Enactus Baitursynuly: жүйелі дамудың тәжірибесі
Қостанай өңірлік университетінде 2022 жылы құрылған Enactus Baitursynuly командасы қысқа уақыт ішінде құрылымы қалыптасқан ұйымға айналып, National EXPO 2024 байқауында Топ-16 қатарына енді. Команданың дамуы, жобалық тәжірибесі және басқарушылық шешімдері туралы команда капитаны Гүлдана Борамбаева айтып берді.
– Enactus Baitursynuly командасы қалай пайда болды?
-Команда 2022 жылы университет базасында тәжірибеге бағытталған кәсіпкерлік білім беру қажеттілігіне жауап ретінде құрылды. Алғашқы құрам небәрі үш адамнан тұрды. Алайда бұл шектеу емес, керісінше, жоғары жеке жауапкершілік пен нақты нәтижеге бағытталған жұмыс мәдениетін қалыптастырды. Бастапқы кезеңнен-ақ формалды қатысудан гөрі әлеуметтік-экономикалық әсері өлшенетін жобалар әзірлеуге басымдық берілді. Университет қолдауы және Enactus Kazakhstan экожүйесіне интеграциялану қызметтің стратегиялық бағытын айқындады.
-2022 жылдан бері команда қалай өзгерді?
-Өзгеріс эволюциялық әрі жүйелі болды. Біріншіден, бастамашыл топ институционалдық құрылымы бар ұйымға айналды: операциялық басқару, қаржы, аналитика, маркетинг және R&D бағыттары қалыптасты. Екіншіден, жобалардың сапалық деңгейі өсті. Локалды әлеуметтік бастамалардан экономикалық логикасы айқын, масштабтауға бейім бизнес-модельдерге көшу жүзеге асты. Үшіншіден, аналитикалық мәдениет күшейді. Шешімдер енді деректерге, қаржылық есепке және гипотезаларды тестілеуге негізделеді.
-Enactus сіздің жеке дамуыңызға қалай әсер етті?
-Enactus басқарушылық ойлауды қалыптастырды. Көшбасшылық мәртебе емес, жауапкершілік екенін түсіндім. Белгісіздік жағдайында команда басқару, жүктеме кезеңінде қолдау көрсету және сәтсіздіктерден кейін де жүйелі жұмысты жалғастыру маңызды дағдыларға айналды. Сонымен қатар, идеяларды енді эмоция арқылы емес, жүзеге асу мүмкіндігі, тұрақтылығы және ұзақмерзімді әсері тұрғысынан бағалаймын.
-Grain Product жобасының идеясы қалай пайда болды?
Жоба өңірлік экономиканы талдау нәтижесінде туындады. Қостанай облысы – еліміздің ірі астықты аймақтарының бірі. Алайда астық өңдеу қалдықтарының бір бөлігі төмен маржамен немесе тиімсіз пайдаланылады. Grain Product жобасы осы қалдықтарды экономикалық тұрғыдан негізделген және экологиялық жағынан ұтымды ресурсқа айналдыруға бағытталды.
-Неліктен астық қалдықтары таң-далды?
-Таңдау төрт факторға сүйенді:
– өңірдегі мәселенің жүйелі сипаты;
– шикізат қорының тұрақтылығы мен болжамдылығы;
– циркулярлық экономика қағидаттарына сәйкестік;
– басқа аграрлық өңірлерге масштабтау мүмкіндігі.
-Халықаралық тәжірибе зерттелді ме? Шешімнің айырмашылығы неде?
-Еуропалық Одақ елдері мен Канада тәжірибесі талданды. Бұл мемлекеттерде астық қалдықтары биоматериалдар, жемдік қоспалар және биоэнергия өндірісінде пайдаланылады. Біздің тәсілдің ерекшелігі – технологияны жергілікті нарыққа бейімдеу. Логистика, өзіндік құн және нақты нарық ескерілді. Жоба зертханалық деңгейде емес, нарықтық қолдануға бағытталды.
-Қазіргі таңда жоба қай сатыда?
-Жоба аяқталды. Нарықтық және ресурстық жағдайларды талдау тұрақты бизнес-модель қалыптастыруға мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Бұл шешім эмоцияға емес, тәуекелдерді объективті бағалауға негізделді. Кәсіпкерлік тәжірибеде жобаны уақытында тоқтата білу де стратегиялық басқару элементі болып саналады.
-Нарыққа шығу қаншалықты қиын?
-Нарыққа шығу – ең күрделі кезең. Әсіресе аграрлық секторда шешімдер консервативті түрде қабылданады, ал инновацияларды енгізу циклі ұзақ. Соған қарамастан, нарықтық валидациясыз жоба тек теориялық гипотеза деңгейінде қалады.
-National EXPO – 2024 байқауындағы Топ-16 нәтижесіне не әсер етті?
-Нәтижеге бірнеше фактор ықпал етті – құрылымы нақты, логикалық тұрғыдан негізделген презентация, ашық әрі дәл қаржылық есеп, нақты серіктестер және дәлелденген әлеуметтік әсер, қазылардың күрделі сұрақтарына дайындық. Бұл – жүйелі дайындықтың нәтижесі.
-Жоба тоқтап қалуы мүмкін болған сәттер болды ма?
-Иә, кез келген жоба күмән мен ресурс шектеуі кезеңінен өтеді. Маңыздысы – жағдайды объективті бағалап, жалғастыру, түзету немесе тоқтату жөнінде рационалды шешім қабылдау.
-Команданың ең күрделі сын-қатерлері қандай болды?
-Ең үлкен қиындық – академиялық жүктеме жағдайында мотивацияны сақтау және қаржыландыру көздерін табу. Оқу мен кәсіпкерлікті қатар алып жүру – үлкен тәртіп пен уақытты басқаруды талап етеді.
-Smart-орталықтың рөлі қандай?
-Smart-орталық инфрақұрылымдық және сараптамалық тірек қызметін атқарады. Ол жұмыс кеңістігін, менторлық қолдауды және сыртқы серіктестермен жұмыс барысында институционалдық легитимділікті қамтамасыз етеді.
-Келесі мақсаттар қандай?
-Алда мақсаттар көп. National Cup финалына шығуға талпынамыз. Сонымен қатар, жаңа жобаларды масштабтау арқылы индустриялық серіктестер тарту, халықаралық деңгейде жобаларды валидациялау көзделіп отыр.
Қазақстан атынан әлемдік кубокта өнер көрсету – стратегиялық мақсат. Алайда оған жету үшін тұрақты бизнес-модель мен дәлелденген әлеуметтік әсер қажет.
-Студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
-Кеңес беру оңай, жүзеге асыру қажырлықты қажет етеді. Қашанда жобаны идеядан емес, мәселені талдаудан бастау қажет. Нарықты зерттеу, пәнаралық команда құру және қаржылық модельді бастапқы кезеңнен ойластыру маңызды.
Гипотезалардың басым бөлігі расталмауы мүмкін. Бұл – қателік емес, кәсіпкерлік циклдің табиғи бөлігі. Негізгі дағды – тез тестілеу және бағытты дер кезінде түзете білу.
Enactus Baitursynuly тәжірибесі студенттік бастаманың тек жоба деңгейінде қалып қоймай, жүйелі басқару, талдау және институционалдық қолдау арқылы өңірлік экожүйе элементіне айнала алатынын көрсетеді.
Сұхбатыңызға рақмет, сіздерге сәттілік тілейміз!
Аружан ҚАНАТБЕК

















Добавить комментарий