«Тұлпар мініп, ту алған»: жеңімпазға – жолдама, тәлімгерге – темір тұлпар!

«Тұлпар мініп, ту алған»: жеңімпазға – жолдама, тәлімгерге – темір тұлпар!

Қостанай облысында ұлттық рухты ұлықтаған «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық жобасы өз мәресіне жетті. Қыркүйек айынан сәуір айына дейін жалғасқан ауқымды жоба аясында оқушылар арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақтың әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған байқауға облыс бойынша 9094 оқушы қатысуға өтінім берген. Көпшілік қатысқан жобаның мектепішілік, аудандық және қалалық кезеңдерінде іріктелген үздіктер ақтық сынға жолдама алды. Нәтижесінде финалдық кезеңде өңірдің 44 үздік оқушысы бақ сынады.

Шешуші кезең барысында қатысушылар «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып қана қоймай, мазмұны мен тарихи-танымдық тапсырмалар бойынша да білімдерін көрсетті. Қазылар алқасы оқушылардың есте сақтау қабілетін, көркем оқу шеберлігін және ұлттық мұраға деген құрметін жоғары бағалады.

Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Рудный қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Ұлдана Жүрсінбаева жеңіп алды. Ол көлемі 98 беттен тұратын «Алпамыс батыр» жырын толық жаттап, барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, шетелдік жазғы мектепке төрт апталық жолдаманы иеленді.

Ал жеңімпаз оқушының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Смағұловаға ұлттық мұраны насихаттауға қосқан үлесі мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі үшін су жаңа автокөлік табысталды.

Марапаттау рәсіміне облыс әкімдігі өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер мен жоба ұйымдастырушылары қатысып, жас дарындарға ақжарма тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, таңнан кешке дейін әділ төрелік еткен қазылар алқасының мүшелеріне де алғыс айтылып, арнайы марапаттар табысталды.

«Тұлпар мініп, ту алған» жобасы – ұлттық әдеби мұраны жаңғыртуға, жастардың рухани дүниесін байытуға және елдік құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!