, бір айдың ішінде шетелдік туристердің Қазақстанда жайлы әрі қауіпсіз демалуын қамтамасыз етуге арналған іс-шаралар кешенін әзірлеу міндеті жүктелді.
Қазақстан бүгінде туризмді экономикалық даму мен халықаралық танымалдылықтың тиімді тетігі ретінде дамытып отыр. Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде еліміз жақын болашақта
Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Жол ашық, міндет нақты – енді сапалы жүзеге асыру маңызды.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий