Мәдениет – ұлттың рухани қазынасы
21 мамыр – мәдениет пен өнерді дәріптейтін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды күн. Бұл күні кітапханашылар, мұражай қызметкерлері, театр әртістері мен барлық мәдениет саласының өкілдері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті. Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталып жатыр», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады.
«Былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады. Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде іргелі мәдениет ошақтары көп екеніне назар аударып, олар талай жылдан бері көрермен қауымға тағылымды қойылымдар ұсынып келе жатқанын жеткізді.
«Осы орайда Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін берері сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы музей ісі мен сәулет өнерінің маңызын атап өтті «Осыған дейін еліміздің жетекші үш музейі ұлттық мәртебеге ие болды. Бұл олардың қызметіне орасан зор серпін берді. Ғылыми-зерттеу саласында, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.
«Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Мерейлі даталарға орай өтетін іс-шаралар мазмұнды, тағылымды болуы керек. Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда елімізде сегіз мыңға жуық мәдениет мекемесі жұмыс істейді, онда 64 мыңнан астам маман қызмет атқарады.
Астанада мәдениет қызметкерлері күніне орай сала мамандарының форумы өтті. Форум аясында ғалымдар, тарихшылар мен археологтар музей экспонаттарын сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне арналған панельдік сессияға қатысты. Іс-шарада Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден келген сарапшылар сөз сөйледі.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында театр өнері мен концерттік қызметке арналған семинарлар өтті. Іс-шара аясында Мәдениет нысандары технологиялары және инженерлік шешімдер ассоциациясының ұйымдастыруымен театр және мәдени-көрініс алаңдары мамандарына арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Оған әлемдік деңгейдегі жетекші сала мамандары қатысты. Қатысушылар көрермен әсерін арттыру, сахнаны жарықтандыру мен заманауи визуал және жобалық шешімдер тақырыбын талқылады.
Сонымен қатар, кітапхана-ақпарат саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу, құжаттарды электронды форматқа көшіру және архив қорларын автоматтандыру бойынша семинарлар өтті.
Ұлттық музейде Қазақстан музейлерінің ІІІ конгресі аясында Музей ісі және тарихи-мәдени мұра секциясы «Қазақстан» Орталық концерт залында Театр өнері және концерттік қызмет секциясы, Ұлттық академиялық кітапханада Кітапхана және архив ісі секциясы өтті.
Музей ісі деген соң мақсат белгілі – тарихи-мәдени мұраны сақтау ғана емес, қолда барды заманауи тұрғыда қайта жаңғырту, шетелдік тәжірибелердің тиімдісін пайдалансақ, ұтылмаймыз. Өз кезегінде білікті сарапшылар теориямен қатар практикалық мәселелерге де назар аударды. Қатысушылар экспонаттарды консервациялау мен реставрациялаудағы басты жетістіктермен танысып, археологиялық артефактілерді сақтау бойынша шеберлік сабағына қатысты.
– Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен біршама музей қызметкерлерін шетелге жіберіп, біліктілігін арттырдық. Музей саласында жүрген азаматтардың барлығын мазалайтын мәселе – реставрация екені анық. Бұл жолы шетелдік шеберлерді шақырып, олармен тәжірибе алмасу мақсатында жиналдық. Конгреске Ресей, Беларусь, Түркия, Өзбекстан, Молдова, Қырғызстан елдерінен арнайы қонақтар келді. Сонымен қатар отандық және шетелдік музейлердің өкілдері, зерттеуші ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер қатысуда, – деді Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы.
Алқалы жиында шетелден келген музей мамандары тәжірбиесімен бөлісіп, құнды жәдігерлерді сақтау, реставрациялау ісінің құпияларымен бөлісті. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Беларусь Ұлттық ғылыми академиясы Тарих институтының археологиялық артефактілерді ғылыми консервациялау бөлімінің меңгерушісі Анастасия Костюкевич металл мен керамикадан жасалған археологиялық жәдігерлерді реставрциялау турасында айтып өтті.
– Өткенсіз бүгін жоқ екені ақиқат. Біздің реставрация маманы ретіндегі негізгі міндетіміздің бірі – өткеннің қазынасын сақтап, бүгінге жеткізу. Тағы бір мәселе – күн райын бақылай отырып, музейдегі қажетті ауа қысымын сақтау, сол арқылы жәдігерлерді бастапқы қалпында бұзбай ұстай білу мәселесі. Реставрация дегеніміз – үлкен ғылым. Егер медициналық тілмен айтсақ, бұл өткен уақыттың хирургиясы десек болады, – деді ол.
Сонымен қатар Түркия Мәдениет министрлігінің реставраторы Мелике Аргун мата бұйымдарын құжаттандыру әдістері және тозу ерекшеліктері жөнінде баяндама жасап, бірқатар тың мәліметтерімен бөлісті. Ал Ыстанбұл реставрация және консервация орталығы мен Өңірлік зертханалық мекемесінің реставраторы Илкер Кызылчай өздері жүргізетін ағаш материалдарды қалпына келтіру жұмыстары жөнінде айтты.
– Реставрация мәселесі, әсіресе, музей заттарын сақтап қалу, қалпына келтіру бүгінде өте өзекті. Археологиялық қазба жұмыстарынан, этнографиялық экспедициялардан табылған көптеген құндылық біздің климатқа, ауа райына сәйкес келе бермейді. Сондықтан жердің астынан алынған дүниелерді қайтадан қалпына келтіру, тазалау, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу мәселесі осы реставрация және консервация мәселелерімен тікелей байланысты,– деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева.
Айта кетейік, мереке қарсаңында панельдік сессиялар бір мезетте бірнеше алаңда жалғасты. Мәселен, осы уақытта концерттік және мәдени-демалыс ұйымдарының өкілдері сахна шеберлігі, режиссурадағы инновацияларға, продюсерлікке және костюмографияға арналған дөңгелек үстелдерге, шығармашылық зертханалар мен мастер-класстарға қатысты. Сонымен бірге өңірлік кітапханалардың басшылары мен мамандары да бас қосып, дамудың заманауи стратегияларын, цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін талқылады.
Форум аясында «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің рес-публикалық фестивалі өтті. Оған қатысу үшін 85 кітапхана, 50 мәдени-демалыс ұйымы және 30 музей өтінім берген. Мамырдың 19, 20, 21-і – үш күн бойы музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және мәдени-демалыс мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері саланы дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстар әзірледі.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ,
интернет материалдары негізінде
Добавить комментарий