Тұрғын үй мәселесін шешудегі маңызды қадам: Қостанай ауданында 100 пәтер алынбақ
Қостанай ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жуырда аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан бюджетіне енгізілген өзгерістер аясында тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған маңызды шешімдердің бірі қабылданды.
Атап айтқанда, облыстық бюджеттен бөлінген 1,6 миллиард теңге көлеміндегі кредит қаражаты тұрғын үй сатып алуға бағытталмақ.
Бұл қаражатқа Қостанай ауданында жалпы саны 100 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Жоспарға сәйкес, бір шаршы метрдің құны 330 мың теңге болып белгіленген. Сатып алынатын тұрғын үйлердің жалпы көлемі шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды. Осылайша бюджет қаражаты есебінен алынатын пәтерлер аудан тұрғындарының әлеуметтік осал санаттарына беріледі.
Тұрғын үйлер бірінші кезекте Отбасы банкі арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға табысталатын болады. Пәтерлерді бөлу қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй кезегінің тәртібімен жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Қостанай ауданында құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, арнайы мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу жоспарланған. Конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін күз айларында тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстары басталады.
Мамандардың айтуынша, барлық жоспарланған жұмыстар уақытылы әрі сапалы жүзеге асқан жағдайда, жыл соңына дейін 100 отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын тойлау мүмкіндігіне ие болады.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету Қостанай ауданында соңғы жылдары қарқын алған маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2025 жылы аудандық тұрғын үй қорына 91 пәтер сатып алынса, 2026 жылдың басынан бері бұл қор тағы 24 пәтермен толықты.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде ондаған отбасының тұрғын үй мәселесі шешімін тауып, баспаналы болуына мүмкіндік жасалды. Дегенмен тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.
Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй алу кезегінде 3415 азамат тіркелген. Оның ішінде 249-ы көпбалалы отбасы мүшелері, 467-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ал 206-ы мүгедектігі бар азаматтар санатына жатады.
Осыған байланысты аудан әкімдігі тұрғын үй қорын ұлғайту және әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыруда.













Добавить комментарий