Асығы алшысынан түскен күн: журналистер арасындағы тартысты дода
Қостанай өңірінде ұлттық спортты жаңғыртуға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бір дәлелі – журналистер арасында дәстүрге айнала бастаған асық ату жарысы. Биыл бұл дода екінші рет ұйымдастырылып, оған облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенді қатысты. Бұл – тек спорттық сайыс қана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, ұмыт бола бастаған ойындарды қайта жандандырудың нақты көрінісі.
Жарыс Қостанай жоғары педагогикалық колледжінде өтті. Жеті команда бақ сынаған бұл сайыста қатысушылар тек мергендік қабілеттерін ғана емес, ептілік пен төзімділіктерін де көрсетті. Іс-шараны «Қостанай таңы» газетінің ұжымы мен Журналистер одағының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды. Ал жарыстың жоғары деңгейде өтуіне «AMANAT», «Respublica» партиялары мен «Жұмабеков» жеке кәсіпкерлігі демеушілік жасап, Ұлттық спорт мектебі әдістемелік әрі техникалық қолдау көрсетті.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың айтарлықтай артқаны байқалады. Әсіресе, асық ату ойыны тек ауыл баласының ермегі деген түсініктен арылып, ресми жарыстар бағдарламасына еніп, кәсіби деңгейде дамып келеді. Бұл үрдістен Қостанай өңірі де шет қалып отырған жоқ. Облыстық БАҚ өкілдерінің өздері осы бастаманың алдыңғы қатарынан көрінуі – қоғамдағы оң өзгерістердің айқын дәлелі.
Жарыстың ашылуында сөз алған «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ұлттық ойындарды насихаттауда ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, журналистер тек ақпарат таратушы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші күшке айналуы тиіс. Сондықтан мұндай іс-шаралар кәсіби қауымдастық ішінде жиі өткізіліп, дәстүрге айналуы маңызды.
Шараға қолдау білдірген азаматтардың бірі – «Respublica» партиясының белсенді мүшесі, кәсіпкер Расул Жұмабеков. Ол өз сөзінде ұлттық спортты дамыту – ұлт болашағына салынған инвестиция екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық журналистер одағы филиалының төрағасы Александра Серғазинова да мұндай жарыстардың маңызына тоқталып, алдағы уақытта олардың ауқымын кеңейту қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, ұлттық ойындар тек жарыс алаңында ғана емес, ақпараттық кеңістікте де кеңінен насихатталуы тиіс.
Биылғы сайыстың ерекшелігі – Ұлттық спорт мектебі мамандарының кәсіби төрелік етуі. Бұл жарыстың әділ өтуіне және қатысушылардың ойын ережелерін толық меңгеруіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар арнайы құрал-жабдықтардың қолданылуы сайыстың сапасын арттыра түсті.
Жарысқа арнайы шақырылған газет ардагері Дамир Әбіш ұлттық ойындардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, асық ату – тек ойын емес, ұрпақты ептілікке, дәлдікке, шапшаң ойлауға баулитын мектеп. Ардагердің өзі де «Ардагер» командасы құрамында өнер көрсетіп, «Сұрмерген» атануы – көпшілікке үлгі боларлық жайт.
Тартысты өткен бәсекеде «Ұлыс» командасы үшінші орынға ие болды. Екінші орынды «Қостанай таңы» командасы иеленсе, бірінші орын «Қостанай» телеарнасының командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Бұл жарыс – тек жеңімпаздарды анықтау емес, ортақ құндылықтарды ұлықтау алаңы. Бүгінде қоғамда ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артуы – рухани жаңғырудың бір көрінісі. Әсіресе, жастар арасында асық атуға деген қызығушылықтың қайта жандануы көңіл қуантады.
Қостанайлық журналистердің бұл бастамасы – өзгелерге үлгі боларлық іс.
Жұмагүл Иргасымова
























Добавить комментарий