Ыбырай Алтынсарин мавзолейіне жасалған рухани-танымдық саяхат

Ыбырай Алтынсарин мавзолейіне жасалған рухани-танымдық саяхат

Туған өлкенің тарихын білу, оның киелі топырағынан шыққан ұлы тұлғаларды танып-білу – жас ұрпақтың парызы ғана емес, рухани дамудың бастауы. Осы мақсатта Қостанай аудандық балалар кітапханасында бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін «Таза бұлақ» атты үйірме өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл үйірмеге Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары белсене қатысып жүр.

Үйірменің басты ерекшелігі – балаларға табиғат аясында, тарихи орындарда, музейлер мен мәдени орталықтарда танымдық сабақтар өткізуі. Осындай ерекше сабақтардың бірі жуырда қазақ ағартушылығының негізін қалаушы – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің мавзолейіне арналған рухани саяхатпен жалғасын тапты.

Мақсат – балаларды ұлт ұстазының өмір жолымен, еңбектерімен және киелі мекен – мавзолеймен жақынырақ таныстыру, тарихи саналарын ояту. Сапар барысында шәкірттер мавзолейдің сәулеттік құрылымымен, тарихи маңызымен танысты. Ақ мәрмәрдан қаланған, биік күмбезді бұл мазар – исламдық сәулет өнері мен қазақы нақыштың үйлесімін бойына сіңірген ерекше рухани кешен.

Балалар ұстаз  Алтынсариннің өмірі мен қызметіне арналған тақтадағы деректермен танысты. Әр өңірде ашылған мектептердің орналасуын, мұралары мен еңбектерінің мазмұнын зерделеді. Олар бұл мавзолейдің тек тарихи ескерткіш емес, рухани-ағартушылық орталық екенін түсініп қайтты.

Сапар барысындағы ерекше сәттердің бірі – үйірме қатысушысы Рамазан Мерейдің Ыбырай атамыздың «Кел, балалар, оқылық!» атты өлеңін жатқа оқуы болды. Басқа оқушылар да мектеп бағдарламасынан білетін ұстаздың әңгімелері мен мысалдарын еске түсіріп, өзара ой бөлісті.

Балалар Ұлт ұстазының отбасылық өмірі, ата-бабаларының жерленген орындары туралы жаңа мағлұматтар алып, бұрын-соңды естімеген тарихи деректермен танысты. Осылайша, бұл саяхат – тек сыртқа шыққан серуен ғана емес, балалардың жүрегіне рухани ұшқын, ұлттық сананы оятқан мазмұнды сабаққа айналды.

Дана Мырзабаева,
Қостанай аудандық балалар
кітапханасының кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!