Оюмен ой айтқан шебер
Қазақ халқы қолөнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің бірден-бір жолы шебердің қолынан шыққан бұйымдардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолдаланылуында. Әрбір қазақтың шаңырағының төрінде қасиетті домбыра ілініп тұрса, еденінде көз жауын алар оюлы кілемдер, дастарханы жайылғанда оюлы көрпешелер төселіп, ағаш табақтарға ас салынса – бұл ұлттық болмысымыздың, ұлт қазынасы – қолөнеріміздің көрінісі.
Осындай көріністі Ғалия апамыздың үйінен көргенде, біздің қазақ халқының бай қолөнерінің сырына үңілгендей боласың. Саусағынан бал тамған шебер апамыз қыздың жасауына көп мән беріп келеді.«Жасаусыз қыз болмайды» дегендей, әрбір ата-ана бойжеткенінің көрпе-жастығын жиыстырып, ыдыс-аяғын жинақтап, оны ұзатқанда жасауын бірге жіберетін әдет-ғұрпымыз жалғасын тауып келеді.
«Қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста дамып келе жатқан өнер түрінің бірі, осы – ою-өрнек. Әрбір оюды жақсы сапалы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет» – дейді Ғалия Асаубайқызы.
Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығы мен оны ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою-өрнектің қандай түрі болса да, ол адам ойының жемісі. Сан қырлы ою түрлерінің қыр-сырын білу тарихымызбен ұштасып жатады. 1984-2009 жылдар аралығында Шилі ауылдық кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарған Ғалия апамыз қолөнерге байланысты өдебиетпен көбірек танысып, шеберлігін шыңдай түсті.
«Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара-жігі бадырайып үйлеспей олпы-солпы болса, онда ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін, тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақ ою-өрнегі қошқармүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы – ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқармүйізден бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, аражігі әртүрлі өрнектермен толыға келе үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою атасы қошқармүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе бірігіп, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түсетіні белгілі» – дейді шебер.
Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою-өрнек те өз шеберін тапса жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік шашып тұрары анық. Міне, Ғалия апамызда осындай әдемілікке құштар, көпке жақсылық сыйлап жүрген жан. 2021 жылы 1 қаңтарда 70 жасқа тоғалы отырған апамыз тынымсыз еңбектеніп, өз шаруасын берекелендіріп отырған жан. Оюмен ой түйген шеберге еңбегіңіздің жемісін көріңіз демекпіз!
Отбасыңызға бақ-береке тілейміз!Мерейтойыңыз құтты болсын!
Жұмагүл Ерғосым
Комментариев (3)
Ғалияш тәте, қолыңыз дерт көрмесін! Шебер қолдарыңызбен жасаған керемет дүниелеріңізді халық тұтына берсін! Деніңіз сау болсын! 100 жасаңыз!
Ғалияш тәте, қолыңыз дерт көрмесін! Шебер қолдарыңыздан шыққан керемет дүниелеріңізді халық игілігіне тұтына берсін! 100 жасаңыз!!!
Тате туған күніңізбен.Ауырманыз 100 жасаңыз!