Түбі бір түркі жұрты – стратегиялық әріптестік жолында

Түбі бір түркі жұрты – стратегиялық әріптестік жолында

2025 жылы 7 қазанда Әзербайжанның көрікті Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XII саммиті өтті. Бұл маңызды халықаралық жиын Габаладағы заманауи Конгресс-орталықта ұйымдастырылды. Саммитке ұйымға мүше және байқаушы мәртебесіндегі мемлекеттердің басшылары қатысты. Басқосу түркі әлемінің ынтымақтастығын тереңдетіп, саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуды көздеді.

Саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев те саммит төрінен табылды. Сонымен қатар, байқаушы елдердің де басшылары мен өкілдері басқосуға қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде мазмұнды және маңызды сөз сөйледі. Президент өз баяндамасында түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикалық интеграцияны тереңдету жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Түркі елдері бірлігін арттыру – басты басымдық

Сөзінің басында Президент Тоқаев ерекше қонақжайлық үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс білдіріп, саммиттің маңызын атап өтті. Ол түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдени құндылықтарын тілге тиек етіп, жуырда ғана аталып өткен «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнінің» бірлікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.

– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы, деді мемлекет басшысы.

Президент саммитте жаңа бастамаларды да ұсынды. Соның бірі – Ұйымның географиялық және саяси аясын кеңейтуді көздейтін «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматы.

– Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл формат Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашады, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде болды. Президент Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды, деді ол.
Президент экономикалық әріптестікті кеңейту – ортақ даму кепілі екенін айтты. Ол 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму тұжырымдамасын толық жүзеге асыруға, Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға баса назар аударуды ұсынды.

2026 жылы Қазақстан аталған палатаға төрағалық ететін болады. Осыған орай, Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдау бастамасы көтерілді.

Көлік-логистика саласындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріледі

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамытуды түркі елдерінің өзара байланысын арттыратын басым бағыттардың бірі ретінде атады. Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасып, транзиттік әлеуеті аса жоғары ел ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Бүгінде еліміз арқылы Азия мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы өтеді. Жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі ТрансҚазақстан теміржол дәлізін дамытуға серпін береді. Бұл жүк тасымалдау көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік туғызады, деді мемлект басшысы.

Сондай-ақ, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (Орта дәліз) стратегиялық маңызына тоқталды. Жүк көлемінің соңғы 5 жылда 6 есе артқанын мысалға келтіре отырып, түркі мемлекеттерін осы бағыттағы инфрақұрылымды (әуе хабтары, теміржол бекеттері, порттар) жаңғыртуға шақырды.
Цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын көлік-транзит саласына енгізу қажеттігін айта отырып, цифрлық мониторинг орталығын құруды ұсынды.

Президент Қазақстанда жасанды интеллектке ерекше мән беріліп жатқанын, елдің стратегиялық мақсаты – «толық цифрлық мемлекетке» айналу екенін атап өтті.

– Жасанды интеллектіні дамыту үшін білікті мамандар қажет. Жыл басынан бері 400 мыңнан астам студент арнайы білім алды. Сонымен қатар, Қазақстанда осы салада мамандандыратын алғашқы зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл оқу орнында білім алғысы келетін түркі елдері жастарына арнайы гранттар бөлінеді, деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Астанада ашылған Alem.AI жасанды интеллект орталығының базасында Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды. Бұл орталық стартаптарды қолдап, ортақ жобаларды дамытуға және венчурлік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. 2026 жылы Қазақстанда өтетін бейресми саммитті «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынды.

Энергетика – тұрақты даму мен серіктестіктің іргетасы

Президент қазіргі жаһандық жағдайда энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты инфрақұрылым құру аса өзекті екенін айтты.

– Энергетика – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы «жасыл энергия дәлізі» – табысты ынтымақтастықтың нақты көрінісі, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн энергиясын дамытуға ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынды.

Мұнай, газ, уран, көмір және сирек кездесетін минералдарды игеру мен оларды тиімді пайдалану – Қазақстанның энергетикалық стратегиясының маңызды бөлігі болып қала беретінін айтты.

Каспий тартылып барады – бірлесіп әрекет ету қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің деңгейі төмендеп бара жатқанын ерекше атап өтіп, бұл мәселе бүкіл аймаққа ортақ экологиялық және экономикалық сын-қатер екенін айтты.

– Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Ол халықтарымыздың арасындағы тарихи дәнекер саналады. Кейінгі жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе, деді мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті теңізді сақтап қалу үшін түркі елдерін күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге және халықаралық бастамаларды қолдауға шақырды. Осыған орай, 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қолдауымен өтетін «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас» атты өңірлік саммитке ерекше назар аударылды.

Президент Тоқаев су мәселесіне де ерекше тоқталып, бұл жағдай алдағы уақытта өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсер ететінін ескертті. Су ресурстарын тиімді басқару үшін жаңа, заманауи тәсілдер қажет екенін айтты.

– Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану қажет, деді Президент.

Саммит соңында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және байқаушы елдердің басшылары Габала декларациясына қол қойды. Бұл құжат – түркі елдерінің өзара ықпалдастығын арттыратын тарихи маңызы бар келісім ретінде бағалануда.

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА,
мақала ақпараттық сайттарда жарияланған

ашық материалдар негізінде әзірленді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!