Салықтық түсімдер: аудан дамуының негізі

Салықтық түсімдер: аудан дамуының негізі

Әлемдік экономиканың тұрақсыз жағдайында өңірлік бюджеттердің орнықтылығы ерекше маңызға ие болып отыр. Салық түсімдерінің толық әрі уақытылы жиналуы инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға және аумақтардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы тек салықтарды әкімшілендірумен шектелмей, экономиканың ішкі резервтерін анықтауға да бағытталуда.

Қостанай ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бауыржан Әлмағанбетовтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметі бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз етуге, салықтық берешекті азайтуға және бюджет кірісінің қосымша резервтерін жұмылдыруға бағытталды.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша аудан аумағында 997 заңды тұлға, 4414 жеке кәсіпкер және 381 шаруа қожалығы тіркелген.

Бюджетке түсетін түсімдердің негізгі үлесін аудан экономикасының басты салалары қамтамасыз етті. Атап айтқанда, тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесіне барлық түсімдердің 15 пайызы немесе 2076,3 млн теңге тиесілі. Негізгі салық төлеушілер қатарында «Қашар руда» АҚ мен «ССГПО» АҚ бар. Өңдеу өнеркәсібі 9,9% немесе 1366,3 млн теңге түсім қамтамасыз етті. Бұл бағытта «Аян озат» ЖШС, «SOUZ-AGRO» ЖШС, «БК Стройпром» ЖШС, «Элит Зерно» ЖШС кәсіпорындарының үлесі зор болды.
Ауыл шаруашылығы саласы 9,6% немесе 1329,0 млн теңге түсім қалыптастырды. Бұл көрсеткішке «К.Маркса» ЖШС, «Жас қанат» ЖШС, «Олжа Садчиковское» ЖШС, «АФ Владимировское» ЖШС секілді ірі шаруашылықтар айтарлықтай үлес қосты.

Мемлекеттік басқару саласының үлесі 9 пайыз немесе 1238,0 млн теңгені құрады. Оның ішінде 965,0 млн теңге Қостанай ауданының білім бөліміне тиесілі. Сауда саласы 8,3 % немесе 1151,6 млн теңге түсім әкелді. Бұл бағыттағы негізгі төлеушілер қатарында «Стофарм» ЖШС, «Одақ» ЖШС және «Компания «КАЗНЕФТЬ» ЖШС аталды.

Жалпы алғанда, 2025 жылы мемлекеттік бюджетке 22 817,0 млн теңге жоспарланғанымен, нақты 23 076,5 млн теңге түсті. Жоспардың орындалуы 101,1% құрап, 260,0 млн теңге артық орындалды.

Алайда республикалық бюджет бойынша болжам толық орындалған жоқ. Жоспарланған 10 276,0 млн теңгенің орнына 9 263,0 млн теңге түсті. Нәтижесінде 1013,0 млн теңге көлемінде орындалмау қалыптасты.
Сонымен қатар жергілікті бюджет айтарлықтай өсім көрсетті. Жоспарланған 12 541,0 млн теңгенің орнына бюджетке 13 814,0 млн теңге түсіп, орындалу деңгейі 110,1% құрады. Артық орындалу көлемі – 1273,0 млн теңге.

Облыстық бюджет 123,6% орындалды. Жоспарланған 2514,0 млн теңгенің орнына нақты 3106,3 млн теңге түсті. Артық орындалу – 592,0 млн теңге. Ал аудандық бюджет 106,8 % орындалып, жоспарланған 10 027,0 млн теңгенің орнына 10 707,4 млн теңге түсті. Қосымша түсім көлемі 680,4 млн теңгені құрады.
Соның ішінде төртінші деңгейлі бюджет те оң динамика көрсетті. Болжам бойынша 1448,2 млн теңге жоспарланса, нақты түсім 1751,0 млн теңгені құрады. Орындау деңгейі – 120,9 %, ал артық орындалу көлемі – 303,0 млн теңге.

Айта кету керек, 2025 жыл ішінде аудандық бюджет болжамы төрт рет нақтыланды. Жалпы өсім көлемі 1124 млн теңгені құрады. Мамандардың пікірінше, бюджеттің артық орындалуы мемлекеттік кірістер басқармасының қосымша резервтерді жұмылдыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болды.
Мәселен, камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке қосымша 531 млн теңге түсті. Түрлі бағыттар бойынша 836 хабарлама және 421 ескерту жолданды. Заңды және жеке тұлғаларды әкімшілендіру мәселелері бойынша 263 түсіндіру кездесуі өткізілді. Осы бағыттағы қосымша резервтер көлемі 178,2 млн теңгені құрады.

Хронометраждық тексерулер нәтижесінде бюджетке 10,5 млн теңге түсті, ал мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тағы 166 млн теңге түсім қамтамасыз етті.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің орындалуына да ерекше назар аударылып, бұл бағыттағы жоспар 120,9 % орындалды. Жоспарланған 1448,2 млн теңгенің орнына нақты 1751,0 млн теңге түсіп, 302,7 млн теңге көлемінде артық орындалу тіркелді.

Сонымен қатар болжам екі рет ұлғайтылып, 1075 млн теңгеден 1448 млн теңгеге дейін жеткізілді. Яғни өсім көлемі 34 % немесе 347 млн теңгені құрады.

Барлық ауылдық округтер бойынша жоспар орындалғанымен, ең жоғары артық орындалу Тобыл қаласында байқалды – 18,8 % немесе 44,7 млн теңге. Заречный ауылдық округінде -31,2 % немесе 71,0 млн теңге, Владимиров ауылдық округінде – 127,7 % немесе 22,0 млн теңге, Октябрь ауылдық округінде – 23,5 % немесе 12,5 млн теңге көлемінде артық түсім тіркелді.

Сонымен бірге жүргізілген талдау бірқатар жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Соның бірі – түсімдерді болжау сапасының төмендігі және жергілікті жерлерде салық салу базасының жеткілікті деңгейде зерттелмеуі. Бұдан бөлек, бюджеттің жекелеген кодтары бойынша жоспардың орындалмауы байқалады. Бұл жағдай ауылдық округ мамандарымен ай сайын жүргізілетін түзету жұмыстарына қарамастан орын алып отыр.

2026 жыл аудан бюджеті үшін күрделі кезең болғалы тұр. Аудандық бюджет болжамы 10 627,0 млн теңге көлемінде бекітілгенімен, күтілетін нақты түсім көлемі небәрі 9733,0 млн теңгені құрауы мүмкін. Осылайша ықтимал орындалмау көлемі 894 млн теңгеге жетуі ықтимал.

Қосымша қиындықтарға бюджет заңнамасындағы өзгерістер де әсер етуде. 2026 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік салық аудандық бюджетке емес, облыстық бюджетке түсетін болады. Соның салдарынан аудандық бюджет шамамен 2479 млн теңге жоғалтады. Бұл аудан кірістерінің төрттен бір бөлігіне тең.
Қазіргі таңда жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жылдық жоспарының 60 пайызы орындалып үлгерді. Бұл – жыл басталғанына төрт ай да толмаған кезеңдегі көрсеткіш. Бауыржан Сұлтанғалиұлының пікірінше, мұндай жағдай жергілікті жерлердегі нақты салық базасын анықтау мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Осы жағдайда қосымша резервтерді іздеу ерекше маңызға ие болып отыр. Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарының айтуынша, кейбір кәсіпкерлер тіркеусіз жұмыс істейді. Мессенджерлердегі топтар арқылы түрлі тауарлар мен лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату фактілері кездеседі. Сонымен қатар тұрғын үйлерде заң талаптарын сақтамай ашылған дүкендер де анықталуда.

Қиындықтарға қарамастан, резервтерді жұмылдыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда жергілікті бюджетке қосымша 130,4 млн теңге түсім қамтамасыз етілді. 201 салық төлеушімен жұмыс жүргізіліп, камералдық бақылау нәтижесінде 93 салық төлеушіге 89,9 млн теңге сомасындағы бұзушылықтар бойынша хабарламалар жолданды. Сонымен қатар, төртінші деңгейлі бюджетке қатысты табыс, мүлік және жер салықтары бойынша қосымша резервтер анықтау жұмыстары жалғасуда.

Жалпы алғанда, аудан бюджетінің тұрақ-тылығы тек экономикалық жағдайға ғана емес, салықтық әкімшілендіру сапасына, болжамдардың нақтылығына және мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына да тікелей байланысты. Сондықтан, жүйелі бақылау, ашық кәсіпкерлік орта және ішкі резервтерді тиімді пайдалану ғана өңірдің қаржылық тұрақтылығын сақтап, тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Жұмагүл МАРАТҚЫЗЫ,
фото: Максим Золотухин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!