Әлеуметтік және экономикалық даму: Қостанай облысының жетістіктері
Қостанай облысының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша өткен кеңес отырысы «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытында өтті.
Аталған кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан. Кеңеске қатысушыларға көліктерге арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнында арнайы экскурсия өткізілді. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды. Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды. Зауытта шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі жүзеге асырылады.
Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан ірі индустриялық және агроөнеркәсіптік инвестициялық жобалар жайында айтылған кеңес отырысын өткізу форматы өткен жылдағылардан өзгешелеу болды.Мен үшін жиынның мемлекеттік тілде өткені еліміздегі мемленкеттік тіл саясатының орындалуының көрінісі деп білемін.Жиындардың қазақ тілінде өтуі мемлекеттік қызметкерлер арасында ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге, оның мәртебесін арттыруға және халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған қадам деп білемін.Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарлары барлық қалалар мен аудандар бойынша қорытынды баяндамалар жасады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2024 жылы 48 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілгенін, 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның ішінде 13 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны 40%-ға төмендеді (2023 ж. – 3 964 отбасы, 2024 ж. – 2 379 отбасы).
Тұрғын үй құрылысы саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша 4,7% өсіммен 500 шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда облыста 47 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар үшін 18 млрд теңгеден астам сомаға 940 жалға берілетін пәтер сатып алынды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,7 есе артық.
Өткен жылы облыста 47 әлеуметтік нысан салынды (2 мектеп, 7 балабақша, 25 ФАП және ВА, 2 емхана, 1 балалар орталығы, 10 спорт нысаны).
Жол және коммуналдық инфрақұрылым саласында үлкен жұмыс жүргізілді.
1 300 шақырымнан астам жол, сондай-ақ облыстың 108 елді мекеніндегі 371 көше, 70-тен астам ауылда кіреберіс жол жөнделді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 50 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды. Осылайша сумен жабдықтау 90% дейін өсті.
2024 жылы 760-тан астам көшеге жарық жүргізіліп, 13,5 мың шам орнатылды. Осылайша, елді мекендерді жарықтандыру үлесі 82%-тен 90%-ға жетті.
Осындай экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға арналған бюджет қабылданды. Ол 606,1 млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылдан 6,2%-ға артық.
Өнеркәсіп біздің облысымыз үшін экономиканың дамуын қамтамасыз ететін локомотив болып табылады. 2025 жылы жалпы сомасы 286,2 миллиард теңгені құрайтын 8 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр, сонымен қатар 3,4 мың жұмыс орны құрылады.
Биыл KIA автозаводы іске қосылады.
-KIA сияқты әлемдік брендпен ынтымақтастық шетелдік серіктестердің Қазақстанға деген жоғары сенімін тағы бір рет дәлелдейді. Бұл жобаны іске асыру өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.Сонымен қатар 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады,-деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Тағы бір маңызды жоба – автокомпоненттер өндіретін Локализация орталығының құрылысы.
Оның өнімі негізінен қазақстандық автомобиль зауыттарына, соның ішінде KIA зауытына жеткізіледі. Бұл жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. 20 қаңтарда жабдықтарды жеткізу туралы келісімге қол қойылады, ал осы жылдың жазында құрылыс жұмыстары басталады.
Сондай-ақ, «Құрғақ порт» көлік-логистикалық кешенін салу жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл жоба аясында 700 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Аталған жоба Мемлекет басшысының көлік логистикасын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді және облыс арқылы өтетін контейнерлік тасымал көлемін 5 есеге арттырады.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді және оны қайта өңдеуді ұлғайту міндетін қойды. Осы бағытта биыл 4 ірі жоба іске асырылады.
Жобалар: «Qostanai Grain Industry» ЖШС астықты терең өңдеу зауыты, «AC Agro» ЖШС бұршақ дақылдарын өңдеу зауыты, «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы, сондай-ақ «Canadian Chicken Ltd» ЖШС құс фабрикасы.
Бұл жобаларды іске асырудың жалпы сомасы 163 млрд. теңгеден асады, 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Биыл тағы 6 заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталады.
Барлық ферма сүт өндірісін 43 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарының жұмысы үлесі 80-нен 95% дейін ұлғаяды.
Саланың даму қарқынын арттыру тәсілдерінің бірі – суармалы жерлердің көлемін ұлғайту.
Өткен жылы суармалы егіншілікте 2 ірі жобаны іске асыру басталды. Олардың бірі Б. Майлин ауданында 853 гектар аумақтағы «Green Terra» ЖШС ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесі.
Тағы бір жоба Амангелді ауданында «Сары Адыр KZ» ЖШС 699 гектарда жүзеге асырылуда.
Жаңа жобаларды іске қосу есебінен таяудағы 3 жыл ішінде суармалы жерлердің ауданы 8,4 мың гектардан 16,7 мың гектарға дейін ұлғаяды.
Экономикалық өсім үшін қажетті ресурстардың болуы өте маңызды.
Барлық жоспарланған жобалар газ және электр энергиясымен қамтамасыз етілуі керек.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына магистральдық газ құбырының құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылуда.
Жақын күндері мемлекеттік сараптама нәтижелері алынып, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады.
Бұл саладағы тағы бір маңызды жоба – облыстың солтүстік өңірлерін газдандыру: Ұзынкөл, Сарыкөл және Қарасу аудандары. «QazaqGaz» АҚ-мен бірлесіп, осы жылы Қостанай қаласынан Меңдіқара ауданына дейін ұзындығы 82 шақырым болатын газ құбырын жобалау және құрылысын қаржыландыруды қарастырылды.
Бұл бастамалар облыстың елді мекендерін газдандыруға мүмкіндік береді және бірқатар маңызды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Облысты электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылуда.
Қазіргі уақытта облыста Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында 2 жел электр станциясы жұмыс істейді.
Осы өңірлерде жалпы қуаты 150 МВт болатын тағы 2 жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылдың қазан айында Рудный қаласында қуаты 1 ГВт болатын ірі электр станциясының құрылысы туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба аясында шамамен 165 жел генераторы орнатылады. Сонымен қатар, биыл Б.Майлин ауданында облыстағы алғашқы күн және газ-поршеньді электр станцияларының құрылысы жоспарланып отыр.
Аталған нысандарды іске қосу облыстың электр энергиясын өндіру көлемін 10 есеге арттырады және қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеді.
Құрылыс саласында ағымдағы жылы 500 шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарлануда.
Жұмыс облыстың қалалары мен кейбір аудандарында жүргізіледі. Бүгінгі күні 47 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Қостанай ауданындағы «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарының құрылысын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі күні 13 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл тағы 21 үйдің құрылысын басталады.
Жалпы алғанда, шамамен 60 мыңнан астам адам тұратын 154 көп қабатты үй салынады.
Сонымен қатар, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 1 мың пәтер сатып алу жоспарлануда.
2025 жылы автожол саласының бюджеті 93,4 млрд. теңгені құрайды. 1 300 шақырымнан астам автожол, шамамен 83 кіреберіс, 103 елді мекенде 382 көше жөнделеді.
Биыл Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі стратегиялық республикалық маңызы бар автожолдың жөндеу жұмыстары аяқталады.
Бұл жобаны іске асыру біздің оңтүстік өңірлеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін жақсартады және елдің оңтүстік облыстарынан Астанаға 600 шақырымға дейін, Қостанай мен Петропавлға 450 шақырымға дейін жолды қысқартады.
Сонымен қатар, биыл Сарыкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін, сондай-ақ Ұзынкөл-Троебратное автожолының учаскесі толығымен аяқталады.
Ағымдағы жылы Бестөбе ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі автожол учаскесін жөндеу басталады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Арқалық қаласындағы әуежайдың қызметін қайта бастау үшін жұмыс жүргізілуде. Әуежайды қалпына келтіру қаланың инфрақұрылымын нығайту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін маңызды қадам болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына қарай ауыл халқы 100% сумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Осы тапсырманы орындау шеңберінде биыл 8 млрд теңгеден астам сомаға 39-ға жуық жоба іске асырылады. Осылайша ауылдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
– Сондай-ақ, жыл соңына қарай елді мекендердің көшелерін жарықтандыруды 100% дейін жеткізу қажет.Сондықтан біз жарық тарту жұмыстарын жалғастырамыз, биыл бұл мақсатқа шамамен 1,5 млрд. теңге қарастырылған. 15 мыңға жуық шам орнатылады, 1 мыңнан астам көше жарықтандырылады, – деді Құмар Ақсақалов
Сонымен қатар облыс әкімінің сөзінше биылғы жылы 20-дан астам жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде.
Білім беру саласында 7 жаңа мектеп ашылады: Қостанай қаласының Береке және Аэропорт шағын аудандарында, Әулиекөл ауданының Құшмұрын кентінде, Қостанай ауданының Еңбек ауылында, Жангелдин ауданында, Рудный қаласында (2 мектеп).
Сонымен қатар, Қостанай және Рудный қалаларында 2 балабақша іске қосылады.
Барлық мектептердің пайдалануға берілуі 7,7 мың оқушы орнының тапшылығын қысқартады.
Денсаулық сақтау саласында Тобыл қаласында поликлиника пайдалануға беріледі. Қостанай және Рудный қалаларында 2 жаңа поликлиника салынып жатыр. Бұрынғы резиденцияны балаларға арналған оңалту орталығына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Спорт саласында Амангелді, Әулиекөл, Б.Майлин, Сарыкөл аудандары және Рудный қаласында (2 кешен) 6 спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. Ал Қостанай қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт-сауықтыру кешенін салу биыл басталады. Тобыл қаласында ірі көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы,Қостанай қаласында үстел теннисі орталығының құрылысы басталады.
Сонымен қатар облыс орталығында жаңа заманауи аквапарк салу басталады. Бұл нысан қала тұрғындарының демалыс орталығына айналары сөзсіз.
Триатлон паркінің қайта құру жұмыстары жалғасып, Шағала жағалауын дамыту жобасы жүзеге асырылады.
Орталық саябақтағы аттракциондарды ауыстыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, Теміржол вокзалы мен Ауыл шаруашылық институты маңындағы саябақтар абаттандырылады.
Осындай ауқымды жоспармен бөліскен облыс әкімі мемлекет жыл сайын осы жұмыстарға қаржы бөліп, барлық қажетті жағдайды жасайды. Сондықтан аймақ тұрғындарының барлығына жайлы өмір сүру жағдайын жасау үшін барлық тараптардың бірлескен жұмысы қажет деп атап өтті.
Сулейман МҰРАТҰЛЫ
Добавить комментарий