Қоныстандыру бағдарламасы: Қостанай ауданында демографиялық тұрақтылыққа бағытталған маңызды қадам
Бүгінгі урбанизация заманында азаматтар ауылдан қалаға көптеп көшуде. Бұл демографиялық теңгерімнің бұзылуына, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өмірінің әлсіреуіне және еңбек ресурстарының жетіспеуіне әкеп соқтыруда. Республикалық деңгейде қабылданған азаматтарды қоныстандыру бағдарламасы Қостанай ауданында осы күрделі проблеманы шешуге бағытталған.
Қостанай ауданында азаматтарды қоныстандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама өңірдің демографиялық жағдайын тұрақтандыруға және еңбек ресурстарын толықтыруға ықпал етіп келеді. Бағдарламаны іске асыру Қостанай ауданының Мансап орталығы филиалы арқылы жүзеге асырылуда. Аудандық әкімдіктің отырысында «Мансап орталығының» басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Таймасова 2025–2026 жылдары Қостанай ауданына азаматтарды қоныстандыру бағдарламасының іске асырылуы жайлы баяндады. Ол қоныс аударушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың жаңа ортаға бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан әртүрлі материалдық қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті.
Атап айтқанда, бір адамға көшуге арналған субсидия ретінде 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаты ұсынылады. Бұл көмектің көлемі 1625 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
Мемлекет қоныс аударушылардың тұрғын үй мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары субсидияланады. Қалалық жерге қоныс аударған азаматтарға отбасы құрамына байланысты 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлем қарастырылған. Ал ауылдық жерге қоныс аударғандарға 15-тен 21 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, мемлекет есебінен қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберу және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант беру мүмкіндігі бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай ауданында қоныстандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылды. Белгіленген жоспар бойынша 30 адамды қабылдау көзделгенімен, нақты көрсеткіш 32 адамды құрап, жоспар 106 пайызға орындалды.
Қоныс аударушылар негізінен еліміздің еңбек күші көп шоғырланған өңірлерінен келді. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан 13 адам, Астана қаласынан 8 адам, Түркістан облысынан 6 адам және Жамбыл облысынан 5 адам қоныс аударды.
Олар ауданның бірнеше елді мекеніне орналастырылды. Тобыл қаласына 4 отбасы, Заречный, Константиновка және Жуковка ауылдарына бір-бір отбасынан қоныстандырылды. Қоныс аударушылардың бірқатары тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың арасында аспаз, тәрбиеші, фармацевт, жүргізуші, менеджер, күзетші және жұмысшы сияқты мамандық иелері бар. Сонымен қатар бір азамат жүк тасымалдау саласында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қоныс аударушылардың бір бөлігі жалдамалы тұрғын үйде тұрса, бір отбасы мемлекеттен берілген субсидия арқылы жеке тұрғын үй сатып алған.
2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді. Облыстық квотаға сәйкес Қостанай ауданында 25 адамды қоныстандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспардың 72 пайызы орындалып, 18 адам жаңа тұрғылықты жеріне орналастырылды.
Биыл қоныс аударушылар Шымкент қаласы, Астана қаласы және Маңғыстау облысынан келді. Олар Рыспай, Заречное, Тобыл және Озерное елді мекендеріне қоныстандырылды. Қазіргі уақытта олардың бірқатары жұмыспен қамтылып, қалған азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары, аудандық аурухана және ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп бос жұмыс орындары ұсынылуда.
Жалпы алғанда, қоныстандыру бағдарламасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Қостанай ауданының ауылдық округтеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдау барысында соңғы жылдары кейбір ауылдарда халық санының азаюы байқалған. Еңбекке қабілетті тұрғындардың басқа өңірлерге көшуі, әлеуметтік нысандардың жүктемесінің төмендеуі және бос тұрғын үйлер санының артуы сияқты мәселелер тіркелген.
Мәселен, Балықты, Белозерка, Ульянов, Павлов, Половников және Шишкин ауылдарында осындай демографиялық үрдістер байқалады. Сондықтан бұл елді мекендерге қоныс аудару бағдарламасын белсенді түрде енгізу маңызды.
Осыған байланысты алдағы уақытта аталған ауылдарға қандастарды және қоныс аударушыларды тарту мақсатында ауылдық округтерге мобильді топтардың шығуын ұйымдастыру ұсынылып отыр. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі халық санын тұрақтандыруға, еңбек ресурстарын толықтыруға және бос тұрған тұрғын үйлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұндай бастамалар ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттырып, өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуға ықпал етеді.Қорыта айтқанда, азаматтарды қоныстандыру бағдарламасы Қостанай ауданы үшін демографиялық теңгерімді сақтаудың және ауылдық аумақтарды дамытуының маңызды құралдарының бірі болып отыр. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру алдағы уақытта өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып, ауылдардың тұрақты дамуына негіз болмақ.
Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, ауыл әкімдерінің жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоныс аударып келген отбасыларға барлық жағдай жасалып, олардың жаңа ортаға бейімделіп, тұрақтап қалуына жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс.
Аудан басшысы қоныстандыру бағдарламасы ауылдарды сақтап қалу үшін аса маңызды екенін айтты. Сондықтан облыстық тапсырмалардың сыртында аудан деңгейінде де қосымша шаралар қабылдау қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта аудандық арнайы бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Бағдарлама аясында әрбір ауылға кемінде бір отбасыдан қоныстандыру мәселесін жүйелі түрде ұйымдастыру көзделіп отыр.
Әкімнің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін аталған алты ауылдың әкімдері жақын арада оңтүстік өңірлерге барып, қоныс аударуға ниетті отбасылармен кездесулер өткізеді. Мұндай іссапарлардың негізгі мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және оларды Қостанай ауданының ауылдарына қоныс аударуға тарту.
Сонымен қатар жиын барысында ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қозғалды. Атап айтқанда, аталған ауылдардың мектептерінде қазақ сыныптарын ашу қажеттігі айтылды. Осыған байланысты аудан әкімі аудандық білім бөліміне алдағы оқу жылына дейін бұл мәселені жан-жақты қарастырып, нақты шешім қабылдауды тапсырды.
Жалпы, аудан басшылығының пікірінше, қоныстандыру бағдарламасын тиімді жүзеге асыру ауылдық елді мекендердің демографиялық тұрақтылығын сақтап, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
Аружан Қанатбек













Добавить комментарий