Тарихи бетбұрысқа ат салысайық
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жасап, Конституциялық өзгерістерге байланысты республикалық референдум өткізілетінін жариялады.
Президент Жарлығы бойынша референдумның өткізілу күні 5 маусым болып белгіленді. Бұл ел тарихындағы үшінші референдум болмақ. Біріншісі, 1995 жылы 29 сәуірде тұңғыш президенттің өкілеттігін ұзартуға байланысты өткізілілгені мәлім. Екіншісі, 1995 жылы 30 тамызда екінші Конституция жобасын халық қалауына ұсыну бойынша дауысқа салуға қатысты өткізілді. Осылайша тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген Қазақстан небәрі төрт жылдан кейін екі мәрте референдум өткізген болатын. Міне, енді араға 27 жыл салып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін тағы бір референдум қарастырылып отыр. Жаңа Конституция біршама өзгерістерді әкеліп, Екінші Республика сипатына көшуге жағдай жасайды.
Ұсынылған өзгерістер Конституцияның 30-дан астам баптарын қамтып және олардың 80-ге тақау тармақтарына, тармақшаларына өзгертулер, толықтырулар мен ауыстырулар әкелінбек. Бұл шамамен Конституцияның үштен бірін қамтиды деген сөз. Сөйтіп, халық қолдаса Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы біз жаңа қоғам қалыптастырамыз. Атап айтсақ, президент функциялары парламентке, орталық биліктен өңірлік билікке беріледі. Президенттің ешқандай үстемі әрі айрықша құзыреті жоқ, классикалық үлгідегі саяси институт болып саналатын түрі орнатылады, саяси жүйенің осы институциональдық негіздерінің нығайтылуы маңызды.
Конституциялық Сот (қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына) құру арқылы Конституцияның бастапқы үлгісіндегідей Конституциялық Соттың үстемдегі орнатылады. Құқық қорғау жүйесі жүйелі түрде дамытылып, конституциялық дәрежеде өлім жазасы жойылады. Ел басқару ісіне халықтың қатысу ісі кеңейтіледі. Конституциялық өзгерістер бойынша аралас сайлау жүйесі арқылы енді партияға мүше емес азаматтар да парламентке сайлана алады.
Мәжіліс депутатарының отызға тарта орнына тікелей халық сайлаған тәуелсіз депутаттар отыратын болады. Осы уақытқа дейін өзекті болып келген талап енді «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі»-деген жолдар арқылы 6 баптың 3 тармағындағы өзгерту түрінде жаңа Конституцияға енгізілетін болады. Қарастырылып отырған референдум еліміздің болашағы мен демократиялық дамуын айқындап бермек. Бұл референдумда Қазақстан болашағын айқындайтын жалпыхалықтық дауыс беру аясында тарихи шешімдер қабылданады. Ел тағдырына бей-жәй қарамайтын әрбір қазақстандық өз таңдауын жасап, осы науқанға ат салысуы керек. Ел болашағына алаңдаулы әрбір белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтар референдумда болып, жаппай дауыс беруге қатысуы керек. Өйткені әрбір қазақстандықтың өз пікірі мен көзқарасын білдіруі – тарихи бетбұрысқа ат салысуы болып есептелмек. Демек ел келешегін жақсартуға көмектесетіні айқын.
Иса ИДРИСОВ,
«Айсары жалпы білім беретін мектебі»КММ
тарих пәнінің мұғалімі
Добавить комментарий