Ел рухын асқақтатқан Міржақып тойы

Ел рухын асқақтатқан Міржақып тойы

Қостанай облысында Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай кең көлемді мерекелік іс-шаралар өтті. Қайраткердің туған жері – Қызбел, Бидайық, Торғай өңірінде екі күнге жалғасқан тағылымы терең, танымдық мазмұны бай той ел рухын көтеріп, ұлттың мерейін үстем етті.

Еңселі ескерткіш – ел рухының белгісі

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы Қостанай қаласында басталды. Айтулы күнге орай шаһардың қақ ортасындағы облыс әкімдігі ғимараты жанындағы алаңда көрнекті қайраткерге арналған еңселі ескерткіш орнатылып, салтанатты жағдайда ашылды.

Салтанатты рәсімге Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, көпшілікке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

– Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз, деп атап өтті мемлекет басшысы құттықтауында.

Ескерткіш ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Сөз алған Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен Міржақыптың жиені Ерлан Сатыбалдиев ұлт тұлғасының тарихи рөлін атап өтіп, көпшілікке жүрекжарды тілектерін арнады. Жиын соңында жиналған жұрт Алаш арысының рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанат одан әрі қайраткердің туған жері Қызбел мен Бидайық ауылдарында жалғасты. Қонақтар алдымен Міржақып Дулатұлының жаңартылған кесенесіне барып, құран бағыштады. Бұдан кейін Міржақыптың музей-үйінің жаңа экспозициясының ашылуына қатысты.

Аталған музейді қайта жаңғырту жұмыстарына белгілі суретші Бақытжан Досымов жетекшілік еткен. Ол бұл жұмысты бір жылға жуық уақыт бойы жүргізіп, музейдің ішкі мазмұнын заманауи, бірақ тарихи сипатта жаңартқан.

«Ұлы дала жорығы»

Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аясында Қостанай өңірінде ұлттық рухты ұлықтаған тағы бір ауқымды іс-шара — «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтті. «Amanat» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі дода Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына да арналды.
Биыл бұл мәртебелі бәйге алтыншы мәрте өтіп отыр. Аламан алаңына бұл жолы 18 команда қатысып, дала төсін дүбірге толтырды. Алыс-жақын шетелден де шабандоздар келіп, тұлпар тізгінін тең ұстауға ниет білдірген. Атап айтқанда, Қырғызстаннан екі, Қабардин-Балқардан бір команда бәйгеге қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы алғаш рет «Бірлік» атты өз командасын ұсынды.

Бәйгенің ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы:

– Ұлы дала жорығы» – бұл ат спортын ғана емес, тұтас ұлттық болмысымызды, ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени кодымызды жаңғыртатын маңызды оқиға. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамыту жөніндегі бастамаларының нақты нәтижесі. Былтыр елордада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындары осы салаға тың серпін бергені белгілі. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай осындай рухты бәйгенің өткізілуі – тарихқа тағзымның, ұлт тұлғасына құрметтің нақты көрінісі. Шабандоздарға сәттілік тілеймін! – деді.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысушыларға ізгі тілегін арнап, аймақта ат спортына, әсіресе Қостанай жылқы тұқымын сақтау мен көбейтуге мемлекет деңгейінде үлкен көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі бес күнге созылып, 100-ге жуық тұлпар 500 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарыс бағыты – қасиетті Торғай жерінен басталып, Міржақыптың кіндік қаны тамған Қызбел мен Бидайық ауылдарын қамтыды. Одан әрі бәйге жолы күре тас жолмен жалғасып, Арқалық қаласында мәресіне жетті.

Ғылыми конференция

Мерейтой аясында Торғай өңірінде бірқатар мазмұнды әрі мәнді шаралар өтті. Соның бірі – Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен «Міржақып және ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция.

Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл ашып, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол конференцияның басты мақсаты – Алаш ардақтысының мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, азаттық идеясын насихаттау, елдің рухани жаңғыруына серпін беру екенін атап өтті:

– Міржақып Дулатұлы – елінің ертеңі үшін жанын шүберекке түйген қайраткер. Оның «Оян, қазақ!» арқылы халқына айтқан үні – бүгін де өзекті. Қазақ тілін, білім мен ұлттық сананы көтеру жолындағы еңбектері – болашаққа бағдар болар темірқазық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біз Алаш арыстарының аманатына адал болуға тиіспіз. Бұл – тарихи парызымыз, деді Бақытжан Нарымбетов.
Конференция аясында көрнекті қаламгер Төлен Әбдік, академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Сәбит Байзақов, алаштанушы-ғалымдар Марат Әбсеметов, Ербол Тілешов, Сәбира Иманбаева, Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей сынды зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Міржақыптың өмірі мен шығармашылығы жайлы құнды пікірлерімен бөлісті.

Академик Мәмбет Қойгелдиев Торғайдағы ұлт-азаттық қозғалыс пен 20 ғасыр басындағы тарихи өзгерістерге тоқталса, Сәбит Байзақов өз сөзін әсерлі бастады:

– Бүгін Міржақыптың кесенесіне барып, музейін көріп, осында келдім. Қызбел мен Бидайықтың табаныма жұққан топырағын әдейі қағып тастамай келдім. Бұл – құрмет. Торғайдан шыққан Алаш қайраткерлерінің біразы әлі де толық зерттелмей жатыр. Мәселен, Міржақыптың туған ауылынан тек ол ғана емес, ағасы Асқар Дулатұлы бастаған 15-тен аса Алаш қайраткері шыққан. Олардың есімі мен еңбегін түгендеу – келер ұрпақ алдындағы міндет, деді ғалым.

Ал ғалым Сәбира Иманбаева өзінің «Алаш арыстарының шұғыласы – Гүлнар Дулатова хақында» атты баяндамасында Арқалық қаласында салынып жатқан әуежайға Міржақыптың есімін беруді ұсынды.

Конференция аясында бірнеше ғылыми-әдеби еңбектің тұсаукесері өтті. Олар:

– Академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Әбдіғаппар хан Жанбосынұлы және оның әулеті: азаттық үшін күресте өткен өмір. 1916–1936 жылдар» кітабы;

– Журналист, жазушы Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы: ғұмырнама» және «Атылуын күткен алты күн» атты романы;

– Жас тарихшы, ұстаз Данияр Ихсанның «Міржақып Дулатұлы. Қазақтың тарихы. Таңдамалы шығармалар жинағы».

Айтыс – рухани тойдың шоқтығы

Мерейтой аясындағы рухани шаралардың ішіндегі ең әсерлісінің бірі – «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты республикалық ақындар айтысы болды. Бұл сөз сайысы Торғайдағы «Топжарған» стадионында өтті.
Айтысты ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ашып,

– Міржақыптың 140 жылдығына арналған бұл мерекелік іс-шаралар – мемлекетіміздің Алаш арыстарына берген бағасы, халықтың құрметінің нақты көрінісі. Біз бүгінде Алаш зиялылары аңсаған Тәуелсіздікте өмір сүріп отырмыз. Президентіміздің бастамасымен елімізде әділетті, қуатты, қауіпсіз мемлекет құру жолында нақты реформалар іске асуда. Бұл – кешегі арманның бүгінгі жалғасы, деді.

Сөз сайысында еліміздің әр түкпірінен келген таңдаулы ақындар бақ сынасты:

– Мұхтар Ниязов (Қызылорда) – Бас жүлде иегері;

– Бекарыс Шойбеков (Түркістан) -Бірінші орын иегері;

– Сонымен қатар: Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әсем Ережеқызы (Семей), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар),

Қанат Мырзахан (Алматы), Батырлан Сағынтаев, Тоба Өтепбаев сынды талантты ақындар қатысты.
Айтыс жеңімпаздарына Қостанайда құрастырылған су жаңа автокөліктер табысталды.

Сулейман МҰРАТҰЛЫ, мақала ақпараттық агенттіктер
таратқан мәліметтер негізінде дайындалды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!