Ойында да ой бар

Ойында да ой бар

Қазақ халқында «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Расында, баланың ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы танымы, түйсігі қалыптасады.

«Тәрбие – талбесіктен» демекші, рухани жаңғыру шеңберінде тәрбие мен білімді қатар беретін уақытымыз жетті. Ендеше, біліктілігімді шыңдай отырып, балаларды өзара сыйластыққа, бауырмалдыққа, татулыққа тәрбиелеу – менің мерейлі мақсатым.

Ойын – мектеп жасына дейінгі кезеңде басталып, адаммен өмір бойы ілесіп жүретін ерекше қызмет түрі. Біздің шағын орталықтағы ойындар бүлдіршіндердің ізденімпаздығына негізделеді. Сондықтан дәстүрлі ойыннан гөрі ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (АКТ) пайдалана отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып жүрмін. Сонымен, топта бүлдіршіндердің ойын тәжірибесін қалай дамытуға болады?
Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын», – деген екен. Олай болса, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатуы тиіс. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет.

Мен осы тұрғыда ойын кешенін жаңаша құрдым. Олардың қатарында ойындар тәжірибесін байыту, заттық-ойындық ортаны ұйымдастыру, серіктесімен белсенді қарым-қатынасын қалыптастыру, қоршаған ортамен белсенді іс-әрекетін дамыту бар. Менің алдымда Мәңгілік Ел ұрпағы отыр. Болашақ Қазақ елінің ертеңгі тірегінің бойына адамгершілік, патриоттық сезімді сіңіру менің басты парызым деп есептеймін. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.

Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші басты құбылыстың бірі деуге болады. Былайша айтқанда, болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді. Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагогтар, ғалымдар «Жақсы ойын жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырмашылық көп емес деген түйін жасауға болады.

Сондай-ақ, ойында баланың қуанышы мен реніші айқын байқалады. Ойын кезіндегі баланың көптеген психологиялық ерекшеліктері болады. Олар ойланады, эмоциялық әсерге ұшырайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял-елестері дамиды. Мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын үстінде бала бейне бір өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтейік» деуі, олардың ойынды ойын деп түсінуінде жатыр.

Ойын – баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына, тұрмыс-тіршілігіне, айналысатын кәсіп, шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Сырттай қарағанда анау айтқандай қиындығы жоқ, оп-оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рөлдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рөл тиюінің өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті – балаларды ойынға қызығушылықпен, ынтамен қатысуын қамтамасыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Айталық, тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып өткізуі балалардың бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұтудың өзі адамгершілікке бастайтын жол. Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез-құлқын қалыптастырады.

Менің мерейлі мақсатым – баланың жан дүниесін түсіне білу, оларды жақсы көру, өзімнің жаныма жақын тарту арқылы жеке тұлға ретінде қабылдау және қоғамда көзқарасы қалыптасқан, бәсекеге қабілетті, өзін көрсете білетін, шығармашыл тұлғаны қалыптастыра білу. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып, жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Яғни, ойын үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Демек, ойынның өзі бала үшін біліктіліктің, тәлімнің қайнар көзі. Сондықтан жас өрендер ойлай да, ойнай да білсін демекпін.

Айткүл ҚАСЖАН,
Н.Наушабаев атындағы МГ шағын орталық тәрбиешісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!