Парламенттік реформа – ел болашағына әсер ететін маңызды қадам

Парламенттік реформа – ел болашағына әсер ететін маңызды қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында Президент бұл реформаның ел тағдыры үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, аталған тарихи міндетті іске асыру жолында жұмыс тобы мүшелеріне зор сенім артатынын жеткізді.

– Өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – аса маңызды әрі жауапты міндет. Жолдауымда бұл мәселенің азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы және қазіргі Парламент аясында кеңінен талқылануы қажет екенін айттым, – деді Мемлекет басшысы.

Отырыста Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет, саяси партиялар, заңгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері өкілдік етті. Президент олардың әрқайсысы елімізге танымал, салаларында тәжірибелі мамандар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның маңызын ерекше атап, жұмыс тобының әрбір мүшесі бұл тарихи миссияны терең түсініп, белсенді жұмыс атқаратынына сенім білдірді.

– Бүгінде елімізде саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістер жүйелі түрде жалғасуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды, – деді ол.

Президент елімізді жаңғыртудың негізгі бағыты – «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы екенін атап өтті. Бұл тәсіл Президенттік басқару жүйесінің тиімділігін сақтай отырып, Парламенттің рөлін күшейтуді көздейді.

Бір палаталы Парламентке көшу – халықаралық тәжірибеге сай қадам. Әлем елдерінің үштен екісінде дәл осындай жүйе қалыптасқан. Осыған орай Мемлекет басшысы ортақ ұстаным мен байыпты ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.

– Қазір қоғамда және әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтылып жатыр. Бірі бұл – «толысып жетілген идея» десе, енді бірі «реформаны жылдам іске асыру керек» деген пікірде. Азаматтардың белсенділігі – оң үрдіс. Алайда мұндай ауқымды реформаны асығыс жасауға болмайды. Себебі бұл – ел тағдырына тікелей әсер ететін шешім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу – Конституцияға шамамен 40 бап бойынша өзгеріс енгізуді талап етеді. Сонымен қатар кем дегенде 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңға түзетулер қажет болады. Бұл жұмыс – жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар күрделі үдеріс.

– Мұндай маңызды қадамға мұқият дайындық қажет. Сондықтан барша ұсыныс пен пікірлер жан-жақты зерттеліп, байыппен қаралады. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мен ұстанатын берік қағида, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Эволюциялық даму– басты бағыт

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алда тұрған реформаның концептуалды тұстарына тоқталып, негізгі ұстанымдарын жария етті.
Президент барлық реформаның бірізділікпен, эволюциялық жолмен жүзеге асатынын атап өтті. Яғни, бұл өзгерістер халықтың сұранысы, ұлттық ерекшеліктер мен мемлекеттің мүддесін ескере отырып жүргізіледі.

– Бұған дейін қабылданған саяси реформалар аясында парламенттік оппозиция институты енгізіліп, Мәжіліске өту шегі төмендетілді. 2022 жылғы конституциялық реформамен Мәжілістің құзыреті кеңейтілді – енді заңды қабылдау Мәжілістің құзырында, ал Сенат тек мақұлдайды. Бұл – алғашқы қадамдар. Енді саяси мәдениет деңгейінің артуына байланысты біртіндеп бір палаталы Парламентке көшу процесін бастаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа басқару жүйесі қалыптасуда

Президенттің айтуынша, парламенттік реформа – «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Бұл – еліміздегі жаңа саяси жүйенің негізі. Сонымен қатар Сенатты тарату туралы пікірлердің негізсіз екенін айтты:

– Парламентті реформалау Сенатты тарату емес. Мұндай қате түсінікке жол беруге болмайды. Мақсат – өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғырту, оның тиімділігін арттыру, – деді Президент.

e-Parlament – жаңа дәуірдің талабы

Қазіргі заман талабына сай, цифрлық технологиялар мемлекеттік басқаруға терең еніп келеді. Мемлекет басшысы заң шығару қызметін де осы үрдістермен ұштастыру қажеттігін атап өтті:

– Көптеген елде «цифрлық парламент» тәжірибесі енгізілуде. Бұл – халықты саяси өмірге тартудың және заң қабылдау тиімділігін арттырудың жолы. Болашақта e-Parlament жүйесі e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Бұл жаңа формат жылдам шешім қабылдауға бейімделуді, кәсіби жұмыс жүргізуді талап етеді, – деді ол.

Кәсібилік – басты талап

Президент болашақ Парламент мүшелерінің кәсіби деңгейі жоғары болуы қажет екенін ерекше атап өтті. Осы мақсатта Парламентті партиялық тізіммен жасақтау ұсынылып отыр.

– Бір палаталы Парламент жағдайында партиялар арасындағы кәсіби саяси диалог маңызды рөл атқарады. Бұл – популизм емес, нақты ұсыныс пен білімге негізделген жұмысқа жол ашады. Парламент – Тәуелсіздігімізді айшықтайтын маңызды институт. Ол алдағы уақытта да мемлекет тірегі бола береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсыныс – мұқият саралануы тиіс

Президенттің айтуынша, алдағы референдумға дейін барлық ұсыныс пен пікір мұқият сараланып, құқықтық және процедуралық жағынан пысықталуы қажет.

– «е-Otinish» пен «e-Gov» арқылы келіп түсетін ұсыныстар да назардан тыс қалмайды. Біз – Әділетті мемлекетпіз. Сондықтан әр азаматтың пікірін ескеруге міндеттіміз. Ата заңға енгізілетін өзгерістер терең зерттеліп, нақты дәлелдермен негізделуі тиіс. Бұл – өте жауапты кезең, – деді Мемлекет басшысы.

Жұмыс тобына сенім зор

Президент сөзінің соңында жұмыс тобының мүшелеріне зор сенім артылатынын атап, реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға сәттілік тіледі.

Жиынды Мемлекеттік кеңесші, жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин жүргізді. Отырыста заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Марат Бәшімов, сондай-ақ Азат Перуашев, Елнұр Бейсенбаев пен саясаттанушы Андрей Чеботарев өз пікірлерін білдірді.

 

Мақала интернет ақпараты негізінде дайындалды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!