Керлинг спорты: зердесі зерек жастар
Керлинг – бір қарағанда, басқа спорт түрлерімен салыстыра келе, өзіндік ерекшелігі бар спорттың түрі. Елімізде керлинг спорты дамып келеді, әрі біздің Қостанай қаласында да соңғы жылдары керлинг спорт түрімен айналысатын жастардың саны айтарлықтай көбеюде.
Керлинг – ежелгі спорт ойындарының бір түрі болып есептеледі, бұл ойынның пайда болу тарихы Шотландияда орналасқан Данблейн атты кішкентай қалашықтан бастау алады. Жаңа да таңсық спорт түріне – керлингке – қазақстандық спортшылардың қызығушылығы 2000-шы жылдың басында артқан. Ал 2003 жылдың қараша айында Қазақстан Керлинг Қауымдастығы ресми түрде құрылды. Тасты белгілі бағытқа дұрыс айналдырып жібере білу – ерінбей тер төгудің арқасында ғана қол жеткізуге болатын өнер. Керлинг – ұжымдық ойын. Әр команданың сапында төрт адамнан болады.
Бұл ойын – ұзындығы 44,5 метр тік бұрышты мұз айдын үстінде ойналады. Гранит тастың салмағы – 20 келі. Екі команда тастарды қарсы беттегі «үйдің» орталығына қарай неғұрлым жақынырақ орналастыруға тырысады. «Үйдің» орталығына неғұрлым жақынырақ орналасқан тастар ғана ұпай әкеледі. Қалғандары есепке алынбайды. Әрбір спортшы тасты қолына ұстап, тасты тайғанақ мұз бетімен сырғанатып жіберуі керек. Тек аяқпен ғана екпін алуға рұқсат беріледі. Қалған бос ойыншылар тастың жолын ысқылап, мұз бетін өте ұсақ кедергілерден тазартып, оның жылжуына мүмкіндік жасайды. Ысқылаудың өзі толық бір ғылым іспетті. Жалпы, керлинг – қара күшті емес, жоғары дәлдік пен айла-тәсілді қажет ететін ойын. Сондай-ақ, ептілік пен сабырлық сыналады.
Спорттың адам өміріндегі алатын орны ерекше. Қандай спорт болмасын, өзінді осы спортта болашақта көрсең, онда бұл сенің жоғары белеске жетуінің айқын жолы.
Елімізде жас ерекшеліктеріне сәйкес спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуда. Облыс орталығында 2022 жылы ашылған спорт кешені керлингпен айналысамын дегендерге де есігін айқара ашып отыр. Қостанайда керлинг құрамасы 2020 жылдың ақпан айында пайда болды, оның негізін қалаушысы – А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ дене шынықтыру және спорт факультетінің оқытушысы Аманжол Төлегенов. Бастапқы спорттық құрама баскетбол, волейбол және каратэ спорт түрімен айналысатын адамдарды құрады. Тәжірибелі спортшыларға жаңа, дербес спорт түрімен айналысу қиынға соққан жоқ. Екі жыл ішінде облыстық команда ішкі аренада өзін жақсы жағынан таныта білді. Оған қоса қаламыздың керлинг командасына 9-15 жас аралығындағы бастапқы дайындық тобына қабылдау жыл сайын өткізіледі.
Керлинг спортының ойыншысы әрі жаттықтырушысы Абай Нұрбаев тек Қостанай аймағында емес, сондай-ақ басқа да облыстарда жоғары дәрежеде ойын көрсетіп, керлинг спортының жоғары шыңдарын бағындыруда.
-1-ші курстың аяғында мен керлинг спортына ынтызар болып, айналыса бастадым. Керлинг спортының негізін қалаған Аманжол Төлегенов осы спортқа бастапқы қадам жасауға үлкен серпін жасады. Алғашқы жарыс Алматы қаласында сәтті өтті және осыдан кейін керлингке деген қызығушылық арта түсті. Керлингке дейін, әрқилы спорт түрімен айналысқан едім, оның ішінде жүзу, жеңіл атлетика бар, бірақ керлинг спорты өзінің өзгешелігімен мені баулап алды. Қазіргі уақытта керлинг спортымен айналысып келе жатқаныма екі жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген жарыстарға қатыстым. Ол Қазақстан чемпионаттары, жасөспірімдер арасындағы жарыс, Универсиада, Спартакиада және облыстық жарыстар. Жылына 6-7 рет жарыстарға қатысуға мүмкіндік бар. Спортта бәсекелестік жоғары, әрдайым шындалып келеміз.
Жетістіктерімізде баршылық -Қазақстан чемпионатында, Универсиада ойындарында 1-ші және 2-ші орын, жасөспірімдер арасында өткен жарыста 1-ші және 3-ші орынға ие болдық, – дейді спортшы.
Абай Нұрбаев аз уақыт ішінде тек өзі жаттығып, үйреніп қана қоймай, балаларға да үйретіп, тәжірибесімен бөлісуде.
Қысқы спорт додасындағы ең қызықты әрі ең күрделі ойындардың бірі – керлинг. Сырт көзге түсініксіз болғанымен шытырманға толы спорт түрлерінің бірі болып келеді.
Керлинг Федерациясының жетекшісі әрі қаламызда осы спорттың негізін қалаған Аманжол Төлегенов, ынтызар жастардың басын біріктіріп, осы уақытқа дейін жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
– Керлинг спортына 7 жастан бастап қатысуға болады. Қазіргі уақытта бізде керлинг спорты бойынша 4 дисциплина бар. Олар: аралас жұп, ұлдар, қыздар және аралас команда. Осы аталған дисциплина бойынша жарысқа түсеміз. Аталмыш спорт түрі енді ғана дамып келеді, керлинг Олимпиадалық спорт түрі болғандықтан жастар осы спортқа белең тартылып жатыр. Мәселен, Абай Нұрбаев секілді шәкіртім, өзі осы тұста шәкірттерін жинап, ұжым құрып келуде. Үгіт-насихаттау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде де, жастар мен балалар керлинг спорты туралы ақпарат біліп, осы спортты меңгеруге талпыныс жасайды. Қазіргі уақытта бізде 4 команда қалыптасты. Олар, 1-ші бастапқы топ, 2-ші бастапқы топ, сауықтыру тобы және оқу-жаттығу тобы. Әр топ 12-14 адамды құрайды. Орта есеппен 50-ге жуық балалар керлинг спортымен айналысады,- деп атап өтті керлинг жетекшісі.
Керлинг – бұл ең бастысы дәлдік, жылдамдық, жинақылық және жақсы физикалық төзімділікті талап ететін спорт түрі. Ойын уақыты ұзақ болғанымен, оның барысында тастың жолын жақсы бағыттау үшін дененің белгілі бір позицияларын ұстап тұру және тұрақтылықты сақтау керек. Керлинг, әрине, бүкіл дененің бұлшықеттерін дамытады. Жастар, сонымен бірге балалар да осы спортқа құмар. Мәселен, керлингтің жас спортшысы Эльдар Жолдыбаев бір жыл уақыт ішінде жақсы нәтижеде ойын көрсете білді.
-2022 жылдың қазан айынан бастап Эльдар керлинг спортымен айналысып келеді. Мектебі спорт сарайының маңында орналасқандықтан, бір күні керлинг спортына қатысып, кейін қызығушылығы арта түсті. Бір жыл уақыт аралығында керлингтен үшінші дәрежеге көтерілді. Керлинг Эльдарды мұз айдынында ойлау, эмоцияналды тартыс болғандықтан қызықтырды деп ойлаймын, ал қазіргі уақытта осы спортқа әуес қоюда,-дейді жас спортшының әкесі Нұрлан Жолдыбаев.
Біреулер үшін спорт тек хобби ретінде келсе, ал кейбіреулерге спорт олардың өмірлерінің бір бөлшегіне айналады. Мәселен, жас ойыншы Абай Нұрбаев осы спорт түрімен айналысуға ынта қуып келуде.
-Керлинг спорты менің болашағым, жемісім. Мансапты құруға алғашқы қадамды осы спорттан бастаудамын. Керлингпен әлі де айналысып, дамытуға тырысамын. Елімізге бұл спорт енді ғана қадам басып, даму үстінде. Жаңа спорт түрі болғандықтан, жастар қауымын қызықтырады. Жастар көптеп осы спортқа тартылады деген ойдамын. Басты мақсат осы спортта өзімді дамыту, болашақ спортшыларды жаттықтыру, оларды әзірше Қазақстанда паш етіп көрсету, кейін әлемдік дәрежеге көтерілу. Ал болашақта мақсатым Олимпиадалық ойында бақ сынасу,-дейді спортшы.
Добавить комментарий