Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат

Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат

Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Ал 5 қазан – ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі. Қос бірдей атаулы күн қарсаңында ғибратты ғұмыры мен өнегелі еңбегін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Абдигамидова Райхан Нарынқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қырық жылдан астам уақытын білім саласына арнаған Райхан апамыз бүгінде зейнеткерлікке шықса да, ел игілігі жолындағы қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

Қазір ол «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша филиалына жетекшілік етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне және ана мәртебесін асқақтатуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар аймақтық Әжелер алқасының, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің, Қостанай ауданы педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің және аудандық «Ақбидай» әжелер ансамблінің белсенді мүшесі.

Әңгімемізде Райхан Нарынқызының тағылымды ұстаздық жолы, әжелік өнегесі, қоғамдық қызметі және бүгінгі қоғамдағы ұлттық тәрбиенің маңызы туралы кеңінен сөз қозғадық.

– Райхан Нарынқызы, ұстаздық мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қорғасын ауылында дүниеге келдім. Әкемнің қызмет бабына байланысты отбасымызбен Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Сарыторғай ауылына көшіп келдік. Сол ауылдағы Бейімбет Майлин атындағы мектепке бірінші сыныпқа бардым.
Мектепті бітірген соң ҚазПИ-ге түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадым. Институтты тәмамдағаннан кейін Амангелді ауданына қайта оралып, аудандық мектепке мұғалім болып орналастым. Осылайша ұстаздық еңбек жолым басталды.

Негізінде, мамандық таңдауыма мектептегі сынып жетекшім Марияш апайдың әсері зор болды. Ол кісіге қатты еліктейтінмін, «осындай ұстаз болсам екен» деп армандайтынмын. Марияш апай өзінің қарапайым мінезімен, жүріс-тұрысымен, адамға деген қарым-қатынасымен бізге үлкен өнеге көрсетті. Ұстаздың шәкірт жүрегіне осылай жол табуы менің де осы мамандықты өмірлік жолым ретінде таңдауымның басты себебі болды.

Міне, содан бері 40 жылдан астам уақыт бойы білім саласында еңбек етіппін. Амангелді аудандық мектебінде бір жыл қызмет атқарған соң, өзімнің туған ауылым Сарыторғайға сұрандым. Өйткені ата-анам сонда тұратын. Туған жерге деген сағыныш, ата-анамның қасында болсам деген ниет мені ауылға жетеледі.
Сарыторғайда өмірлік жарымды кездестіріп, шаңырақ көтердім. Жолдасым да білім саласында еңбек етті, мектеп директоры болды. Екеуіміздің де өмір жолымыз ұстаздықпен сабақтасып жатты. Кейін Құмкешу ауылына көшіп барып, сол жердегі мектепте бірге қызмет еттік. Одан кейін Державин қаласына қоныс аудардық.

2005 жылдардың шамасында Қостанайға көшіп келдік. Мұнда да білім саласынан қол үзген жоқпын. Қостанай педагогикалық институтында дәріс оқып, жас мамандарға өз тәжірибеммен бөлістім. Ұстаздықтың ең үлкен бақыты – өзің үйреткен шәкірттердің кейін елге қызмет етіп жүргенін көру ғой. Сондықтан білім беру саласында жинаған тәжірибемді кейінгі буынға жеткізуге әрдайым тырыстым.

Кейін Қостанай ауданының білім бөліміне әдіскер болып ауысып, білім саласындағы еңбек жолымды осы бағытта жалғастырдым. Әдістемелік жұмыстың да өз жауапкершілігі, өз қиындығы бар. Мұнда мұғалімге бағыт-бағдар беріп, оның кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етесің. Осы салада да бар тәжірибемді ортаға салып, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырыстым.

2020 жылы зейнетке шықтым. Бірақ бұл мен үшін қоғамнан шет қалу деген сөз емес. Ұстаздық жылдарда қалыптасқан елге қызмет ету, ұрпақ тәрбиесіне араласу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу деген ұстанымдарым әлі күнге дейін жалғасып келеді.

– Көп адам зейнетке шыққаннан кейін тыныш өмірді қалайды. Ал сізді қоғамдық жұмысқа қайта алып келген не?

– Мен өнерді ұстаздықпен қатар алып жүрдім. Өнерге, әсіресе би өнеріне бала кезімнен жақын болдым. Бұл қасиет анамнан дарыған шығар деп ойлаймын. Анам әуесқой биші болатын. Әкем де өнерге жақын, білімді, шебер, жан-жақты адам еді. Домбыра мен баян тартып, ән салатын. Суретті де керемет салды. Арнайы білімі болмаса да, табиғи таланты бар еді. Үлкен плакат қағаздарға ұлы адамдардың портреттерін айнытпай салып шығатын. Ал негізгі мамандығы механизатор-электрик болды, техниканың тілін жетік білетін.

Ата-анам мені кішкентайымнан өнерге баулыды. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен биге қатысып, өлең, тақпақ жазып, шығармашылыққа жақын болдым. Сол қасиет өмір бойы менің жанымнан қалмай келеді.

Ұстаздық қызметімде де өнерге деген қызығушылығымды шәкірттеріме беруге тырыстым. Оқушыларды түрлі байқауларға, өнер сайыстарына дайындап, олардың бойындағы талантты байқап, ашуға көңіл бөлетінмін. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, барлығын өзің ойлап тауып, ізденуге тура келетін. Сондықтан үнемі жаңа дүние іздеп жүретінбіз.

Кейін әдіскер болып жүрген кезімде де оқушылар арасында мәнерлеп оқу сайысын, айтыс ұйымдастыруға атсалыстым. Кейде мұғалімдер «айтыс өнеріне қызығатын бала жоқ» дегенде, «бала дайын болып тумайды ғой, баулыңдар, үйретіңдер, тәрбиелеңдер», – дейтінмін. Өйткені кейбір балалар тұйық, ұялшақ болады, ортаға шығып сөйлеуге бірден үйрене қоймайды. Ал олардың бойындағы қабілетті көріп, ашу – ұстаздың міндеті. Өнер баланың өзіне деген сенімін арттырып, мінезін қалыптастырады.

Менің қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуым да сол мектеп қабырғасынан қалыптасқан қасиет деп ойлаймын. Ұстаздықты аяқтағанмен, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілік аяқталған жоқ. Сондықтан бүгінге дейін қолымнан келгенше елге, қоғамға қызмет етіп келемін.

Қазір «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінде өзімнің осы жылдар бойы жинаған тәжірибеммен бөлісіп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып жүрмін. Өйткені бүгінгі таңда ұлттық тәрбие мәселесі бұрынғыдан да маңызды деп ойлаймын.

Өзімнің екі алтын қызымнан төрт немере сүйіп отырмын. Немерелерімнің бойына салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сіңіруге тырысамын. Домбыраға баулимын, жетіген тартатын немерем бар. Қазіргі заманда интернеттің дамуы, ақпараттың шекарасыз болуы – үлкен мүмкіндік. Бірақ осы мүмкіндіктермен бірге ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу мәселесі де бар. Сондықтан әжелер мен аналар ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беруі керек.

«Тәрбие – тал бесіктен» дейді халқымыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз де бекер айтылмаған. Балаға құр сөзбен ақыл айтқаннан гөрі, ата-ана өз ісімен үлгі көрсетсе, оның әсері әлдеқайда күшті.

Үйде ана тілінде сөйлеп, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқор болуды бала көріп өссе – бұл да тәрбие. Ата-әже немересімен көбірек әңгімелесіп, өткеннің өнегесін айтып отырса, үйде домбыра тартылып, қымыз сапырылып, асық ойналып жатса, мұның бәрі баланың бойына сіңеді. Ұлттық тәрбие дегеніміз – үлкен ұрандардан бұрын, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады деп ойлаймын.

– Қоғамдық жұмыста қандай мәселелер сізді ерекше алаңдатады?

– Мен үшін қоғамдық жұмыстың ең маңызды бағыты – ұлттық құндылықтарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Өйткені салт-дәстүр – жай ғана өткеннің мұрасы емес, ол ұлттың болмысын қалыптастыратын, ұрпақты тәрбиелейтін үлкен тәрбие мектебі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілік те артып отыр. Сондықтан аналар мен әжелердің бұл бағыттағы рөлі ерекше деп ойлаймын.
Осыдан бес жыл бұрын құрылған республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің де негізгі миссиясы – аналарымыздың басын біріктіріп, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, оны ұрпақ санасына сіңіру. Біз дәстүрді тек айтып қана қоймай, оны күнделікті өмірде дәріптеп, кейінгі буынға үлгі етуге тырысамыз.

Бірлестіктің қолға алған маңызды жобаларының бірі – абысын-ажындар арасында өтетін республикалық байқау. Бұл – жай ғана өнер сайысы емес. Оның астарында абысындар арасындағы сыйластықты, татулықты, ағайын арасындағы бірлікті дәріптеу, туыстық қарым-қатынастардағы дәстүрлерді жаңғырту мақсаты жатыр. Қазақ қоғамында бір әулеттің келіндерінің өзара тату болуы – отбасының берекесіне, ал берекелі отбасы – тұтас әулеттің ынтымағына әсер етеді. Мұның өзі бала тәрбиесіне де тікелей ықпал етері сөзсіз.

Қостанай облысы бұл байқауға биыл екінші рет қатысты. Алғаш рет Қызылорда қаласына облыстық құрама командамен барған едік. Биыл Ақтөбе қаласында өткен байқауға Федоров ауданында тұратын бір әулеттің алты келінін апардық. Бірлен Әнуар бастаған абысындарымыз сайысқа өте жақсы дайындалып, Қостанай облысының намысын абыроймен қорғап, жүлделі үшінші орынға ие болды.

Бірлен Әнуар – мектеп мұражайын ұйымдастырып отырған білікті маман. Қолы да шебер, өнерге жақын жан екен. Осындай келіндердің бойындағы өнер мен ұлттық тәрбиеге деген құрметті көпшілікке көрсету – біз үшін үлкен қуаныш.

Осы орайда Федоров ауданының әкімі Тауба Қайыржанұлына, мәдениет бөлімінің басшысы Айнұр Төлебергеноваға ерекше алғысымды айтқым келеді. Байқауға қатысушыларға қолдау көрсетіп, жағдай жасады. Ал Ақтөбеде өткен сайыстың ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде болды. Қазақы дәстүр мен ұлттық болмысымызды айқын сезіндік. Байқау қорытындысында Гран-при Жетісу облысына, бірінші орын Маңғыстау облысына, екінші орын Ақтөбе облысының келіндеріне бұйырса, Қостанай облысы үшінші орынды иеленді.

Бүгінде қоғамдық бірлестіктің жұмысын өңірде кеңейтіп келеміз. Рудный қаласында, Әулиекөл, Меңдіқара, Жангелдин, Федоров аудандарында филиалдарымыз ашылды. Алдағы уақытта бұл жұмысты басқа аудандарда да жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде облыс бойынша 200-ден астам әжелерді бір ортаға біріктіріп отырмыз.

Біздің мақсатымыз – тек әжелердің басын қосып, іс-шара өткізумен шектелу емес. Ең бастысы – осы буынның өмірлік тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне бағыттау. Әже – отбасының шежіресін, салт-дәстүрдің мәйегін сақтаушы. Ал ана – сол құндылықтарды баланың жүрегіне жеткізуші. Сондықтан бала тәрбиесін тек мектепке немесе қоғамға ысырып қоюға болмайды. Саналы ұрпақ тәрбиесі – отбасынан басталып, қоғам болып жалғасатын ортақ жауапкершілік.

Біз бүгін әжелер болып бас қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрсек, түпкі мақсатымыз – ертеңгі күні осы дәстүрді жалғастыратын саналы, отаншыл, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болар ұрпақ қалыптастыру. Өйткені дәстүр үзілмесе – ұрпақ сабақтастығы үзілмейді.

– Өміріңізге қайта қарасаңыз, «осы жолды тағы бір рет таңдар едім» дейтін шешіміңіз қандай?

– Мүдірместен тағы да ұстаздық жолды таңдар едім. Өйткені ұстаздық – жай ғана мамандық емес, адамға тағдырын табыстайтын, жүрегіне із қалдыратын үлкен жауапкершілік. Бала оқыту, оның бойына біліммен бірге адамдық қасиет дарыту – мен үшін өмірімдегі ең қымбат міндет болды.

Ұстаз еңбегінің жемісі бірден көріне бермейді. Сен бүгін шәкіртке бір нәрсе үйретесің, оған бағыт бересің, ал оның нәтижесін жылдар өткен соң көресің. Бір кезде алдыңда отырған балаңның елге қызмет етіп, жақсы азамат болып қалыптасқанын көргенде, өз еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанасың. Бұл – ұстаз үшін ең үлкен марапат.

Кейде көшеде немесе қоғамдық ортада бұрынғы шәкірттерімді кездестіріп қаламын. «Райхан апай, сіздің айтқан сөзіңіз әлі есімде», «Сізден осыны үйреніп едім» деген бір ауыз сөздің өзі адамға үлкен қуат береді. Сондай сәттерде ұстаздық жолды таңдағаныма тағы бір мәрте шүкіршілік етемін.

Ұстаздың бақыты – шәкіртінің жетістігінен көрінеді. Оның әрбір биігіне өзіңнің де еңбегіңнің титтей болса да үлесі бар екенін сезіну – айтып жеткізгісіз бақыт. Сондықтан уақытты кері қайтарып, өмір жолымды қайта бастауға мүмкіндік берілсе, мен еш ойланбастан тағы да мектеп табалдырығын аттар едім. Өйткені ұстаздық – жүрекпен таңдайтын, жүрекпен атқаратын мамандық. Ал шәкірт жүрегінен орын алу – ұстаз үшін ең үлкен абырой.

– Райхан Нарынқызы, сұхбатыңызға рақмет, мерекеңіз құтты болсын!

Жұмагүл ИРГАСЫМОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!