Ұстаз – шәкірт жүрегіндегі мәңгі шырақ
Биыл Қостанай өңірінің білім мен ғылым саласында өзіндік орны бар, талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан көрнекті педагог, филология ғылымдарының кандидаты Күлзада Мешітбайқызы Мырзағалиева 70 жасқа толып отыр.
Күлзада Мешітбайқызы 1955 жылы 20 қыркүйекте Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында дүниеге келген. Қ.Жармағанбетов атындағы мектепті аяқтаған соң, Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1975 жылы ұстаздық еңбек жолын бастады. 25 жыл бойы мектептерде қызмет еткен ұлағатты мұғалім өзінің кәсібіне адалдық танытты.
Білім саласындағы ерен еңбегі үшін 1985 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1986 жылы «Аға мұғалім» атағы берілді. Ізденіс пен еңбекқорлықты ту еткен ұстаз 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, ғылыми бағыттағы жолын жалғастырды.
2000 жылдан бастап А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде аға оқытушы қызметін атқарып, кейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында және бүгінгі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде еңбек жолын жалғастырды.
2003 жылы Абай атындағы Алматы университетінде «Махамбет өлеңдеріндегі көркемдік шындық мәселесі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Осы салада тер төге жүріп, қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің терең сырын жас ұрпаққа үйретуден жалыққан емес.
Күлзада Мешітбайқызы – тәжірибелі педагог қана емес, сонымен қатар өнімді қаламгер. Оның авторлығымен жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдары жоғары оқу орындарының студенттері мен ұстаздарына таптырмас әдістемелік көмекші. Атап айтқанда, «Махамбет өлеңдеріндегі көркем шындық мәселесі», «Фольклортану», «Махамбеттану», «Шетел және балалар әдебиеті ақындарының афоризмдері» сияқты еңбектері мен қазақ әдебиетінен тест жинақтары – білім беру ісінде кеңінен қолданылып келеді.
Сонымен қатар Күлзада Мешітбайқызы – облыстық білім департаменті жанындағы Лицензиялық кеңестің рецензенті, оқушылардың ғылыми жобалары мен оқуларын сараптауға арналған комиссиялардың тұрақты мүшесі.
Ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің бірі – 2024 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталуы. Бұл – ана тілін ұлықтаған, қазақ әдебиетіне қызмет еткен абыройлы азаматқа берілген лайықты баға.
Ұстаз – шәкірттің тағдырын қалыптастырушы тұлға. Мен үшін сондай асыл жандардың бірі – ұлағатты ұстазым Күлзада Мешітбайқызы.
Күлзада апайдың әр сабағы – ұлттық рухқа, әдебиетке, сөз өнеріне деген махаббатқа толы болатын. Ол кісінің дауыс ырғағынан бастап, сөз саптауы, мысал келтіріп отырып ой қозғауы – бізді тек білім алуға емес, терең толғануға жетелейтін.
Мен ғана емес, менің қатарластарым да Күлзада апайдың сабағынан кейін өмірге басқаша қарайтындай болатынбыз. Себебі бұл кісінің шәкірті болу – өзіңді тану, өзіңе сену мектебінен өту еді.
Ұстазым менің бойымдағы қабілетті дер кезінде танып, сенім артты. Ал ұстаздың сенімі – кез келген шәкірт үшін маңызды. Күлзада Мешітбайқызы мені шығармашылыққа бағыттап, әдебиетке баулыды. Сол жолда жүріп мен өзіме сенуді, ізденуді, жауапкершілікпен жұмыс істеуді үйрендім.
Бүгінде мен – қоғамда өз орнымды тапқан азамат болсам, оның негізінде Күлзада апайдың берген білімі мен рухани қолдауы да жатыр деп білемін. Бұл менің ғана емес, оның алдынан өткен жүздеген шәкірттің жүрек сөзі екеніне сенімдімін.
Гүлзада апайдың мерейтойы өзі еңбек етіп жүрген университет қабырғасында да аталып өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Бекенұлы Қуанышбаев, оқытушылары мен студенттері мерейтой иесінің кәсіби шеберлігін, ұрпақ тәрбиелеудегі адалдығын зор құрметпен тілге тиек етті.
Салтанатты шарада мерейтой иесіне ыстық ықылас пен ізгі тілектер жолданып, Сейітбек Бекенұлы ұстаздың иығына шапан жауып, мықты денсаулық және жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Күлзада Мешітбайқызы – ұстаздықты мамандық емес, миссия деп түсінетін тұлға. Жарты ғасыр саналы ғұмырын қазақ тілі мен әдебиетіне, ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. Оның шәкірттері бүгінде түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Оның қажырлы еңбегі мен шәкіртке деген шексіз қамқорлығы әріптестеріне де, оқушыларына да үлгі болып келеді.
Құрметті Күлзада Мешітбайқызы!
Сіздің өмір жолыңыз – талмай ізденудің, шәкірт тәрбиелеуге деген шынайы ықыластың және ғылыми-педагогикалық қызметке деген жанқиярлықтың үлгісі. Ұрпақ тәрбиесіне сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз үшін Сізге алғысымыз шексіз!
Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, еңбегіңізге табыс, шығармашылық шабыт тілейміз! Әлі де талай шәкірт тәрбиелеп, қазақ ғылымына үлес қоса беріңіз!
Жұмагүл ЕРҒАСЫМОВА
















Добавить комментарий