Жаңа Конституция – әділ сот төрелігінің негізі
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл – заң үстемдігіне, әділеттілікке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген еліміздің дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиға.
Қостанай ауданаралық сотының төрағасы ретінде Конституция – мемлекеттің Ата Заңы ғана емес, сот билігі қызметінің берік іргетасы екеніне сенімдімін. Дәл осы Конституция сот төрелігінің конституциялық негіздерін айқындайды, соттардың тәуелсіздігіне кепілдік береді және әрбір азаматтың тиімді сот арқылы қорғалу құқығын бекітеді.
Бүгінде сот жүйесіне ерекше міндет жүктеліп отыр. Ол – Конституция нормаларының нақты іске асырылуын қамтамасыз ету, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Судьялардың кәсібилігіне, бейтараптығына, объективтілігіне және заң талаптарын мүлтіксіз сақтауына қоғамның сот билігіне деген сенімі тікелей байланысты.
Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағытын айқындайды. Соттардың алдында заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту, сот төрелігінің сапасын арттыру және уақыт талабына сай заманауи сот тәжірибесін қалыптастыру міндеттері тұр.
Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құру әрбір азаматтың Конституция мен заңдарды құрметтеуінен басталады. Жоғары құқықтық мәдениет, заңдылықты сақтау, мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі – еліміздің тұрақтылығының, қоғамдық келісімнің және орнықты дамуының басты кепілі.
Судья үшін Конституция – құқықтың қайнар көзі ғана емес, кәсіби қызметтің басты ұстанымы. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында біз тек Конституция мен заңды басшылыққа алып, әрбір адамның әділ сот талқылауына және құқықтарының тиімді қорғалуына кепілдік беруге міндеттіміз.
Жаңа Конституция сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға, сот төрелігінің тиімділігін арттыруға және заң үстемдігі, әділеттілік пен адамға құрмет басты құндылықтар болып табылатын қоғамды қалыптастыруға берік негіз болады деп сенемін.
Асель Ахметова,
Қостанай ауданаралық сотының төрағасы













Добавить комментарий