Жаңа экономикалық серпін: Президент айқындаған басымдықтар

Жаңа экономикалық серпін: Президент айқындаған басымдықтар

«Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты». Мемлекет басшысының бұл сөзі – ел дамуының жаңа тарихи белесіне берілген нақты баға. Бүгінде Қазақстан ел тағдырына әсер ететін реформаларды жүзеге асырып жатыр. Соның өзегі – саяси жүйені түбегейлі жаңғырту және жаңа Конституция қабылдау бастамасы.

Конституциялық жаңғыру және тұрақты даму моделі

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент конституциялық реформаның мәнін айқындап берді. Қоғамда жарты жылдан астам уақыт бойы Ата Заңға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүрді. Ұсыныстарды саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. «Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия», – деді Президент.

Комиссия жұмысының ашықтығы – реформаның басты ерекшелігі. eGov және eOtinish платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс түскен. «Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Комиссия мүшелері «Ата заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген ортақ байламға келді. Бұл – жекелеген түзетулер емес, мемлекетті басқарудың жаңа моделін қалыптастыру деген сөз.

Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдары Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан біртіндеп бас тартып, ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға көшті. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы.

Президенттің айтуынша, түзетулер билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтады. Ең бастысы, «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты нақты мазмұнмен толығады.

Ата Заң жобасында адам құқықтарын қорғаудың жүйелі кепілдіктері қарастырылған. Адвокатура туралы жеке бап енгізілуі – соның айғағы. Білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты нақтыланған. «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі» деген норма дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған. Табиғатты қорғау мәселесі де конституциялық деңгейде бекітілген.

Президент тұрғын үйге қатысты норманы күшейтіп, «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз жол берілмейді» деген толықтыру енгізуді ұсынды. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті нығайтатын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы қазіргі Конституцияның тарихи рөлін жоғары бағалады.

-Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз, – деді ол. Бұл – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегінің нәтижесі.

Алайда ел мен әлем өзгерді. Геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық үдерістер түбегейлі жаңарды. Сондықтан ұлттық құндылықтар мен мақсаттарды конституциялық деңгейде жаңғырту – уақыт талабы.

-Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес, – деді Президент.

Бұл – жаңа тарихи дәуірдегі мемлекеттің негіздерін қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту әрекеті.

Қазіргі әлемдік ахуал күрделі. Сарапшылар жаһандық экономиканың өсімі баяулап, халықаралық сауда әлсірейтінін болжап отыр. Инвестициялар азайып, мемлекеттер өз нарығын қорғауға көшуде. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады.

Осындай жағдайда Қазақстанға жаңа экономикалық модель қажет. Президенттің айтуынша, экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы  жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектке тоқталып,

жасанды интеллект – жай ұран емес, ол экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс  деді.

Экономикалық тәртіп және жауапкершілік: Президент қойған нақты міндеттер

Мемлекет басшысы жариялаған экономикалық басымдықтар – жай ғана ағымдағы тапсырмалар жиынтығы емес. Бұл – экономикалық саясаттың мазмұнын, басқару мәдениетін және мемлекеттік аппараттың жауапкершілік деңгейін түбегейлі қайта қарауға бағытталған жүйелі талап. Президент сөзінде нақты мерзім, нақты міндет және нақты жауапкершілік бар.

Мемлекет басшысы сөзін тікелей әрі ашық бастады. Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек деген Қасым-Жомарт Тоқаев:

-Мәселені шешудің орнына қажетсіз  жол карталарын әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады, – деді.

Президент нәтижені қалай өлшейтінін де нақты айтты.
-Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады, – деп  түйіндеді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев салық және кеден жүйесін түбегейлі цифрлық форматқа көшіруді тапсырды.
Мемлекеттік кірістер комитеті толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналуы тиіс деді.

Банктер мен маркетплейстер де салық агенттері ретінде жүйеге енуге міндетті.

Бірақ цифрлық бақылау инвестициялық климатқа зиян келтірмеуі керек. Жаңа ережелер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуі тиіс.

Бюджет тәртібі: «игеру жарысына» нүкте

Президент бюджет саясатына да ерекше тоқталды.

Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады – деген Қасым-Жомарт Тоқаев тиімсіз шығындарды қысқарту үшін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізу тапсырылды.

Президент аймақтық теңгерім мәселесін де нақты көтерді.

Соңғы жылдары өңірлердің кіріс қоры артты. Бірақ міндеттемелер мен ресурстардың сәйкессіздігі байқалады.

-Жергілікті атқарушы органдарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөлшерлес болуын ескеру өте маңызды. Қазақстан – бір орталықтан басқарылатын унитарлы, біртұтас ел. Дегенмен жаңа ережелер өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауға тиіс деген Президент:

-Бұл киелі кітап емес қой… Шешімді тез әрі батыл қабылдау қажет, – деп нақты айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инфрақұрылым мен аймақтық теңсіздік мәселесіне тоқталды. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылуы – 64,1 пайыз. Өңірлер арасында алшақтық бар. Әсіресе Абай, Ұлытау және Алматы облыстарындағы жағдайға ерекше назар аударылды.

Инфрақұрылым жетіспесе, даму болмайды. Сондықтан аймақ басшыларына нақты міндет қойылды: экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту.

Цифрлық мемлекет және энергетикалық қауіпсіздік

Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған үшінші стратегиялық міндет – цифрлық мемлекет құру. Бұл бағыт енді қосымша сала немесе көмекші құрал емес, ұлттық дамудың өзегіне айналуға тиіс.

Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады, – деген Мемлекет басшысы цифрландыру – үнемдеу, ашықтық және тиімділік құралы екенін және цифрлық трансформацияға селқос қарауға болмайтынын ашық айтты.

Сондай – ақ, Президент мемлекеттік басқарудағы бір қауіпті үрдісті сынға алды.

Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға жаба салады. Мұндай тәсіл – жауапкершіліктен жалтару.

Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.

Цифрландыру – қателікті жасыратын құрал емес, жүйені түзейтін механизм болуы керек деді.

Президент  еліміздегі цифландыру саласының жұмысын сынға алды.  Ведомстволар өз бетінше цифрландырумен айналысқан. Нәтижесінде техникалық проблемалар көбейіп, қаржы тиімсіз жұмсалғанын айтты.

Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты тапсырмалар беріп, Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуді міндеттеді. Барлық цифрлық өзгерістер QazTech платформасының негізінде жасалуы тиіс. Сонымен қатар, деректерді басқару философиясын өзгерту қажет. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды. Жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесі құрылуы тиіс.

Цифрландыру кезеңінде тәуекелдер де артатыны белгілі. Өз сөзінде Президент дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын айтты.

Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардан қорғаған. Бірақ бұл жеткіліксіз.

киберқауіпсіздік пен азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде қарау,
сондай-ақ цифрлық дербес деректерді қорғауды конституциялық деңгейде бекітуді тапсырды.

Әлеуметтік сала: 40 пайыз бюджет және нәтиже мәселесі

Өткен жылы республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бөлінген. Бірақ Президент бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ қойды. Әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамға жетуі тиіс. Барлық қолдау түрі «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуі қажет. Бұл – атаулы, ашық және бақылауға болатын модель.

Денсаулық сақтау саласында 30-дан астам ақпараттық жүйе бар, бірақ олар бір-бірімен толық байланыспаған. Президент бұл жағдайды бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі деп атады.

Сондықтан 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру қажеттігін айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де толық цифрландырылуға тиіс.

 Барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тарту қажет деп Президент қатаң ескертті.

Білім саласында да алаяқтық анықталған. Мұнда да жауапкершілік сөзсіз болуы керек деп ескерткен Президент маман даярлау жүйесі экономиканың жаңа технологиялық қарқынына ілесе алмай отырғанын айтты.

-Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр. Сондықтан жай ғана IT-мамандар санын көбейту жеткіліксіз.

Шешім – Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру. Оны мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқаруы тиіс.

Бұл – білім мен нарық арасындағы алшақтықты қысқартудың жаңа моделі деді.

Цифрландырудың энергетикалық негізі

-Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайды. Былтыр Қазақстан 3,7 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын импорттаған. Қуат көздерінің тозуы жағдайды ушықтырып отыр. Қазіргі өндіріс – 123 миллиард киловатт-сағат. Бұл жеткіліксіз, – деп  Президент стратегиялық шындықты ашық айтты.

Үкімет 2029 жылға дейін 13,3 гигаватт жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бірақ мерзімдерді созу тәжірибесі бар. «Бұдан былай соза беруге болмайды» деп Президент нақты талап қойды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 55 гигаватт қуат беретін 85 блок салынып жатқан Қытай тәжірибесі мысалға келтіріп, «таза көмір» жобасын әзірлеуді тапсырды.

Жаңа инвестициялық кезең

Президент жариялаған төртінші стратегиялық міндет – толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау.

2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты. Бұл – оң нәтиже. Алайда мәселе бар.

Былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр. Яғни, сапалық өзгеріс қажет, – деген  Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Бюджет қаржысын инвестиция ретінде көрсету – оңай жол. Бірақ бұл нарықтық модель емес. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет, – деп экономикалық философияны ашық айтты.

Президент жаңа сапалы инвестиция тарту үшін біртұтас стратегия қажет екенін нақтылады. Басымдық – жоғары технологиялы өндірістер. Басты салалар: сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия, көлік, агроөңдеу.

Сирек металдар мәселесіне Президент ерекше тоқталып, оны Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы деп атады. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек деді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырғанын, бір міндет бірнеше органға жүктелгеннен  үйлестіру әлсіз деді.

Президент «Бәйтерек» холдингін қайта құрудың себебін түсіндірді. «Самұрық-Қазынаға» қатысты сын қатал болды. «Қосшыдан басшы көп», басшылық құрамы ел айтып жүргендей «сол жағалаудың»  адамдарына толып қалған деді.

Президент өз сөзінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттілігін айтты. Соңғы 25 жылда олардың ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1%-дан сәл ғана асып отыр, ал экспортқа үлесі 0,3%, шетел инвестициясына – 0,9%. Қазіргі модель тиімді емес, сондықтан үш жыл ішінде инфрақұрылымды жаңарту және даму моделін қайта құру жоспарланып отыр. Жаңа нормалар мен сервистік шешімдер осында сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы тиіс.

Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің флагмандық жобасы ретінде қарастырылуда. Smart City қағидаты бойынша жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар енгізіледі, капитал тартуға теңдесі жоқ жағдай жасалады және ерекше реттеу режимі қолданылады. Бұл жобаны жүзеге асыруда бюрократиясыз, сапалы шешім қабылдау маңызды. Шэньчжэнь мысалы көрсеткендей, батыл реформалар мен жеңілдіктер инвесторларды тартудың тиімді жолы болып табылады.

Қаржы секторының қазіргі жағдайы инвестициялық белсенділікке кедергі келтіріп отыр. Қаржы активтерінің 84%-ы банктерде шоғырланған, бірақ бизнеске берілетін несие үлесі небәрі 38%. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай-ақ»  3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет. Бірақ бұл инфляцияны төмендетумен тікелей байланысты. Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді, кәсіби жұмыс істеуі тиіс деді Президент.

Снымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті сақтандыру түрлерін көбейтуді ұсынды.

-Сақтандыру секторының үлесі – 5 пайыз ғана. Бұл жеткіліксіз. Ұзақ мерзімді қор жинау – құнды қағаздар нарығын дамытады. Құнды қағаздардың дамыған нарығы – макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленуге тиіс. Жаңа заңдар қажет, – деп  түйіндеді.

Шикізаттық модельден терең өңдеуге көшу талабы

 Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестициялық кезеңнің басым бағыттарын айқындай отырып, оның ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керектігін нақты айтты. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып,  6,4 пайызға өсті. Алайда ол бірден жүйелік мәселені де көрсетті: өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Президенттің пікірінше, өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Яғни ішкі өсім болғанымен, сыртқы нарықтағы тиімділік пен қосылған құн мәселесі шешілмей отыр.

Мемлекет басшысы шикізат секторына қарсы ұстаным жоқ екенін ашық айтты.

-Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет, – деді. Сонымен қатар ол өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек» екенін нақтылады.

– Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер, – деген Президент, оның салдарын «Парадокс» деп атады. Шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Оның пайымынша, мұндай тәжірибені доғару керек, өйткені шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы.

Сонымен бірге Президент «артық қылам деп, тыртық қылуға да болмайды» деп ескертті. Яғни өңдеуді дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтіруге жол бермеу қажет. Үкімет саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс деді.

Мемлекет басшысы мұнай саласындағы жағдайды ерекше атап өтті.

-Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Нәтижесінде, біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз. Бұл ахуалды өзгерту үшін жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек және бұл жұмысты жедел орындау қажет деді.

Мұнай-газ химиясы саласына тоқталған Мемлекет басшысы полимерді терең өңдеу жолға қойылмағанын сынға алды.

Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болатынын айтты. Осы бағытта шағын және орта бизнесті лизинг және жеңілдікпен несие беру арқылы қолдау қажеттігін атап өтті.

Ауыл шаруашылығын қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шеше алмай отырғанын, еліміз  әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді екенін сынға алды Президент. Әкімшілік шектеулерге қатысты ол нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек деп нақты айтты.

Мал шаруашылығында жүйелі стратегияның жоқтығын атап өтіп, Президент еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі деді. Кооперация қажеттігін бұрын да көтергенін еске салды және Нидерланды тәжірибесін мысалға келтірді. Осыған байланысты 1-ші қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ субсидиялау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту, жалған құжат айналымын тоқтату қажеттігі айтылды. Президент «бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет» деп нақты тапсырма берді.

Цифрлық трансформация және кәсіпкерлікті ырықтандыру

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді деп нақты атап өтті. Бұл тұжырым қазіргі экономикалық саясаттың бағытын айқындайды. Өйткені шағын және орта бизнес бүгінде ұлттық экономиканың тірегіне айналып отыр. Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Президент мұны кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады. Алайда ол қазір табысқа риза болып отыратын заман емес деп  ескерту жасады.

Мемлекет азаматтардың жаппай кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасап отырғанын айта келе, Президент қазіргі кезеңде саннан сапаға көшу қажеттігін баса айтты.

Президенттің пікірінше, мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейіне және санатына қарай саралап беру қажет. Яғни қолдау әмбебап емес, дифференцияланған болуы тиіс. Шағын бизнеске көрсетілетін көмек нақты әрі тиімді болуға тиіс, ал кәсіпкерлерді күнкөріс режимінен шығарып, тұрақты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды. Әсіресе, шикізаттық емес сектордағы әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге бағытталуы қажет.

Осыған байланысты Үкіметке «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеу тапсырылды. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс.

Президент цифрлық трансформацияны нақты институционалдық шешімдермен байланыстырды.

-Әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тікелей қолдана алатын біртұтас цифрлық экожүйе жасалуы қажет, – деді ол.

Бұрын енгізілген тексерулерге мораторий уақытша нәтиже бергенімен, оның мерзімі аяқталған соң жағдай қайта күрделенген. Президент нақты статистиканы келтірді. 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан. Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Ол мұндай әрекеттерді «шаш ал десе, бас алатын» тәсіл деп бағалап, «доғару керек» екенін қатаң айтты.

Президент экономиканы ырықтандыру шаралары туралы Жарлықтың орындалу барысына да сын айтты. Оның айтуынша, бұл жұмыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып жатыр деуге болады. Құзырлы органдар бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ойлайды. Соның салдарынан Жарлықта белгіленген міндеттер толық орындалмаған.

Мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәселесі – соның айқын мысалы. Үкімет жеке меншікке өтуге тиіс 473 кәсіпорынның тізімін бекіткенмен, активтерді саудаға шығармақ түгілі оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ. Сонымен қатар «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң қабылданбаған.

Мемлекет басшысы мемлекеттік активтердің бюджет есебінен қамтамасыз етілетінін еске салып, бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежейтінін ұмытпауымыз қажет деді.

Көлік-логистика – жаңа экономикалық үлгінің стратегиялық тірегі

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей географиялық орнын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтіп, бұл мүмкіндікті жіберіп алу «халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін» екенін ескертті. Демек, көлік саласы енді тек инфрақұрылымдық бағыт емес, ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторға айналуға тиіс.

Президент көлік-тасымал секторын өнеркәсіп және инвестициялық саясатпен бірге біртұтас жүйе ретінде қарастыру керектігін айтты. Бұған дейін транзит саласының инфрақұрылымдық рөлі басым болса, енді ол экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп отырған кезеңде бұл – стратегиялық тұрғыдан дұрыс бағыт.

Қазіргі таңда еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржол арқылы тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін дамыту айрықша маңызға ие. Соңғы жылдары бірқатар ірі инфрақұрылым жобалары аяқталып, жүк тасымалдау мүмкіндігі артқанымен, Президент теміржол транзиті әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар тозығы жеткен инфрақұрылымның әлі де көп екенін, кей жерлерде ахуал күрделі екенін ескертті.

Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа желілер іске қосылуы тиіс. «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолдарын жаңғырту, «Бақты – Аягөз» желісін уақытылы пайдалануға беру – нақты тапсырма.

-Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, – деді Президент.

Жүк вагондарын бөлу үдерісін толық цифрландыру және барлық тасымалдаушыларға «ашық және бірдей қолдау» көрсету – әділ бәсекенің негізі. Сонымен бірге теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау кезек күттірмейтін міндет ретінде қойылды. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясаты тұжырымдамасы бойынша түпкілікті шешім қабылдануы тиіс. Президенттің айтуынша, тариф саясаты – көлік стратегиясының өзегі.

Автокөлік тасымалы да назардан тыс қалмауы керек. «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағыттарындағы жолдар мен бірқатар қалалардың айналма жолдарының құрылысы қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл жерде тек жол салу емес, оның сапасы мен қауіпсіздігі бірінші орында. Президент жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып, автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды.

Шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту да транзит тиімділігінің негізгі шарты. Былтыр 9 бекет іске қосылса, келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Бірақ Президент бекеттердің сапасына да ерекше мән беру керектігін айтты. Кедендік рәсімдерді цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект арқылы оңтайландыру қажет, алайда бақылау әлсіреп кетпеуі тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру – ашықтық пен тиімділікті арттырады.

Осыған байланысты «Smart Cargo» жүк тасымалын басқару платформасы мен «Keden» кедендік рәсімдер жүйесі пилоттық режимде іске қосылған. Ендігі міндет – барлық ақпараттық жүйелерді кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын жеделдету. Соның нәтижесінде біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасуы тиіс.

Президент қорытындылай келе, алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

-Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет, – деді ол.

 

Аружан Қанатбек

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!