Қостанай – Қазақстанның индустриялық жүрегі
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары өңірдің елдегі индустриялық-аграрлық орталықтардың бірі ретінде нығайып келе жатқан негізгі бағыттарды талқылаудан басталды. Халқы 820 мыңнан асатын облыс тұрақты экономикалық даму қарқынын көрсетіп отыр. Жалпы өңірлік өнім 4,9 трлн теңгеден асып, өсімін жалғастыруда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар еселенген қарқынмен артып, алдағы индустрияландыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болып отыр.
«Атамекен» ҰКП басшысы алғашқы кездесуді облыс прокуроры Мақсат Сексембаевпен өткізіп, бизнес үшін болжамды әрі қауіпсіз құқықтық ортаны қалыптастыру мәселелері талқылады. Қанат Шарлапаев инвестициялар құқықтық жүйеге деген сенім деңгейімен тікелей байланысты екенін айтты:
Ол ережелер тұрақтылығының, сапалы құқық қолдану тәжірибесінің және бизнесті негізсіз қысымнан қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бақылау мен кәсіпкерлік белсенділік арасындағы тепе-теңдікті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларына көшу және лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
Сапар аясында Палата басшысы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесуге Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Майшев модератор болды. Сондай-ақ, кездесуге Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Давлетпаев қатысты. Қанат Шарлапаев кәсіпкерлер экономиканың негізгі тірегі екенін атап өтті, өйткені олар жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз етеді.
«Біз бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына – кәсіпкерлер шешім қабылдау үдерісіне қатысатын проактивті диалогқа көшеміз», – деді ол.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП жұмысын жаңғыртуға, аналитикалық қызметін күшейтуге және отандық инвесторларды қолдау құралдарын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тұрақты экономикалық өсудің негізі ретінде отандық бизнесті қарқынды дамытуға басымдық берілді.
Бұдан кейін Қанат Шарлапаев шағын және микробизнес өкілдерінің өнімдері ұсынылған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмені тамашалады. Көрмеде халық қолөнері бұйымдарынан бастап азық-түлік өнімдері, табиғи косметика мен экологиялық тауарларға дейінгі кең ауқымдағы өнімдер көрсетіліп, жергілікті бастамалардың әлеуеті байқалды.
Сапар аясында экономикалық саясат пен іскерлік ортаның негізгі бағыттары талқыланған кеңейтілген кездесу де өтті. Қанат Шарлапаев инвестициялар өсімнің басты қозғаушы күші екенін, ал инвесторлардың сенімі мен қауіпсіз орта шешуші факторлар екенін тағы да тілге тиек етті. Сонымен бірге машина жасау және агроөнеркәсіп кластерлерін одан әрі нығайту қажеттігін, сондай-ақ бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл алаңы ретінде өңірлік палаталардың рөлін күшейту керектігін атап өтті. Кездесу барысында отандық өндірушілер тізілімін дамыту, ұлттық тауар каталогын қалыптастыру және жаңа Салық кодексін енгізу секілді жүйелі реформалар белгіленді.
Кәсіпкерлер өз қызметіне тікелей әсер ететін бірқатар практикалық мәселені көтерді. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану ережелері, киіктерден келген шығынды өтеу, аграршыларды ресурстармен қамтамасыз ету (оның ішінде жеңілдетілген дизель отыны), Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесінің (БМАСЖ) жұмысын жетілдіру және мемлекеттік қолдау тетіктері бар. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларға арналған салықтық жеңілдіктер, туризмді дамыту, экспорт кезінде ҚҚС қайтару мәселелері және жерді уақытша пайдалану құқығын беру тәртібі талқыланды.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды. Соның ішінде елдегі жетекші кондитерлік өндірістердің бірі – «Баян Сұлу» фабрикасы да бар. Компания өндірістік қуатын кеңейтіп, жаңа бисквит пен печенье өндірісін іске қосу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл, шамамен, 260 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Автомобиль саласында «KIA Qazaqstan», «СарыарқаАвтоПром», «KamLitKZ», «AgromashHolding KZ» және «TEHNOPARK KZ» кәсіпорындарын қамтитын индустриялық кластер ұсынылды. Бұл кәсіпорындар Қазақстанның машина жасау кешенінің негізін қалыптастырады.
Сондай-ақ, «КЛК Тобыл» көлік-логистикалық орталығы жобасына ерекше назар аударылды. Ол Қазақстан, Қытай, Ресей, Орталық Азия елдері мен Еуропа арасындағы негізгі сауда бағыттарының тоғысында халықаралық торап ретінде қалыптасып жатыр.
Сапар қорытындысында ҰКП Төралқа Төрағасы Қостанай облысы тұрақты өсім көрсетіп, қуатты индустриялық кластер қалыптастырып жатқанын және ұлттық экономикадағы рөлін күшейтіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіптік әлеуеттің, шағын және орта бизнестің дамуы мен жүйелі реформалардың үйлесімі ұзақ мерзімді экономикалық дамудың негізін қалайды.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ,
суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз
қызметінен алынды



















Добавить комментарий