Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды

Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды

Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындылары бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Отырыста прокуратура органдарының негізгі міндеттері – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы саясатын іске асыру екені атап өтілді.

Есепті кезеңде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық трансформация бағытында кешенді шаралар қабылданды.

Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 10%-ға, алаяқтық фактілері 13%-ға төмендеді. Есірткі саудасы мен интернеттегі заңсыз әрекеттерге қарсы күрес күшейтілді. 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, есірткіден түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылды.

Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында еңбек, әлеуметтік және тұрғын үй салаларына ерекше назар аударылды. Прокурорлық шаралар нәтижесінде 2,1 млрд теңге жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді. 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 10 мыңнан астам жасөспірімнің әлеуметтік құқықтары қорғалды.

Прокурорлардың жұмысы нәтижесінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндіріліп, 342 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Активтерді қайтару жұмыстары жалғасып, мемлекетке заңсыз шығарылған 40 млрд теңге көлеміндегі активтер қайтарылды. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 39 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда прокурорлардың сүйемелдеуінде 3 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру аясында 600 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Халықаралық ынтымақтастық аясында 39 юрисдикциямен жасалған 92 екіжақты шарт негізінде 27 адам Қазақстанға экстрадицияланып, 70 адам шет мемлекеттерге берілді.

Алқа қорытындысы бойынша Бас Прокурор алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындады. Олар цифрлық трансформацияны дамытуға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және барлық салада заңдылықты нығайтуға бағытталатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!