Міндет. Қызмет. Абырой
Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету саласы соңғы он шақты жылдың ішінде күрделі реформаға түсті. Бүгінде бұрын-соңды болмаған жаңа сипат, өзгеше мазмұнға ие болды. Ең бастысы, халыққа қызмет көрсетудің сапасы артып, көптің қолайына жаға бастады.
Өткенге зер салсақ…
Тарихи өлшеммен алсақ, мемлекеттік қызмет көрсету деген ұғым елімізде бертінде ғана пайда болды дегенді айтады осы саланың жілігін шағып, майын ішкендер. Бұрын кеңестік билік жүйесінде, одан кейінгі тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығында мұндай ұғым тек саяси-құқықтық тұрғыда ғана емес, ғылыми тұрғыдан да бізге онша мәлім емес еді. Бұл ұғым Әкімшілік рәсімдер туралы заңда 2007 жылы ғана алғаш рет пайда болды. Мемлекеттік аппарат бола тұра, бұрын-соңды мұндай қызмет неге көрсетілмеді? Сауалдың туындауы заңды. Жауап ретінде мемлекеттік қызмет ардагері Римма Ғайсенованың сөзін бере кетейік: «Мемлекеттік қызмет бұрын да көрсетілді, бірақ, оған көзқарас басқашатұғын. Мемлекеттік аппарат халыққа қызмет етеді деген ұғым болған жоқ. Ол кездегі басқару жүйесінің нұсқаушылық сипаты басым еді. Енді заман өзгерді. Еліміз тәуелсіздік алғалы, 2000-шы жылға дейін жалпы мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырдық. Екі палаталы парламент құрылды, сот жүйесі орнықты, тағы басқа да түбегейлі реформалар бар. Екі мыңыншы жылдан бері қарай кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында тың ізденістер басталды. 2012 жылы жаңа үлгідегі мемлекеттік қызмет жөніндегі тұжырымдама қабылданды. Сол құжатта «Мемлекеттік қызмет ұлт пен қоғам мүддесіне қызмет етудің баламасы болуы шарт» деп алғаш рет жазылды. Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету саласы – халық пен мемлекеттік билік өкілі бетпе-бет кездесетін бірден-бір алаң. Дәл осы алаңда әр азамат өзінің мемлекеттік билікке қатысты ой-пікір, көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету тетіктерінің халық үшін мейлінше ыңғайлы, қолжетімді, ашық болуын қамтамасыз ету басты міндет».
Қазір мемлекеттік қызмет көрсету әдісі түбегейлі өзгеріп, сапасы өсті. Бұған дейін анда бір, мында бір шауып, табан тоздырып келген азаматтар енді бір жерден бірнеше құжатты алу мүмкіндігіне ие. Бұл, ең бастысы, жемқорлық тәуекелін жойды. Себебі, құжатты беретін мемлекеттік қызметші мен тұтынушының арасында тікелей байланыс жоқ. Қазір шенеуніктің есігінің түбінде ешкім бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтіп тұрмайды. Өзіне керек құжатты халыққа қызмет көрсету орталығынан, қазіргіше айтсақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан барып алады. Әуелде бұл орталықтарды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Әділет органдарына тапсырған еді. Өйткені, бұл орталықтарға қатысты заңнамалық негіз болған жоқ. Әділет саласы қысқа мерзім ішінде тиісті заңдарды қабылдап, заңнама жүйесіне өзгерістер енгізді. Сол кезден бастап ХҚКО деген ұғым қалыптасты. Осылайша елімізде бұрын-соңды болмаған құқықтық инфрақұрылым пайда болды. Бірақ, кейінірек олар да тығырыққа тірелді. Себебі, халыққа қызмет көрсету орталықтарын өңірлерде, аудандар мен қалаларда құру, оған арнайы ғимараттар тұрғызу, оны жабдықтау сияқты мәселелер көпке дейін шешілмеді. Содан Елбасы ХҚКО-ның құзыреттілігін жергілікті билікке тапсырды. Соның арқасында қысқа мерзім ішінде барлық аудандарда халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, жұмысқа кірісіп кетті. Бірақ, уақыт өте келе олар да сынға ұшырады. Жергілікті биліктің өз шаруасы бастан асып жатыр. Ал ХҚКО-да ұзақ уақыт кезек күтіп қалу, анықтамалық құжаттарды тезірек алу үшін жең ұшынан жалғасу деген сияқты келеңсіздіктер орын ала бастады. Мұның сыртында, мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты мәліметтердің ортақ көзін қалыптастыру қажеттілігі туындады. Өйткені, сол кезде басқа қалада бірнеше үйі бола тұра, келесі бір қалаға көшіп барып, баспана кезегіне тұратын көші-қон алаяқтары көбейіп кетті. Бұдан да басқа мәселелерді оңтайлы реттеу үшін әр мемлекеттік қызмет түрі бойынша республикалық бірыңғай база керек болды. Сонымен қатар, ХҚКО қызметін біріздендіру, бірыңғай жолға қою, оларға бір-бірінің жұмысын көріп отыратындай мүмкіндік жасау қажет еді. Бұл орталықтардың жұмысына қатысты азаматтық даулар көбейді. Осының барлығы екшеліп, таразылана келе, халыққа қызмет көрсету орталықтары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзырына тапсырылды. Содан кейін архив қорларында хатталып жатқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қағаз құжаттардың барлығы цифрлық жүйеге көшірілді. БҰҰ жыл сайын осы электронды үкімет және цифрландыру жөнінде есеп тіркеп отырады. Олардың есебінше, қазір Қазақстан әлем бойынша отыздықтың о жақ, бұ жағында тұр. Ал Орта Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекетерінің ішінде 7-ші орында.
Жетілдірер тұстар бар
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің (мекеменің қазіргі атауы – ҚР Мемлекеттік істер Агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаменті) бұрынғы басшысы Салауат Мүксімов жыл басында тілшілерге берген сұхбатында саладағы жетілдірер тұстарды тілге тиек еткен еді. Тұшымды пікір алмасудан үзінді келтірейік: «Мемлекеттік қызмет түрлерін үздіксіз жетілдіріп отыру заңда осы процестің басты қағидаты ретінде жазылған. Сондықтан, бүгін қол жеткен нәтижеге тоқмейілсіген дұрыс емес. Біраз белестен өттік. Регламентті, стандартты жасадық. Қазір автоматтандыру кезеңіне көштік. Мұның барлығы жетілдіру тәсілдеріне жатады. Стандарттауды алатын болсақ, оның да өзінің қалыптасу тарихы бар. 2007 жылдан бері қарай стандарттау тәсілі бірнеше рет өзгерді. Үкімет алғашында көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне қатысты стандарттарды жасап, бекітуді тікелей мемлекеттік органдардың өздеріне тапсырды. Содан кейін қанша мемлекеттік орган бар, сонша стандарт пайда болды. Бір облыста немесе ауданда белгілі бір қызмет түріне жасалған стандарт, келесі бір облыста немесе ауданда жасалған дәл осындай стандарттан мазмұны, талабы жағынан мүлде бөлек кетіп жатты. Мысалы, бір әлеуметтік жәрдемақыны алуға кей жерде 2 күн, екінші аймақта 4 күн керек болды. Осындай жүйесіздікке жол берілді. Содан кейін бұл стандарттарды жергілікті билік бекітпейді, оны сол салаға жауапты министрліктер бекітіп береді деген ұйғарым жасалды. Мұның да кемшілігі бар. Әдетте сол қызметті көрсететін жергілікті билік оның артық-кем тұсын өз тәжірибесі арқылы көріп-біліп отырады. Мәселен, азаматқа белгілі бір құжатты дайындап беру үшін 4 күн тым көп. Адамды сонша күттіргенше, неге бір күнде дайындап бере салмасқа? Мүмкіндік бар ғой. Мұны сол стандартты бекітетін министрлік көрмейді. Өйткені, ол халыққа күнделікті, тікелей қызмет көрсетпейді. Аралық байланыс қиын. Ол тіпті жергілікті билікті естімеуі де мүмкін. Сондықтан, республикалық, өңірлік деңгейде арнайы ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр», – деген еді Салауат Мүксімов.
Жемісті жұмыс
Өңірде мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру жұмыстары жолға қойылып, электронды нұсқада ұсынылған қызметтер саны едәуір артқан. Салаға енгізілген реформалар бүгінде оң нәтиже беріп жатыр. Бұған ҚР Мемлекеттік істер Агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаментінің басшысы Асхат Ескендіровтің сөзі дәлел. Оның айтуынша, жемісті жұмыстың бірі – жоғары білікті кадрларды дайындау мақсатында мемлекеттік қызмет мектебінің ашылуы. Тәжірибелі мамандар мұнда жастарға дәріс оқып, тренингтер өткізеді.
«Арқалық қаласында былтыр тестілеу орталығы бой көтерді. Оңтүстік аудандарда мемлекеттік қызметке орналасуды көздеген үміткерлер облыс орталығына бармай, осы жерде тест тапсыра алады. Былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің 13 отырысы өткізіліп, мемлекеттік қызметшілерге қатысты 61 іс қаралды. 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Еңбек өтілін дұрыс есептеу нәтижесінде Қостанай облысының 240 ауылында мемлекеттік қызметшілер жеткіліксіз екені анықталды. Мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғау бойынша заңнама талаптарын сақтау – басты міндетіміз. Осы бағытта бақылауды жүзеге асыру шеңберінде Департамент қызметкерлері арасында сауалнама, талдаулар мен мониторингтер өткізіп тұрамыз. 2019 жылы қызметшілердің еңбек өтілінің дұрыс есептелмеуіне байланысты 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, 300 мың теңге іссапар шығындары төленбеген», – деп атап өтті Асхат Ескендіров журналистермен жүздесуінде.
Қазір облыс бойынша мемлекеттік қызметтің төрт жүзге тарта түрі көрсетіледі. Олардың ішінде 80% электронды, қалғаны қағаз жүзінде. Алдыңғы жылдарға қарағанда электронды қызмет көрсету деңгейі екі есеге молайған. Оның бір себебі – денсаулық сақтау саласына кешенді медициналық ақпараттық жүйенің енгізілуі. Осының есебінен электронды қызмет көрсету деңгейі де едәуір өсіп отыр.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
Добавить комментарий