Әліппенің ар жағы – білім бағы

Әліппенің ар жағы – білім бағы

Елімізді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдермен терезесін тең ететін күш – білім мен білімді ұрпақ. Білімді ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Оқушының ойын байытып, сауатын молайтып, білім нәрімен сусындататын – кітапхана. Сол ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі – мектеп кітапханасы.

Айсары жалпы білім беретін мектебінде тағылымы терең, мазмұнды да қызықты кештер жиі өтіп тұрады. Мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Көшек Мейрамкүл Базарқызы үнемі кітаптар арқылы насихат жүргізіп, ақын-жазушылар, мереке, атаулы күндер жайында кітаптар көрмесін ұйымдастырып, тәрбие жұмыстарын жиі өткізеді.

Мейрамкүл Базарқызы оқушылардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, отаншылдығын, адамгершілігін, халқымыздың қилы тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдени мұраларын түсіне білуіне басты назар аударады. Ақын-жазушылардың туған күніне орай тақырыптық сөре ұйымдастырып, оқушыларға ақын жайлы толық мағлұмат беріп отырады. Оқушылар үзіліс уақытында кітапханаға ағыл-тегіл келіп, оқуға кітаптар алғанын көргенде сүйсіне қарайсың.

Жақында мектебімізде Әліппені аяқтап, әріп танып, өз беттерімен сөздер жаза алатын бірінші сынып оқушыларын дәстүрлі кітапханаға оқырман ретінде қабылдау кеші өткізілді. Кешті мектеп кітапханасының меңгерушісі Мейрамкүл Базарқызы мен ауылдық кітапхана меңгерушісі Айгүл Абилева ұйымдастырды.

Мақсаты – балаларды кітапханамен таныстыру, оқырманның міндеттері жөнінде түсінік беру. Кітап оқуға деген сүйіспеншіліктерін арттырып, қызығушылығын ояту. Мектеп басшысы Рағат Қабылан Қытайбекұлы бүлдіршін оқырмандарды құттықтап, тілегін білдірді. Оқушыларды білім жолына бастау алуларымен құттықтап, өздерінің алғашқы ұстаздары Арыстанбек Тазагүл Базарқызы мен Таева Жанай Сагидолловна мен ата-аналар еңбегінің арқасында әріп танып, сан санап, білімдерін толықтырып жатқандарын айтты.

Сонымен қатар кітапханада балаларға арналған кітаптар мен «Ертегілер әлемі» атты ертегі кейіпкерлері жөнінде мағлұматтар берілді. Оқушыларға кітапхананың кішкентай оқырмандары ретінде жеке-жеке оқырман формуляры толтырылды. Кеш соңында балаларға кітап оқуда өте пайдалы нәрсе, кітапты бағдарлауға көмектесетін, кітапқа ұқыпты қарауға ықпал ететін тамаша сыйлық – Бетбелгі мен оқырман куәлігі табысталды.

Дарига БЕРСҮГІРОВА,
Айсары жалпы білім беретін мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Комментариев (1)

  • Жанай Reply

    Ооо жарайсыз Дарига апай

    08.02.2024 at 8:47 пп

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!