Қостанай ауданында кітапхана жылы қорытындыланды
Қостанай аудандық орталық кітапханасының оқу залында «2025 жылғы кітапхана жылының қорытындылары. Болашаққа жоспарлар мен перспективалар» атты мазмұнды семинар өтті. Кітапханашылар бас қосқан бұл жиын кәсіби есеп беру ғана емес, шығармашылық шабыт пен жаңа бастамалардың алаңына айналды.
Семинарды «Қостанай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ директоры Татьяна Ликаева ашып, өткен жылдың негізгі жетістіктеріне тоқталды. 2025 жылы аудан кітапханалары жаңа жұмыс форматтарын енгізіп, оқырмандармен байланысты күшейтіп, бірқатар мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асырды. Директор кітапхана ұжымының ізденісі мен жауапкершілігін ерекше атап өтіп, алдағы міндеттерге нақты бағдар берді.
2026 жыл – ресми түрде Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы болып жарияланғаны семинардың басты тақырыптарының біріне айналды. Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланысты нығайту мақсатында фестивальдер, көрмелер, концерттер мен білім беру жобалары жоспарланған. Бұл бастама кітапхана ісіне де жаңа серпін бермек.
Осы тақырып аясында «Екі мемлекет – бір жол: Қазақстан мен Қытай» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. Қытай мәдениетіне арналған арнайы бұрыш безендіріліп, қатысушылар дәстүрлі символикамен, ұлттық тағамдармен және мәдени ерекшеліктермен танысты.
Жуков ауылдық кітапханасының кітапханашысы Евгения Степунина дәстүрлі қытай шай рәсімі туралы мазмұнды әңгіме айтып, оның философиялық мәнін түсіндірді. Қатысушылар шай дайындаудың кезеңдерімен, оның мәдени рәміздік маңызымен танысып, шығыс дәстүрінің терең мазмұнын сезінді. Сонымен қатар Қытай Жаңа жылының тарихы мен дәстүрлері туралы да кеңінен ақпарат берілді.
Семинардың іскерлік бөлімінде әдістемелік-библиографиялық бөлім меңгерушісі Роза Сатбаева 2025 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша баяндама жасады. Статистикалық көрсеткіштермен қатар, өткізілген кездесулер, әдеби кештер, шеберлік сағаттары мен түрлі жобалардың нәтижелері сараланды. Ал 2026 жылға арналған жоспарлар қатарында цифрлық қызметтерді дамыту, өлкетану бағытындағы жұмыстарды күшейту және жастар аудиториясымен жаңа форматта жұмыс жүргізу бар.
Балалармен жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Гүлсум Абдуллина «Жанды сөз» байқауының маңызын атап өтті. Бұл жоба жас оқырмандардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.
Семинар аясында заманауи технологияларға арналған шеберлік сабағы да өтті. Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен бейнелерді жандандыру тәсілдерін меңгеріп, цифрлық мүмкіндіктерді кітапхана жұмысына енгізу жолдарымен танысты. Бұл тәжірибе кітапхананың тек дәстүрлі емес, инновациялық алаң екенін көрсетті.
Библиограф Ульяна Зеркалий кәсіби білімді нығайту мақсатында «Библиографиялық анықтамалар: түрлері, ерекшеліктері және ұсынымдар» тақырыбында шағын сынақ ұйымдастырды. Ал семинар соңында кітапхана ісіндегі шығармашылық бағытты дамытуға арналған «Кітапханаға арналған сценарий әзірлеу» атты практикалық оқыту өткізілді. Әсіресе «Гарри Поттер және құпия бөлме» квест-ойыны тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырды.
Семинар қорытындысында қатысушылар 2025 жылды табысты аяқтап, жаңа мақсат-міндеттерді айқындады. Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, мәдениет пен идеялардың, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан орталығы екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Аружан Қанатбек

















Добавить комментарий