Московский ауылында мұсылман жамағатқа арналған намазхана ашылды
17 маусымда ауыл ақсақалдары, жекешелендірілген шаурашылық басшылары намазхананың ашылу салтанатына қатысты.
Иілікті істің басы-қасында болып, құрылыс жұмыстарын өз қадағалауына алған ауылдық округ әкімі Нұрлан Кузайбин намазхананың құрылысына демеушілік жасаған тұрғындарға ризашылығын білдірді.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылмандарға намазхананың маңызы зор. Намазхана діни парыздарын орындаушыларға лайықты орын болды. Ауыл тұрғындарына қолдау жасаған демеушілер: Аманов Асқар Әбілұлына, Естаев Алмат Ибрашұлына, Гарифуллин Рамил Насиповичке, Гарифуллина Инзюда Ситдиковнаға, Миштори Азатқа жамағат ризашылықтарын жаудырды.
-Енді ауыл тұрғындары намазханаға келіп, діни уағыздар айтып, әңгіме-дүкен құруына жағдай жасалған. Бұл намазхана жастарды имандылыққа тәрбиелейтін, игі істердің ошағы болары сөзсіз. Сонымен бірге ауызашар, ас беруге пайдалануымызға да болады. Болашақта мешітке айналыру ойымызда бар, – дейді ауыл ағасы Азат Миштори .
Көпті көрген қария, Московский ауылының қадірлі азаматы, қасиетті қара сөздің иесі – Сезімхан атамыз:
-Алла Тағала бұл намазхананы ізгіліктің, бірлік пен берекенің, білім мен сүйіспеншіліктің ордасы еткей. Осы намазханадан тәлім алған жастарымыз Қазақ елінің рухани дамуына өз үлестерін қосады деген сенімдемін. Алла Тағала намазхананы қалыпқа келтірген азаматтарға мол сауаптан жазғай. Рухани тәлім беретін бірден-бір орын –намазхана. Намазхананың атқаратын қызметі, қоғамдағы орны үлкен. Намазхана – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі бұндай орталық тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Намазхананың сауабы мол болатыны сондықтан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады» деген. Бұл намазхана жүрек тыныштығы мен барлық жақсылықтың ордасы болғай», – деп ақ батасын берді.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына қол ұшын берген ауыл тұрғындарына да құрмет көрсетілді. Атамыз жиналғандарды үлкен қуаныштарымен құттықтап, естелік сыйлыққа кітап тапсырды. Ауыл әкімі Нурлан Кузайбин намазхананың салынуына атсалысқан екі азаматқа шынайы алғысын жеткізіп, олардың иықтарына шапан жапты.
Жиынның соңында Рамил Насипович: – Осы намазхананың ашылуы құтты болсын. Жұмыс істеп, халқымызды мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелеуді, асыл дінімізді насихаттауда имандарымыз халық үшін жұмыс атқара берсін. Іші жамағатымызға толсын, -деп ақ тілегін айтып, барлық көмектескен азаматтарға алғысын білдірді.
Салтанатты жиыннан кейін көпшілікке ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды.
Жұмабике НҰРСЕИТОВА,
Озерный негізгі орта
мектебнің директоры
Добавить комментарий