«Сарқылмас кеудем менің – ойдың кені»
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікбай Оспанұлымен «Сарқылмас кеудем менің – ойдың кені» атты тағылымды шығармашылық кездесу өтті.
Бұл кеш – тек бір ақынның шығармашылығын таныстыру ғана емес, ұлттық руханияттың кең өрісін, тағылымды ойдың терең тамырын танытқан мазмұнды жиын болды.
Кездесу барысында қаламгердің «Ыбырай жолы», «Ахметтану», «Ақынның жаны», «Мейірім бастауы – бесік жыры», «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты еңбектерінің тұсауы кесіліп, олардың ғылыми және көркемдік құндылығы жан-жақты сөз етілді.
Серікбай Оспанұлы – поэзия мен ғылымды қатар игерген сирек тұлғалардың бірі. Оның «Жер жүрегі», «Жарқын жастық», «Қайнарбұлақ», «Қоңыраугүл», «Алтын арқау» жыр жинақтары оқырман жүрегінен орын тапқан. Ақын жырларының өміршеңдігін оның өлеңдеріне жазылған әндерден де аңғаруға болады. Атап айтқанда, Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды», Қалибек Деріпсалдиннің «Айлы түнде», Мұхтар Сәдібековтің «Шилі өзен» әндері ел арасына кеңінен тараған. Жалпы, ақынның 200-ден астам өлеңіне ән жазылғаны – оның шығармаларының халықтық сипат алғанының айғағы.
Кеш барысында сөз алған көрнекті қаламгерлер мен ғалымдар Серікбай Оспанұлының шығармашылығына жоғары баға берді. Ақын, драматург Серік Тұрғынбекұлы оның ақындықтан ғалымдық биікке көтерілгенін атап өтсе, жазушы, журналист Қайсар Әлім «Сағындым Алматымды» әнінің халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Ал әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов қаламгердің ғылыми еңбектеріне ерекше тоқталып, «Мейірім бастауы – бесік жыры» кітабында қазақтың мыңжылдық тарихы мен рухани тамыры терең қамтылғанын атап өтті. Бұл еңбек арқылы автор өзін тек әдебиетші емес, тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ретінде де танытқанын тілге тиек етті. Ғалым сондай-ақ «Ыбырай жолы» еңбегінің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Дихан Қамзабекұлы Серікбай Оспанұлының Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын зерттеуге қосқан сүбелі үлесіне тоқталып, оның ыбырайтану мен ахметтану ғылымын дамытудағы еңбегін жоғары бағалады.
Серікбай Оспанұлы – тек ақын, ғалым, публицист қана емес, ұлттық мұраның жанашыры. Ол ағаштан ұлттық бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасап, халқымыздың қолөнер дәстүрін жаңғыртып келеді. 1997 жылы Алматыдан Қостанайға қоныс аударып, жоғары оқу орнында қызмет етіп, талай шәкірт тәрбиеледі. Ғылым жолында ізденіп, кандидаттық диссертация қорғады.
Серікбай Оспанов – ең алдымен ұстаз. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика факультетінде қызмет еткен жылдары ол талай жас журналистке бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұстаздың осы еңбегінің жемісі – бүгінде елордада еңбек етіп жүрген шәкірттері ұйымдастырған осы кеш болды. Олар ұстаз мерейін үстем етіп, тағылымды тұлғаға деген шынайы құрметтерін көрсетті.
Солардың қатарында Гаухар Төлекбаева, «Абай» телеарнасының журналисті, Құралай Байкенова, «Хабар» телеарнасының қызметкері, Амангелді Шөрентаев, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, Данияр Ихсан мен Асылан Әлімбаев, осы университеттің оқытушылары, Жасұлан Айсағалиев, радио журналисті бастаған бір топ шәкірттері бар.
Кеш барысында сөз алған шәкірттері ұстаз тұлғасына деген ілтипаттарын жүрекжарды естеліктерімен өрнектеді. Ақынның жерлес інісі Жасұлан Айсағалиев бала күннен жүрекке сіңген жырлар туралы тебірене әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, «Айлы түнде» әнімен өскен буын үшін Серікбай ақынның есімі қашанда ыстық. Ал «Бес саусақ» секілді бала жанына жақын өлеңдерін кішкентай кезінде «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінен оқып, әжесіне дауыстап жеткізетін сәттері – балалықтың жарқын естелігі. Сол кезеңде Торғай жұрты газет бетіндегі жырларды оқи отырып, ақын баласының амандығын біліп, тілеулес болып отыратынын да тебіреніспен жеткізді.
Ал Гаухар Төлекбаева ұстаздың шәкірт өміріндегі орны туралы әсерлі ой айтты. Ол Серікбай Оспанұлының тек білім беруші ғана емес, бағыт-бағдар сілтеуші, өмірлік жол көрсететін тұлға екенін ерекше атап өтті. Журналистика факультетінде дәріс алған студенттер ағайдан тек кәсіби білім емес, адамдық пен азаматтықтың биік үлгісін үйренетінін жеткізді. «Бізге оңы мен солымызды танытып, өмірдің дұрыс жолын нұсқайтын мейірімді жан», – деген шәкірт алғысы көпшіліктің көңілін толқытты.
Кеш соңы ән мен жырға ұласып, әсерлі сәттерге толы болды. Ақынның Астанадағы шәкірттері ұстаздарына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Бұл – шәкірт жүрегіндегі шексіз алғыстың белгісі еді.
Серікбай Оспанұлы – ақындық пен ғалымдықты, ұстаздық пен азаматтықты тоғыстырған тұғырлы тұлға. Оның сарқылмас кеудесіндегі ой кені әлі талай ұрпақтың рухани қазынасына айналары сөзсіз.
Жұмагүл ИРГАСЫМОВА, шәкірті















Добавить комментарий