Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты
Мемлекет басшысы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді. Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысына өңірде мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту туралы баяндалды. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады. [...]












