ХХІ ғасырдағы ата-ана қандай болуы керек?
Биылғы оқу жылының басында республика бойынша 1, 10, 11 сынып оқушыларының ата-аналарына психология-педагогикалық көмек ретінде конференция өткізілді. Ондағы мақсат – әр ата-ананың баласына деген жауапкершілігін арттыру.
Мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінде өткен конференцияны оқу ошағының директоры Көпжасар Қажымұқанұлы ашып берді. Сөз жарысында ұстаздар мен ата-аналар түрлі тақырыптарда ой өрбітті.
Ақпараттық қауіпсіздік, балаларды интернет арқылы түсетін жағымсыз ақпараттан қалай қорғау қажет? Интернетке тәуелділік қалыптасуының қалай алдын алуға болады? Бұл сұрақтарға берілген жауаптар бір жерден шықты: баланы үнемі бақылауда ұстау, дұрыс бағытқа жол сілтеу.
Мектеп ортасына бүлікшіл ағымдар енгізуді болдырмау, діни атрибутика киюге тыйым салу мәселесі талқыланып, отбасылық құндылықтарды ілгерілету және нығайту, бала тәрбиесі үшін отбасы берекесінің маңызы турасында айтылды.
Оқуға бейімделуге тиімді көмек шаралары, үш «Б» заңы: Бейімдеу, Бедел, Белсенділік. Осы төңіректе де пікір білдіргендер аз болмады. Баланың өзін-өзі бағалауын арттыру, ҰБТ-ға дайындық және оны тапсыру барысында жасөспірімге ата-ананың психологиялық көмегі, кәмелетке толмаған балалардың суицидтік (ауто-деструктивті) мінез-құлқының алдын алу жөнінде де біраз әңгіме айтылды.
Конференция бағдарламасында жоғарыда аталған проблемаларды шешу бойынша ұсынымдар ғана берілмеген, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша жасалған бейнероликтер де қамтылған. Олардың міндеті – отбасылық тәрбие міндеттерін түсінуді бекітетін жарқын, эмоциялы сезімдерге толы образдар беру.
Әрбір ата-ана өз тәжірибесінен біледі: бала дамуындағы жасөспірімдік кезеңнің басталуы оның физиологиясының, психикалық реакциялары мен мінез-құлқының айтарлықтай өзгеріске ұшырауымен байланысты. Психологтардың жасөспірімдік жасты «дағдарысты» деп атауы кездейсоқ емес. Және бұл дағдарыс алдыңғы жастық дағдарыстардан, бала өмірінде үш жасында және жеті жасында болатын дағдарыстардан айтарлықтай ерекшеленеді. Олармен салыстырғанда, жасөспірімдік дағдарыс әлдеқайда қиынырақ болады және ұзақ уақыт жүреді.
Жасөспірімнің бұны қалай жеңетініне, осы қиын кезеңде ата-анасынан қандай көмек алатынына көп нәрсе байланысты. Жоғарыда қаралған әр мәселеге жеке-жеке тоқталып, шешім қабылданды. Мұндай конференциялар қазан айына дейін жалғасын табады.
Толқын ҚҰСАЙЫНОВА,
педагог-психолог
Добавить комментарий