Цирк деген бір сиқыр
«Арена чудес» – Қостанай ауданының нағыз бренді. Облыста мұндай ұжым тек Рудныйда ғана бар. Ашылғанына 30 жылдан асқан балалар мен жасөспірімдер ұжымы Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де танымал болып үлгерген. Олар республикалық «Ақ көгершін», «Друг детства» конкурстарының лауреаттары, халықаралық «Шабыт» сыйлығының дипломанттары. Ал ұжымның жетекшісі – Татьяна Калашникова.
«Арена чудес» ұжымына Татьяна Калашникова жетекшілік еткелі, міне, 22 жыл.
– Мен алғашқы жетекшісі де, циркті ашқан да адам емеспін, – дейді Татьяна Сергеевна. – Бізде 1980 жылдардың өзінде Наталья Кикиевич басқарған цирк ұжымы болды. Ол – менің ұстазым. Екінші сыныптан бастап, осында дайындықтарға келіп жүрдім. Белгілі бір себептермен Наталья апайым Ресейге көшіп кетті. Ал мен циркке бауыр басып қалдым. Дегенмен, мектеп бітірген соң медициналық колледжға түстім. Бірақ, циркке деген махаббатым қайтадан осында алып келді. Енді, міне, циркпен айналысып жүргеніме 40 жылдай уақыт болып қалды. Челябі мәдениет және өнер академиясын бітіріп, өзім сүйген мамандықтың дипломын қолға алдым.
Осы жылдары қарапайым студия алдымен «үлгілі», одан кейін «халық цирк ұжымы» деген атаққа ие болды. Олар халықаралық және республикалық сайыстардан қалмауға тырысады. Қатысқан сайыстарда көрсеткен нәтижелері тәп-тәуір. Мәселен, 2015 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен «Мастерок» халықаралық сайысында үздік бестікке кірді.
– Біз сырт елдерге шыққанда жеріміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз жайлы көп айтуға тырыстық. Қазақстандықтар өте қарапайым, мейірімді және талантты екенін көрсеткіміз келеді, – дейді ұжым жетекшісі.
Татьяна Сергеевнаның айтуынша, цирк өнерінің фестивальдерінде қатысуға ұжым әзірге дайын емес. Себебі ондай жарыстарда нағыз кәсіпқойлар жиналады. Ал «Арена чудесті» әзірге үйірме немесе көркемөнерпаздар деңгейіне жатқызуға болады.
– Әрине, цирктік нөмірлерге арнап жасалмаған сахнада жұмыс істеу қиын. Әрдайым жарақат алып қалу қаупі бар. Сол себепті жақсы физикалық дайындық керек. Біз бұны жаттығулар мен дайындықтарда ұштаймыз. Цирк әртісінің бойында әрдайым қорқыныш сезімі болуы керек. Бұл белгілі бір деңгейде сақтандыру десек те болады. Көбінесе балалар «мен мұны істей аламын, ештеңеден сескенбеймін» деп жүріп, жарақат алып қалып жатады, – дейді Татьяна Калашникова.
Бүгінде цирк студиясына шамамен 40 адам барады. Ең жасы алты жаста болса, ересегі 22-де. Аптасына 3 рет 2 сағат жаттығады. Кішкентай әртістер үлкен қатысушылармен қатарласып, қиын әрі қызықты трюктарды бірге жасайды. Ал қатысушы жинау кезінде екі есе көп адам жиналады. Жүзге дейін де жетіп жатады. Бәрін қабылдағанымен, дайындықтар кезінде көбісі өз еркімін бас тартады. Себебі, цирк – оңай нәрсе емес. Қолынан келмегендер шығып кетеді. Бір қызығы, ұжымда қазір бірде-бір ер бала жоқ. Барлығы – қыздар.
– Ұлдар келіп жүреді, бірақ көп кідірмейді. Ер балалар моральді тұрғыда әлсіздеу келетін сияқты. Ал циркте үлкен төзіммен көп жұмыс істеу керек. Көбісі спортқа бет бұрып жатады, – дейді Татьяна Сергеевна.
Аталмыш ұжымда дайындалып, кейін үлкен сахнаға жол алған түлектер аз емес. Мәселен, Алина Халилова қазір Алматы циркінде жұмыс істеп жатыр. Цирк өнеріне оқытатын орындарды таңдаған тағы бірнеше шәкірттері бар.
Барлық нөмірлер мен трюктарды Татьяна Сергеевна өзі ойлап табады. Ғаламтор желісінен қарап, өз ыңғайына бұрып алады. Оның үстіне Алматы циркінде болатын шеберлік сыныптарына жиі барып тұрады.
– Кәсіпқой циркте бір нө-мірге шамамен 3 айдан 6 айға дейін уақыт кетеді. Біз көп болса бір айда дайындап шығамыз. Жыл сайын жаңа бағдарламамен жұмыс істейміз, – дейді ұжым жетекшісі.
Өскелең ұрпақ үшін осындай еліктейтін тұлғалардың болғаны жақсы, әрине. Татьяна Сергеевна туралы кімнен сұрасаңыз да «ол – өз ісінің шебері» деп жауап береді. Әрдайым шығармашылық тәсілдері, сарқылмайтын жігері және еңбексүйгіштігімен кез келген адамды таңғалдырады. Өзі «махаббатпен кіріссең, қалаған ісіңде сәттілікке жетуге болады» дейді.
– Мен Затобол кентінде туып өстім. Мектеп жылдарымның барлығы да циркпен байланысты өтті. Қарапайым қыз болдым. Талантты емеспін дей алмаймын, бірақ әуелден қолымнан келетіні шамалы еді. Дегенмен бірте-бірте ісім алға басты. Алғашқы жеңістер мені шабыттандырды. Концерттерге шығып жүрдім. Маған бұл шынымен де қызық болатын. Осылайша циркке ғашық болдым, – деп ағынан жарылады ол.
Татьяна Калашникова мектеп бітірген соң ата-анасының айтуымен медициналық колледжге түседі. Цирк жаттығуларына қатысып жүріп, колледжді жақсы аяқтайды. Қазір сүйікті саласын таңдағанына еш өкінбейді. Себебі спорт және қимылсыз өз өмірін елестете алмайды.
– Наталья Кикиевич көшіп кеткен соң студия жетекшісі қызметін өзіме алдым. Жаңа жұмыстың алғашқы күндерінен-ақ басшы, ұстаздың қызметі қиын екенін сезе бастадым. Шыдамдылық, қайсарлық, табандылық, батылдық қажет. Қаталдық пен мейірімділікті бірге алып жүру де маңызды. Жаттығулардан кейін қатты қалжырап жүрдім. Бірақ бұл шаршау маған ләззат сыйлайтын. Ең бастысы осы еді, – дейді кейіпкеріміз
Татьяна Сергеевнаның айтуынша, қиындықтар мінезді шыңдайды. Өмірде бірдеңеге қол жеткізгің келсе, төзімділікке үйрену керек. Сәтсіздікке мойымай, қажырлы адамның қолынан кез келген нәрсе келетінін ұмытпау қажет дейді өнерпаз.
– Біздің ұжым – үлкен отбасы. Бірігіп, бірлесіп еңбек етеді. Берілген әр жұмысты ерінбей, үлкен жауапкершілікпен атқарады. «Халықтық» деген құрметті атағы бар, ауданның «визит карточкасы», облыстық және аудандық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Біздің балалар Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда лайықты дәрежеде қорғайды. Бұл мен үшін – үлкен қуаныш, – дейді Татьяна Сергеевна.
Қазір цирк жұмысы басындағыдай емес, біршама оңай. Студияны қаржыландырады, костюмдер мен құрал-саймандарды ауыстырып отыруға мүмкіндік бар. Дегенмен Татьяна Сергеевнаның жұмысы азайған жоқ. Біраз уақыт бұрын ол «Мәдени-ойын-сауық орталығының» үлкен шығармашылық тобының жетекшісі болды. Өзінің айтуынша, жұмыстың көптігі бір жағынан өзін рахаттандырады. Себебі, «мақсат – адамдарға мерекелік көңіл-күй мен қуаныш сыйлау, бұл оңай нәрсе емес».
Табыс және қадір-құрмет ұжымда шығармашылық және достық қарым-қатынас орнағанда ғана келеді. Ұжым деген, былайша айтқанда, екінші отбасы. Татьяна Калашникованың ұстанымы осы.
Қазір жерлесіміздің еңбегі еленіп, Елбасы бастауымен жүзеге асып жатқан «100 жаңа есім» жобасына ұсынылып отыр. Халық өз еңбегімен толағай табыстарға қол жеткізген қарапайым жандарды білуі керек.
Алмас БАЙДРАХМАН
Добавить комментарий