Мемлекеттік қызметшілер күні: жаңғыру дәуіріндегі жаңа бетбұрыс

Мемлекеттік қызметшілер күні: жаңғыру дәуіріндегі жаңа бетбұрыс

23 маусым – елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – мемлекеттік басқару жүйесінің өзегінде тұрған, ел тағдырына тікелей ықпал ететін жандардың еңбегіне құрмет көрсету күні. Ал биылғы мереке жаңғырумен, цифрландырумен және кәсіби реформалармен есте қалмақ.

Мемлекеттік қызмет – жай ғана лауазым немесе жұмыс орны емес, бұл – халықтың мүддесі үшін күнделікті адал еңбек, ел болашағына деген жауапкершілік. Мемлекеттік қызметкер – ел мен халық арасындағы алтын көпір. Оның білімділігі, әдебі, шешім қабылдаудағы парасаты – қоғамның мемлекеттік басқаруға деген сенімін қалыптастырады.

Қазіргі кезеңде мемлекеттік аппарат жаңа сипатқа ие болуда. Бұрынғы бюрократиялық кедергілер, қағазбастылық пен жабықтық орнына – ашықтық, әділеттілік пен цифрландыру келіп отыр.

Жыл басынан бастап бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда мемлекеттік қызметшілер үшін бес күндік жұмыс аптасы толық енгізіліп, демалыс тәртібі жеңілдетілді. Бұл – қызметкердің еңбек пен тынығу тепе-теңдігін сақтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Әдеп кодексі жаңартылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары күшейтілді. Декларация тапсыру тәртібі нақтыланып, ашықтық пен қоғамдық бақылау қағидаттары кеңейтілді.

Мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі енгізіліп, біліктілікке сай жалақы мен мансаптық өсуді қолдаудың тетіктері жасалды. Электронды жүйелер, цифрлық платформалар арқылы қызмет сапасы едәуір арта түсті.

Бұл тек техникалық өзгерістер ғана емес – бұл мемлекеттік қызметтің мазмұны мен философиясының жаңаруы.

Қостанай үлгісі: әділдікке жол ашқан пилоттық жоба

Қостанай облысы мемлекеттік қызметке қабылдаудың автоматтандырылған жаңа моделін алғашқы болып енгізіп отыр. EQyzmet жүйесі арқылы барлық конкурс онлайн түрде өтеді. Бұл біріншіден таныс-тамырлыққа жол бермейді. Сынақтар прокторинг арқылы бақыланып, әділдік қамтамасыз етіледі. Жоғары балл жинағандар онлайн сұхбатқа шақырылып, нәтиже автоматты түрде шығарылады.

Мұндай жаңашылдық – жастар үшін нақты мүмкіндік, қоғам үшін әділеттілік кепілі.

«Мемлекеттік қызметкер қандай болу керек?» деген сұрақтың маңыздылығы күн бе күн артып келеді. Өйткені, бүгінгі мемлекеттік қызметкер – елдің айнасы. Оның бойында халықтың сеніміне селкеу түсірмеу үшін адалдық қасиеті биік болуы тиіс. Ал заңды жетік меңгеріп, шешім қабылдауда сауаттылық таныту үшін біліктілік қажет.

Сыпайылық пен әдептілік – халықпен тіл табысып, азаматтардың жанын түсіну үшін керек.
Сондықтан, халықпен жұмыс істеуде әрбір мемлекеттік қызмер тұрғындарды тыңдай білуге, жағдайды түсінікті тілмен жеткізуге, жедел әрекет етіп, әр өтінішке жауап беруге міндетті.

Сандар сөйлейді

2024 жылдың соңына қарай Қазақстанда 82 951 мемлекеттік қызметкер тіркелген. Соңғы жылдары бұл салада оңтайландыру мен кадрлық қысқарту жүзеге асқанымен, әлі де шешілмеген мәселелер бар.

Оның бірі – кадр тапшылығы мен тұрақсыздық. Төмен жалақы мен шектеулі мансаптық өсу – жастардың бұл салаға бет бұруына кедергі. Кей өңірлерде бос орындар 15%-дан асып кеткен.

Сонымен қатар, қызметке орналасудағы әділетсіздік, «таныстықпен» шешілетін істер халықтың билікке деген сенімін әлсіретуде.

Бүгінгі күні онлайн платформалар бар болғанымен, іс жүзінде көптеген қызмет түрлері әлі де ұзақ, күрделі әрі беймаза. Сондықтан бюрократия мен қағазбастылықтан арылу маңызды.

Әрбір азаматтың өтінішін қабылдап, нақты шешім ұсыну – әлі де көптеген мемлекеттік органның әлсіз тұсы. Бұл қоғаммен кері байланыстың әлсіздігі.

Мемлекеттік қызмет – бұл мәртебе емес, миссия. Бұл – мемлекеттің тірегі, халықтың үміті. Жаңашыл, әділ, жауапты және білікті мемлекеттік қызметкер – Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің кепілі. Мемлекеттік қызметшілер күні – тек кәсіби мейрам ғана емес, сонымен бірге елге қызмет етудің биік борышын еске салар тағылымды күн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!