Жаһандағы басты құндылық

Жаһандағы басты құндылық

Әлемде 200-ге жуық елдiң 90% тәуелсiздiгiн нақты атауымен тойласа, қалған 10% «Республика күнi», «Ұлт күнi», «Ұлттық қайта өрлеу күнi», «Ұлттық көтерiлiс күнi», «Тәуелсiздiктi қайта құру күнi» деп мерекелейді.

Жер бетiнде Республика күнiн ең ұзақ тойлап келе жатқан ел – Сан-Марино. 301 жылғы 3 қыркүйектен бері атап өтедi. Ал тәуелсiздiгiн көптен тойлап келе жатқан мемлекет – АҚШ (1776 жылғы 4 шiлдесiнен бері). Азаттығын ең кеш алған ел Словакия 1993 жылдан құрылған күнiн жалпы ұлттық мереке ретінде тойлайды.
Немістер «Германияның бiрлесу күнiн» ұлттық мереке ретiнде тойласа, Ресей Федерациясы бұл айтулы мейрамды 2002 жылдан «Ресей күнi» ретiнде ресми түрде тойлайды. Алайда, бұл мерекелердiң мағынасы бiр десек, үлкен қателiкке ұрынар едiк.
Бүгiнгi таңда тәуелсiздiк пен тәуелдiлiк адамзат таразысының екi басында әлi теңселiп тұр. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Латын Америкасындағы елдер азаттық деп ұран салып жатқанда Африка құрлығы елдерi ұйқысынан ендi көзiн тырнап ашып жатқан-ды. Араға 20 жыл салып, Балқан түбегiндегi бiр елдiң жойылуынан жаһанның саяси картасынан бiрнеше ел ту көтерiп шыға келдi. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары әлем картасы тағы да «жүктi» болып, КСРО-дан бөлiнiп, тәуелсiздiгiн жариялаған 15 елдi бауырына алды.
ХХI ғасырда тәуелсiздiк мәселесi әлемнiң әр шалғайында тағы да өткiр қойыла бастады. Бұған қоғамдық формациялар ауысқан тұста көптен күткен саяси бостандыққа ие болғысы келетiн елдер айрықша алаңдады. Қазiр әлемде тәуелсiздiгiн жариялап, бiрақ халықаралық қауымдастық тарапынан танылмаған 30 шақты ел бар. Олар егемендігiн қорғауға бел шешiп кiрiскен. Сөйтiп, тәуелсiздiк идеясы көптеген ұлттардың аңсаған арманы мен мұратына айналып отыр. Егер ХХ ғасырдың екiншi жартысында ондаған ұлттық мемлекеттер пайда болса, демократия берiк орнады деген Еуропада валлондар, басктар, шотландықтар, фламендер, каталондықтар азаттық үшiн жанын салып күресуде. Тайталасқан күрестен соң Косово дербестiгiн жариялап жiбердi. Азаттығын ресми жариялағанымен, оны орнықтыра алмаған елдер де бар. Мәселен, Каталония қанша бұлқынғанмен, мемлекет ретінде әлі мойындалған жоқ.
Тарихта тәуелсiздiгiн берiк ұстап тұра алмай, кейiн оны орасан зор қырғынмен қайта орнықтырған елдер де бар. Мысалы, 1580 жылы билiк әулетiнiң Испаниямен жақындасуынан Португалия тәуелсiздiгiнен айырылып қалды. Испания королi Филипп II-шi Португалия тәжiнiң иегерi саналып, 88 жыл әулетiмен билiк құрды. Осы жылдар iшiнде португалдар құлдыққа жегіліп, халықтың біраз бөлігі қырылды. 300 мың адам сыртқа кетiп, капиталдың сыртқа ағылуына әсер еткен. Күштеп мәжбүрлеу арқылы басқа дiндi қабылдаған. 1640 жылы португалдар Мадридтiң сарай билiгiне қарсы жалпыхалықтық ереуiлге шықты. Тәуелсiздiк алу жолында испандармен 28 жыл бойы қақтығысты. Тәуелсiздiгiн жариялаған Португалия өз күшiне мiнген соң, айналасындағы әлсiз елдердi жаппай жаулауға кiрiсті.
ХVIII ғасырдың басында Португалия Бразилияны «бауырына басып», отарлау дәуiрiн өткiзді. 1808 жылы Наполеонның Португалияға қарсы басқыншылық соғысының соңы 1815 жылы Бразилияны колониалдық статусынан айырып тынған. 1822 жылы Бразилия тәуелсiздiгiн жариялаған.
Түрiк халқының тәуелсiздiк жолындағы күресi оңай болған емес. Осман мемлекетi бөлшектенiп, айнала анталаған жаудың ортасында бiр уыс болып қалғанда, түрік жұртының тәуелсiздiгi қыл үстiнде тұрды. Мұндай жағдайда жалғыз ғана жол бар едi. Ол – ұлттық билiкке сүйенген, тәуелсiз, жаңа түрiк мемлекетiн құру. Бұл жолда Түрiк Республикасын құрушы Мұстафа Кемал Ататүрiк ештеңеден аянбады. Ататүрiк «Не тәуелсiздiк, не өлiм» атты еңбегiнде былайша ой түзедi: «Негiзгi қағида – түрiк ұлтының абыройлы ұлт ретiнде өмiр сүруi. Бұл қағида тек тәуелсiздiкке қол жеткенде ғана жүзеге асуы мүмкiн. Қаншалықты бай және молшылықта өмiр сүргенмен, тәуелсiздiгi жоқ ұлт өркениеттi әлемде бәрiбiр отар елден артық саналмайды. Ұлт құл болғанша, жоқ болғаны жақсы. Олай болса, не тәуелсiздiк, не өлiм!
Мiне, нағыз азаттықты аңсағандардың ұраны осы. Бiр сәт осы шешiмдердi жүзеге асыруда жеңiлiске ұшырадық дейiк. Не болар едi? Құлдық! Жақсы, сол бiр шешiмдердi мақұлдасақ, осындай нәтиже шықпас па едi? Тәуелсiздiк үшiн өлiмге бел буған ұлт адамзаттық ар-ожданы үшiн барынша жанқиярлық iстер жасағанда ғана жұбаныш табады және оған деген дос-дұшпанның көзқарасы мойнына құлдық қамытын киген бейшара, намыссыз ұлтқа қарағанда басқаша болады. Мiне, айырма осында».
Түрiк бауырларымыз Республика күнiн 1923 жылдан бері тойлап келедi. Камбоджаның тәуелсiздiгi – тәуелдiлiк сезiмiнен таза сана билiгiмен орнады. ХIХ ғасырдың орта шенiнен 1945 жылға дейiн Францияның колониясы болып келген Камбоджа 1953 жылғы 9 қарашадан бері азат ел. Оның өзi Жапонияның Камбоджаны оккупациялауымен бұйырған. Жапонияның жеңiлiсiнен кейiн түбекте француздар екiншi мәрте өз протекторатын орнатып, Камбоджаны одаққа қосып алды. Ұзақ уақыт бойы жүргiзiлген азат ету қозғалысы 1953 жылы 9 қарашада Камбоджаның тәуелсiздiгiн жариялады. 1958 жылы ел астанасы Пномпеньде тәуелсiздiкке арналған ескерткiш орнатылып, барлық мемлекеттiк мәдени iс-шаралар осы жерде өткiзiлетiн болды.
Түркiменстан тәуелсiздiгiн 1991 жылы 27 қазанда жариялаған. Алайда, халық бұл мерекенi 1 ай бойы тойлайды. Мерекелiк iс-шара Ашхабадтағы Тәуелсiздiк монументi мен оның айналасындағы түркiмен халқының тарихында өзiндiк орны бар, ақындар мен ойшылдарға, ел билеушiлерiне соғылған ескерткiштерге тағзым етуден басталады. Әскери шеру өткiзiлiп, Гиннестiң рекордтар кiтабына енген биіктігі 133 метр әлемдегi ең ұзын Мемлекеттiк Тудың жанында мерекелiк от-шашулар өткiзiледi. Тәуелсiздiк мерекесiне орай «Түркiмен аттары» ойын-сауық кешi өтiп, мемлекеттiк наградалар тапсырылады.
Үндiстан тәуелсiздiгiн 1947 жылы 15 тамызда жариялаған. Бұл күнi Дели қаласындағы Қызыл форт қабырғасына 1947 жылы елдiң тұңғыш премьер-министрi Джавахарлал Нерудiң ықпалымен көтерiлген үш түстi Мемлекеттiк Тудың жанына халықтың жиналуымен мерекелiк шаралар басталады. 1947-1949 жылдарда Тәуелсiздiк күнiне орай әскери шерулер өткiзiлiп тұрған.
1950 жылы Үндiстанның Республика болып жариялануына орай, Тәуелсiздiк мерекесi екiншi қатарға ығыстырылған.
Ресей Федерациясында 1992 жылы 12 маусымда РСФСР-дiң мемлекеттiк суверенитетi жөнiндегi Декларациясының қабылдануының бiр жылдығына орай өткізілген шараны «Тәуелсiздiк күнi» мерекесi деп қателесушiлер көп болды. 2002 жылдан бұл мереке «Ресей күнi» деген жаңа атаумен тойланып келедi. Шындығында Ресей тәуелсiздiгiн қайта қалпына келтiру 1480 жылғы 11 желтоқсанда моңғол-татар басқыншылығынан азат етуден басталады.
Көрiп отырғанымыздай, тәуелсiздiк философиясы iшкi мәнiн өзгерткенмен, түпкi аңсарын бұзбай сақтап қалған. Бұл көп елдердiң басты қаруы. Бiз осыған орай, тәуелсiздiк дилеммасы неде деген сауалдың төңiрегiнде ой өрбiтуге тырыстық.
Ермек ЗӘҢГІРОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!