Балабақша тәрбиесі: балалардың жарқын болашағы үшін
Мен үшін тәрбиеші болу – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – өмірлік миссия. Әр бала – ерекше әлем, олардың дамуы мен болашаққа қадам жасауы біздің қолымызда. Осы орайда, жақында «BK Kinder» балабақшасының тәрбиеленушілері менің жетекшілігіммен ерекше тәжірибе жинақтады: біз Қостанай облысына қарасты «Алау» және «Қостанай ТВ» телеарналарына барып, «Өмір ағымы» бағдарламасына қатыстық.
Тікелей эфир – шығармашылық пен сенімділіктің айнасы. Бағдарлама барысында ересек топтың 8 бүлдіршіні өз өнерлерін көрсетіп, жүргізушілердің сұрақтарына сенімді түрде жауап берді. Балалардың өзін-өзі еркін ұстауы мен ашық-жарқын әңгімелері мені ерекше қуантты. Бұл олардың бойындағы еркіндік пен шығармашылық қабілеттерінің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Балабақшамызда біз әр балаға ерекше назар аударып, олардың жеке қасиеттерін дамытуға тырысамыз. Біз «BK Kinder» балабақшасында балалардың шығармашылық, танымдық, әлеуметтік және эмоционалдық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Ойындар, тақырыптық іс-шаралар, мерекелік бағдарламалар – барлығы бала бойындағы әлеуетті ашуға бағытталған. Телеарнадағы сұхбат барысында балаларымыз өз ойларын ашық жеткізіп, өз қабілеттерін паш етті. Бұл біздің күнделікті жұмысымыздың нәтижесі деп білемін.
Балалардың танымдық қабілеттерін дамытумен қатар, біз олардың шығармашылық еркіндігін қолдауға да баса назар аударамыз. Баланың ерте жастан өзін еркін сезінуі, ортаға ойын айта алуы оның болашақ тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады. Балабақшада осындай жұмыстарды жүзеге асыра отырып, біз олардың алдағы өміріне мықты негіз қалаймыз. Мен әр баланың жүрегіне жылулық пен сенім ұялатып, олардың жарқын болашағына жол ашу үшін еңбек етемін.
Балабақша – бұл тек білім беру орны емес, бұл – бала армандарының бастау алатын мекені. Біз «BK Kinder» балабақшасының ұжымы осы мақсатта жұмыс істеп, әр баланың болашағына үлес қосуға дайынбыз. Телеарнадағы тәжірибе балалар үшін де, мен үшін де үлкен жетістік болды. Бұл бізді одан әрі жетілдіріп, жаңа белестерге ұмтылуға шабыттандырады.
Инабат ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
«BK Kinder» балабақшасының тәрбиешісі
Добавить комментарий