Жайдары жаздың жарқын күндері

Жайдары жаздың жарқын күндері

Биыл Қостанай өңірінде жасөспірімдерге арналған 12 жазғы лагерь жұмыс істеп тұр, оның екеуі – жекенің иелігінде. Былтыр 14 демалыс орны болған. Бұдан бөлек, мектеп жанынан шатырлы лагерьлер құрылған. Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктің мәліметінше, жазғы демалыспен оқушылардың 90 пайызы қамтылады.

20 мың оқушы киелі орындарды аралайды
Облыстық білім басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл Тобыл-Торғай өңірінде 100 мыңға тарта жеткіншек жазғы сауықтыру алаңдары мен лагерьлерде демалады. Оған қаралған жалпы сома – 300 млн теңге шамасында.
Қалалар мен аудандар әкімдіктері халықтың әлеуметтік осал санаттарына жатқызылған 12 мыңнан астам баланы сауықтыру легерьлеріне тегін жіберіп жатыр.
«Демалыс лагерінде күніне 1 балаға 2082 теңге жұмсалады. Бұл мақсатта барлығы 65,8 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды қаржыландыру мәселесі шешіліп келеді. Бес лагерьге жөндеу жұмыстары қажет. Қостанай ауданы, Жанкелдин, Денисов, Әулиекөл аудандары мен Лисаков қаласындағы «Алый парус» балаларды сауықтыру орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен қаражат сұраттық. Облыстың демалыс лагерьлерін жөндеу жұмыстарын орындауға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға аудан және қала әкімдіктерінен 57 млн теңгеден астам қаражат түсті», – деді басқарма басшысы жақында.
Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу бойынша білім басқармасы кешенді жобалар жасаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында туристік-өлкетану жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінбек.
«20 мыңнан астам оқушы өлкетану экспедициялары құрамына алынып, облыстың киелі орындарын аралайды. Сондай-ақ, өңір аумағында 2 мыңнан астам шығармашылық және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Бұған 34 мың оқушы қатысады. Жаз мезгілінде Қостанай облысы жергілікті полиция қызметінің 300 қызметкері балалардың демалыс орындарын қадағалайды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың суицидтік көріністерінің алдын алу мақсатында әрбір өңір психологиялық қолдау орталықтарымен бірлесіп жұмыс жоспарын әзірлеуде. Білім беру органдары бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстайды», – деді Василий Цымбалюк.
Қазіргі таңда Лисаков қаласында «Қыпшақ» өлкетану лагері ұйымдастырылып, оған әртүрлі байқауларда жеңімпаз атанған 50 оқушы аттанды.

Пайдалы демалыс
Қостанай ауданында оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылған? Енді осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Жаз мезгілінде ата-аналарды қызықтыратын сұрақ бұл. Әрине, басқа жақта туған-туыстары тұратындар бұған бас қатырмауы да мүмкін. Десе де, демалыс лагерінің орны бөлек. Ол жерде балаңыз уақытын тиімді пайдалануға дағдыланып, жаңа достар табары анық.
Қостанай ауданы әкімдігінің білім бөлімі хабарлағандай, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын жақсы өткізу үшін биыл да бірталай іс-шаралар жоспарланған. Бірінші кезекте мектеп жанынан құрылған сауықтыру алаңдарын айта кету керек. Ол – тегін. Тек тамағына ғана аздаған төлем керек. Ал, ақылы демалыс орнын қаласаңыз, Алтынсарин ауданына қарасты Бозбек елді мекеніндегі «Болашақ» лагері бар. Жаз бойы 6 лекті қабылдайды. Әр лектің демалыс мерзімі – 10 күн. Онда Қостанай ауданынан 1150 жеткіншек демалады. Жолдама құны – 20 мың теңге. Басқа аудан-қалалардағы балалар үшін – 28 мың теңге.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, асыраушысынан айрылған, сондай-ақ, аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін балалардың демалысын ұйымдастыруға Жалпыға міндетті орта білім беру қорынан 3 млн теңге бөлінген. Бұл сома 150 оқушыны «Болашақ» лагеріне жіберуге жетеді.
Лагерьге бармайтын балалар мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңдарында уақытын көңілді өткізе алады. Аудандағы 47 мектепте 61 алаң жұмыс істей бастады. 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың қамтылуы 100% болады деп жоспарланып отыр. Балалар жаз бойы еңбекке, шығармашылыққа, спорт пен туризмге, танымын кеңейтетін басқа да жұмыстарға тартылады.
Барлық алаңдарда психологиялық жағдай бақылауда ұсталып, құқықтық кеңестер беретін мамандар да іске кіріскен.
Мұның сыртында балалар шығармашылығы үйі жанында көптеген үйірмелер бар. №2 Затобол орта мектебі ішінде робототехника кабинеті жаз бойы жұмыс істеп тұрады. Үйірмелерге барлығы 2,5 мыңға жуық бала қатысады деген болжам бар.
Жалпы, Қостанай облысы бойынша жазғы демалыс уақытында 2 мыңнан артық үйірме, 24 робототехника кабинеті жұмыс істейді.
Екі апта бұрын «Жасыл ел» жасағы жұмысы басталған. Оған Затобол кенті мен Заречный, Мичурин ауылдарынан жүзге тарта жоғары сынып оқушылары жұмылдырылмақ. Жасақ құрамында еңбек еткен әр жеткіншектің айлығы – 57 мың теңге. Бұл шараларға жергілікті бюджеттен 10 млн теңге бөлінген.
Қостанайлық оқушылардың туризммен де айналысуға мүмкіндігі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, киелі орындарды аралауға 1,5 млн теңге қаралып отыр. Саяхат кезінде аудан оқушылары Амангелді, Науырзым аудандарына сапар шегіп, Ы.Алтынсарин мазарына барады. Шамамен үш жүзден астам бала қатысатын «Менің Отаным – Қазақстан» жас туристер мен өлкетанушылар слеті өтеді.
Асыл ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Поделитесь этой новостью!