Әлімжан БЕКМАҒАМБЕТОВ: «Тарихи сабақтастық жалғасады деп сенемін»

Әлімжан БЕКМАҒАМБЕТОВ: «Тарихи сабақтастық жалғасады деп сенемін»

Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ заң факультетінің деканы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеуіне қатысты пікір білдірді.

«ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен еліміздің қалыптасу жолындағы еңбегі орасан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері өзіне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындап, мықты саясаткер екенін сөзсіз дәлелдеп шықты. Қазақстан елдігін бекемдеп, туын биік ұстап, мақсаттарын анықтап қана қойған жоқ, әлем жұртшылығы таныған мемлекетке айналды. Билік тұтқасын ұстайтын келесі азамат осы даму үрдісін одан әрі ілгерілетіп, тарихи сабақтастықты жалғастырушы болады деген үміттемін», – дейді Әлімжан Бауыржанұлы.
Оның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлау – елімізде тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді, саяси, экономикалық қарым-қатынастарды қаз қалпында сақтай отырып, өркениет көшінен қалмауға мүмкіндік беретін игі қадам. Алдағы саяси науқанда біздің қоғам лайықты үміткерін таңдап, халқымыз онымен біріге, күш жұмылдыра жұмыс істейді деп сенеді.
«27 жыл ішінде Қазақстан өзін бейбітшіл, зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде таныта білді. Кезектен тыс сайлау өткізу елдің өркендеуіне, жаңа өзгерістерге бейімделуге жол ашады. Тұңғыш Президент ұсынған стратегиялық бағдарламаларды тиімді іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Елдің жаңа президентін көп кешіктірмей сайлап алу уақыт қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені, саяси тұрақтылықты сақтап, экономикалық өрлеуді тежемеу, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламалардың жалғастыру, бәсекеге қабілетті, озық дамыған мемлекеттердің заманауи керуен көшіне ілесу, өрелі өзгерістер жасау халық жаңа көшбасшымен тікелей байланысты. Сондықтан, барша мамандар, сарапшылар қауымы, зиялылар үндеуді қолдап, сайлаудың мерзімінен бұрын өткенін қазіргі кезеңде қай жағынан тиімді екенін мәлімдеп жатыр. Біз де осы үн қатысып, көпшілікті сайлауға қатысуға шақырып жүрміз», – дейді ҚХА Қостанай облысындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі.
Бүгінде Қазақстан ұлттар мен ұлыстардың татулығының жарқын үлгісін көрсетіп отырған мемлекет. Осы қазақстандық модель бірқатар елдерге үлгі болып отыр дегенді айтады белсенді.
«Мен жетекшілік ететін консультативтік орган жағдайды үнемі назарда ұстауда. Этносаралық, конфессияаралық келісім, тұрақтылық бізге жайдан-жай келген бақыт емес, бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының нәтижесі, қазақстандық модельдің жемісі. Бұл модельдің авторы тұңғыш президентіміз екенін жақсы білесіздер. Осы тұрақтылықты сақтау – әрқайсымызға сын. Сол үшін біз, бірқатар ғалымдар тобы жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Әлімжан Бекмағамбетов.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!